• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2019

Бастапқы жарнасыз пәтер алады

1063 рет
көрсетілді

Қазақстан ипотекалық компаниясы мен Денсаулық сақтау ми­нистрлігі, Білім және ғылым министрлігі арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімдерге қол қойылды. Келісім негізінде мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз пәтер берілмек.

Бұл ­бағыттағы қызметті қар­жы­ландыруға шамамен 40 млрд теңге «ҚИК» ИҰ» АҚ мен­шікті қаражаты мен нарық­тық талаптарға сәйкес қарызға алын­ған қаражат жұмсалатын болады. Сондықтан бағдарламаны іске асыру мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ салмайды. Пәтерлер бастапқы жарнасыз, 20 жылға дейін жалға беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданбастан мерзімінен бұрын сатып алуға мүмкіндік бар. Егер кіріс жеткіліксіз болса кепіл­герлерді тартуға болады.

«Парламент Сенатының төр­ағасы Дариға Назарбаеваның ұсы­нысы бойынша Қазақстан Ипотекалық Компаниясы білім беру және денсаулық сақтау сала­сының қызметкерлеріне арналған тұрғын үйді ипоте­ка­лық несиелендіру бойынша бағ­дарлама әзірледі. Компа­ниямыз 2015 жылдан бері сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер салу мен сатып алуды қаржыландырып келеді. Осы кезге дейін біз Қазақстан бойынша 18 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Біздің компанияның тәжі­ри­бесі осы әлеуметтік маңызы бар жобаны нәтижелі іске асы­ру­ға мүмкіндік береді деген сенім­деміз», деді «ҚИК» ИҰ» АҚ бас­қарма төрағасы Әділ Мұх­амед­жанов.

Білім және ғылым министр­лігі­нің жауапты хатшысы Арын Өрсариевтің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда білім саласында қызмет ететін 10 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Бағдарлама бойынша алдағы екі жылда олардың 1500-і тұрғын үймен қамтылмақ.

Ал Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртановтың сөзінше, бүгінде 15 мың медицина қызметкері баспанаға зәру. «Қазақстанда медицина саласында еңбек ететін 400 мыңға тар­та қызметкер бар. Оның 15 мың­нан астамы баспанаға мұқ­таж. Меморандум негізінде 1,5 мың медициналық қыз­­меткер жалға берілетін бас­па­­наны алатын болады. Бұл жұ­мысты әрі қарай жергілікті атқа­­ру­шы органдармен жалғас­ты­­ра­мыз. Менің ойымша, осы шара­­лар арқылы дәрігер мен мейір­­би­келердің әлеуметтік жағ­дайы көтеріледі. Бұл тікелей меди­­ци­­налық қызметтің сапасын көтеруге септігін тигізеді», деді министр.

«Меморандумға қол қойыл­ды. Министрліктер ендігі кезекте бір-екі аптаның ішінде үй кезе­гінде тұрғандардың тізімін беруі тиіс. Мұнан соң біз кезекте тұрған мұғалімдер мен дәрігерлердің төлем қабілетін тексереміз. Керекті құжаттардың барлығы дайын болғанда бағдарламаны бастаймыз», деген «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ атқарушы директоры Мақсат Меңдібаев алдағы 2-3 айда пәтерлердің беріле бастайтынын жеткізді.