Парламентаризмнің жолы айқын
«Құрметті сенатор» мәртебесін иеленген адам елімізде жалғыз, ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Елбасына ақжарма тілегін де білдірді.
– Сіздің жасампаз қызметіңіз бен қос палаталы кәсіби Парламентті қалыптастырудағы орасан зор еңбегіңізге сенаторлардың терең құрметі деп қабылдаңыз, – деді Д.Назарбаева.Ал Елбасы барлық депутатқа қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.
– Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Біз көптеген қиындықты бірге өткердік. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қолға алған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екенін ерекше атап өтті. – Еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Экономикамыз дамып, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер сол құжаттарды жүзеге асыруға белсене атсалысып келесіздер. Реформалардың табысты болуы сіздердің жұмыстарыңызға байланысты, – деді Елбасы.Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның тұрақтылығын нығайту және дамудың стратегиялық бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын айтты.
– Біздің басты жетістігіміз – елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Әлемдік қоғамдастықтың қабылдаған шешіміме білдірген пікіріне таңғалдым. Біз бүкіл әлемге билік транзитіне қатысты мәселені қалай шешуге болатынын көрсеттік, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды одан әрі дамыту және өркендету ісінде жастардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.Өз кезегінде мұндай тарихи сәттің куәгері болған сенаторлар да Елбасына жылы лебіздерін жеткізді. Мәселен, сенатор Бақытжан Жұмағұлов мұндай рәсім біздің елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғанына тоқталды.
– Шындығына келгенде, еліміздегі жаңа үрдістердің барлығы да бірінші рет жүргізілуде. Мұның бәрі барлығымызды тебірентеді және санамызды жаңғыртады. Елбасымыз әрі егемен мемлекетіміздің негізін салушы ретінде Сіз өз билігіңізді саналы түрде тапсырып бердіңіз. Әлемдік сарапшылар мен мемлекет басшылары Сіздің бұл шешіміңізді өзіңіз ядролық қарудан бас тартқан ерлікпен пара-пар санайды. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың пікірінше, жаңа биікке көтерілді. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз және талас тудырмайды. Оны әлем мойындады және Қазақстанға дүние жүзі құрметпен қарайды, – деді Б.Жұмағұлов.
Ал Ольга Перепечина «Құрметті сенатор» атағы Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұлғаға лайықты екендігін атап өтті.
– Ел президенті бола отырып, Сіз еліміз бен оның азаматтарының тағдыры үшін зор жауапкершілік алдыңыз. Сіз түбегейлі идеяларды, ауқымды және іргелі реформаларды дүниеге әкелдіңіз, қоғам мен мемлекеттегі күрделі әрі аса маңызды үдерістерге төрағалық еттіңіз. Сіздің «Қазақстан жолы» брендіңіз халық тарапынан қолдау тапты, – деді О.Перепечина.
Бұдан соң сөз алған сенатор Мұрат Бақтиярұлы:
– Қазақтың қасиетті қара өлеңінде өмір тәжірибесінен тұжырымдалған: «Бақыт деген еңбегіңнің жануы, Атақ деген ел-жұртыңның тануы. Өлмеу деген артыңда із қалуы» дейтін шумақ бар. Осы жолдар, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің өмір жолыңызға негізделген ақиқат екені анық. Сіз шынында бақытты адамсыз. Қиындыққа қайыспай, уақытпен санаспай, «елім» деп емірене еңбек етіп келесіз. Еңбегіңіз жанды. Қалыптасқан жүйе күйреп, бодандықтан бостандыққа ұмтылған еліңізді тәуелсіз дамыған ежелгі елдердің қатарына қостыңыз. Атақ-даңқыңыз алысқа кетті. Осы жолда халқыңыз Сізді таныды, Сіз халқыңызды әлемге таныттыңыз. Қазір тәуелсіз Қазақстанды алыс-жақын шетелдің бәрі біледі. Қызыға да қызғана қарайды. Осының бәрі – Сіздің білікті басшылығыңызбен атқарылған игілікті істердің нәтижесі, әлемнің озық елдерінің қатарына тезірек жетуді мұрат тұтқан жаңашыл бастамаларыңыздың жемісі, – дей келе сөзін: «Құрметті сенатор» мәртебесін беру тек Жоғарғы палата үшін ғана емес, жалпы биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент үшін үлкен абырой, мәртебе деп түсінеміз. Мұны тәуелсіз Қазақстанды, мәңгілік Ұлы дала елін құру жолындағы орасан зор еңбегіңіздің кішкентай ғана өтеуі деп білеміз. Бұл мәртебе барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді», деп түйіндеді.
