• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2019

Қос өзеннің арнасы суға толды

1846 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Ақжайық, Тасқала және Қазталов секілді төрт ауда­нын сумен қамтып, табиғатқа жан бітірген Киров-Шежін арнасының іске қосылған тарихи сәтіне куә болдым.

Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылы маңынан Қараөзен ағып өтеді. Қараөзенге Еділдің суы құйылады. Енді осы суға Киров-Шежін арна­сы арқылы Жайықтың жанды суы қосылды. Қасиетті Қараөзеннің түбі­нен жылап аққан арна толыға түсті.

Мен ширек ғасыр осы ауданда қызмет еттім. Аудан халқы бұл жаңалықты ғасырлап күткенін біле­мін. Сонау ағысқа кедергі түскен кезең­нен бері малға жемшөп дайындау былай тұрсын, ауыз судың өзі үлкен мәселе болатын. Өйткені жерасты су көздері тым тапшы. Құдық қазса, әрі кеткенде 5-10 метр тереңдіктен тұзды су шығатын. Адамдар мал мен жанға суды көлікпен таситын. Енді Жайықтың жанды суы арқылы тіршілікке нәр тарап, өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесі өркендейтін болды. Шаруа қожалықтары мал өсіріп, егін егіп, балық ауламақ. Қараөзен мен Сарыөзеннің суы Жаңақала ауданындағы Қамыс Самарға құяды. Онда 80-ге жуық көл бар.

Бұл жобаның жүзеге асуына облыс әкімі Алтай Көлгінов зор қол­дау көрсетті. Су арнасының іске қосы­луына ұйытқы болып, құрылыс жұ­мыс­­тарының барысын бастан-аяқ қада­ғалады. Ресей Федерациясынан келетін суға тәуелділікті азайту мақса­тында жүзеге асырылған бұл жоба өте күрделі болатын. Десе де барлық қиындық еңсерілді. Арна бойындағы елдімекендердің тоғандарына су тартылуда. Еділ мен Жайық аралығында қатар орналасқан Қараөзен мен Сары­өзен­нің суы арнасынан тасып, балығы тайдай тулайтын күн де жақын деп сенеміз.

Жалпы, бұл қос өзеннің геогра­фия­лық картадағы атауы «Большой узень», «Малый узень» деп көрсетіледі. Яғни ежелгі атауы «Өзен» болыпты. Бұл атау аталған өзендердің алабындағы ежелгі тұрғындар түркілер, түркі тектес халықтардың мекені болғанын дәлелдейді. Өзендердің қара және сары деп сипатталуының өзінде мән бар. Шынында да Қараөзен суының түсі – қаралтым да, Сарыөзендікі – сарғыш. Мұның себебі арна табанының топырағына (сазына) тікелей байланысты. Сондай-ақ Қараөзен суының молдығы, тереңдігі, арнасының кең­ді­гі жөнінен Сарыөзеннен асып түседі. Ертеректе бұл өзендердің жағалауы ну орман болған. Сондықтан Қараөзен алқабын «Жалпақтал» деп атаған. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін бұл маңда қырда құланы, суда балығы, көгорай шалғында өсімдік шөптердің алуан түрлері болған. Асан қайғы бабамыз қос өзен туралы:

«Қос өзеннің арасы жайлы мекен

Суы мол, қамысы таудай екен.

Құлыны тайдай екен,

Тайы айғырдай екен.

Жеті жыл қатарынан жұт болса да

Тұяқты мал қалса,

Көбейіп қатары қайтадан толады екен», депті.

Айтса айтқандай, та­лай қатер­­­­­ге толы 1951-1952-жыл­­дары, 1967-1968-жыл­дары болған жұт­та қыс қа­һар­лы болса да, екі-үш жылда кемі­ген мал басы қайтадан көбейетін еді.

Енді, міне, аталған өзендер суға толып, Ресейден тасымалданатын «өлі» суға сұраныс азаятын болды. «Судың да сұрауы бар» демекші, тұрғындар бар суды үнемдеп кәдесіне жаратса, өңіріміз одан әрі өркендей бермек.

Елбасы тапсырмасымен қолға алынған маңызды жоба – Қазталов-Жәнібек-Сайхын автожол құры­лы­­сының да биыл басталуы Ақ Жайық жұртшылығы үшін үлкен оқиға болып отыр. Мемлекет басшы­сы Қ.Тоқаевтың бұл мәселені өз бақы­ла­уы­на алғанын зор қуанышпен қабыл алдым. Облыс орталығынан шалғай, 600 шақырымда жатқан киелі жер өркениеттің ең басты игіліктерінің біріне айналатынына қуаныштымын.

 

Жайсаң АҚБАЙ,

Орал қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы