• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Маусым, 2019

Ханна қазақ тілін зерттеп жүр

997 рет
көрсетілді

Ханна Фостер Американың Техас штатынан қазақ тілінің лингвистикасын зерттеуге келген. Бүгінде ол Техас универ­ситетінде антропология факультетінің аспиранты. Қазақ тіліне деген қызығушылығы осыдан 3 жыл бұрын басталған.

27 жастағы америкалық бой­жеткен алғашында қа­зақ тілін Американың Вис­консин штатында 2 ай оқиды. Қазақ тілі­нің сөздік қоры бай, көркем тіл екенін байқаған ол тереңірек зерт­теуге кіріседі. Сол себеппен Қазақстанға келіп, Ал­маты қа­ла­сындағы Әл-Фараби атын­­дағы ҚазҰУ-да ғылыми жұмы­сын жал­ғас­тырады. 

Ханна Алматыда екі ай бойы қазақ отбасымен тұрады. Бұл оның қазақ тілін жетік мең­геруіне үл­кен көмек болады. Ақ жау­лықты әженің қолында тұр­ғандықтан, қазақ хал­қы­ның тілін ғана емес, мәдениеті мен дәстүрін де жанына жақын тарта бас­тайды. Қазір ол Қазақ елінің төл мерекелері мен ұлт­тық тағамдарын ерекше жақсы көреді. Бізбен әңгіме барысында ет, ба­уырсақ, наурызкөже сынды тағамдарды айрықша ұна­татынын жеткізді. Алай­­да Ханнаға ғылы­ми жұ­мысын тереңірек зерттеу үшін өзге де қалаларда сауал­дамалар жүргізу керек болғандықтан зерттеу жұ­мы­сының қалған бөлігін Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Университетте жалғастырды. Оның айтуынша, қазақ тілі мен мәдениетінің арасында ерекше байланыс бар. Ол қазақ тілін үйрену арқылы қазақтың мәдениетіне де қызыға бастаған. Қазақтың тілі мен мәдениетіне қызы­ғу­шылықпен қарайтын достары да аз емес. Вис­консиндегі қазақ тілі мек­тебінде оқып жүргенінде қазақ тіліне қызығушылық білдіретін көптеген амери­калық ғалыммен танысқан. Ханнаның айтуынша, олар да зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстанға келуге ниетті. Олар қазақ тілінің лингвистикасы, тарихы, мәде­ниеті, халық ауыз әдебиеті, ертегілері және идеологиясы сын­ды тақырыптарда зерттеу жүргізгісі келеді.

Ол әр күн сайын Абай­дың «Көзім­нің қарасы» атты туындысын тың­дайды екен. Әр сөздің мағы­насын түсіну үшін көп ізденеді. Оның айтуынша, қазақ тілі – сөздік қоры бай, күрделі тіл.