Жалпы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудағы, сондай-ақ отандық парламентаризмді орнықтырудағы және дамытудағы сіңірген тарихи еңбегін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға қосқан аса зор үлесін мойындай отырып, Парламент Сенаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған еді.
Сөз орайы келгенде айта кетсек, Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева енді Елбасының Сенатқа келіп, бюро, комитет және палата отырыстарына қатысып, аса маңызды мәселелер бойынша көзқарасымен, көреген парасатты ой-пікірлерімен бөлісе алатынын атап өтті.
– Бұл мүмкіншілік сенаторлар үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар зор жауапкершілік жүктейді, – деді Сенат Төрағасы. Елбасы да отырыс барысында билік басына келгеніне биыл 30 жыл толатынын айтып, осы уақыт аралығындағы жетістіктерді еске алды. Сондай-ақ ширек ғасырдан астам уақыт жанында үзеңгілес серік болған сенаторлармен қалай танысқанын және олардың міндеттерін қалай орындағанын да естелік ретінде айтып берді.
Мінсіз есеп өсудің белгісі емес
Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібінде бір мәселе – Үкімет және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.
Сенаторлар алдында осы мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов 2018 жылы экономиканың негізгі салаларында оң өсу қарқыны сақталғанын, оған экономиканы әртараптандыру, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіп саласын дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және ішкі тұтыну белсенділігін біртіндеп қалпына келтіру себеп болғанын атап өтті.
– Салықтар 2017 жылмен салыстырғанда 17,5 пайызға өсіп, 846 млрд теңге көлемінде бюджетке қосымша жиналды. Шығыстар 99,8 пайызға орындалып, 9,6 трлн теңгеге атқарылды. Республикалық бюджеттің әлеуметтік шығыстарының үлесі 44 пайыз болып қалыптасты. Бюджет тапшылығы 729 млрд теңгені құрады. Ол жоспардан 17,5 пайызға төмен және ішкі жалпы өнімге шаққанда 1,2 пайыз, – деді Б.Шолпанқұлов.
Өз кезегінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова 2018 жылдың бюджеті белгіленген параметрлер шегінде орындалғанын атап өтті. Оған жеткілікті қолайлы макроэкономикалық жағдай да, Үкіметтің атқарған жұмысы да ықпал еткен. Алайда Есеп комитеті мемлекеттік ресурстарды пайдалануда тиімділікті арттыру үшін елеулі резервтердің бар екеніне назар аударып отыр.
– Бұл резервтердің мақсаты не? Кіріс бөлігінде бұл – көлеңкелі айналымды қысқарту және салықтық әкімшілендірулерді ретке келтіру. Біздің ойымызша, фискалдық саясатты жалған кәсіпорындар мен заңсыз бизнеске қатысты талапты қатаңдатуға қарай ауыстыру қажет. Жылдың соңында бюджеттің атқарылуы мәселесін адал кәсіпкерлердің аванстық төлемдері есебінен шешпеу қажет. Керісінше, олар мемлекет тарапынан қолдауды сезінулері тиіс, – деді Н.Годунова.
