Биылғы Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай қойылған бұл сахна туындысына шығармашылық саласындағы бірқатар танымал тұлғалар қатысты. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің осы аттас туындысын жазушы, Өзбекстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Насыр Фазылов тәржімалаған болатын. Ал қойылымның жаңа заманауи редакциясын белгілі публицист Ахмаджон Мелибаев дайындаған. Режиссері – Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Марат Азимов, суретшісі – Өзбекстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Бахтиер Тураев.
Спектакльде Абайдың қым-қуыт қарама-қайшылық пен сан түрлі сынақтарға толы тағдыры баяндалады. Басты рөлді Өзбекстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Якуб Ахмедов пен Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Махмуд Исмаилов асқан шеберлікпен сомдады. Сонымен қатар Өзбекстанға еңбек сіңірген әртістер – Гулчехра Ибрагимбекова, Сайёра Юнусова, Шохида Исмаилова, Мехриддин Рахматов, Абдураим Абдубахобов, Тахир Саидов та өз рөлдерін тамаша орындап шықты. Қойылымда Дильноза Кубаева, Азиза Шарипова, Феруз Бурхонов, Лазиз Орзиев секілді жас таланттар да өнер көрсетті.
Фатима ҚАНАЕВА
Шыршық қаласы