Сын түзелмей, мін түзелмес
Жалпы отырыс барысында Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дәурен Әділбеков қосымша баяндама жасап, заң жобаларын жоспарлаудың сапалы жүргізілмегенін, құқықтық мониторингке және заң жобаларын дайындауға салғырттық стратегиялық жоспарлау көрсеткіштеріне сапалы қол жеткізу мүмкіндіктері мен бюджет қаражатын игерудің тиімділігіне кері әсерін тигізіп отырғанын атап өтті. Д.Әділбеков сондай-ақ мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы құжатын әзірлеу қажеттігін айтты.
– Бүгінде мемлекеттік органдар тиісті әдістемелерді әзірлеуге мүдделі емес, іс жүзінде олардың жоқтығы қол жеткен нәтижелерді ескере отырып қаражатты пайдалану тиімділігін талдауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мемлекеттік шығыстардың нәтижесі мен тиімділігіне қарай бюджет жүйесін қайта бағдарлау міндеті орындалған жоқ, – деді Сенат депутаты.
Ал Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы айрықша назарда екенін айта келіп: «Осы бағыттағы бағдарламаларды іске асыруға республикалық бюджеттен жыл сайын айтарлықтай қаражат бөлінеді. Сол қаржыны тиімді пайдалануда үнемі кемшіліктерге жол берілуде. Соның салдарынан азаматтарды әлеуметтік қолдау және ел экономикасының дамуына қатысты индикаторлар бойынша әлі де қажетті жоғары межелерге қол жеткізілмей келеді», деді.
Сенатор Н.Бекназаров бюджет қаражатын нәтижелі игеруге бағытталған жүйелі және кешенді жоспарлау жұмыстарының қажетті деңгейде жүргізілмейтінін, әзірленген және сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамалардың 32 пайызы ғана жүзеге асырылғанын, қалғандарының үш жылғы кезеңде іске аспай, ескіріп немесе қосымша қаражат бөле отырып, жаңа сараптама жүргізуді қажет етіп отырғанын сынға алды.
Өз кезегінде сенатор Ерболат Мұқаев экономиканың шикізатқа тәуелділігі алаңдататынын жеткізді:
– Отандық тауар өндірушілер өнімдерінің бір бөлігі Кеден одағының кейбір елдерінің шеңберінде бәсекелестікке төтеп бере алмай, нәтижесінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы қатысушы елдермен теріс сауда сальдосы өсіп отыр. Сонымен қатар еліміздің банк секторындағы ахуал да көңілімізден шықпай отыр. Жекелеген екінші деңгейдегі банктердің кірісінің төмендеуі 2018 жылғы корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдердің қысқаруына әкеліп соқты. Оның үстіне қаржы секторының төмендеуі аясында банк секторындағы активтердің ішкі жалпы өнімге қатысының азаюы экономиканы қаржыландыруға, әсіресе несиені ұзақ мерзімге жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуге жағдай тудырмады, – деді Е.Мұқаев.
Талдау жұмыстары ақсап тұр
Сенат депутаттарының өткір сын-ескертпелері мен ұсыныстарын қорытындылай келіп, Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Төраға бюджеттің экономиканың шикізат секторына тәуелділігі күшейе түскеніне, экономиканы әртараптандыру мәселелерінің баяу шешілуіне, экономиканың жаңа өсу көздері мен бюджеттің кіріс бөлігін іздестіруге баса назар аударды.
– 2018 жылы салық түсімдері жоспарының аванс төлемдер есебінен орындалғанын және есепті мерзім соңында қосымша құн салығының уақтылы өтелмеуін тағы да көріп отырмыз. Бұл кәсіпорындарды ең соңғы қаржысынан айырып, бар таяныш-тірегін жояды, бюджеттің кіріс бөлігінің нақты көрінісін бұрмалайды. Үкімет жыл сайын бұл мәселені шеше алмай келеді, – деді Д. Назарбаева.
Мемлекеттік сатып алуға байланысты мәселелер де шешуді талап етеді. Өнімдерді жосықсыз жеткізушілер жөніндегі сот процестерінің саны ұлғая түсіп отыр. Сонымен қатар конкурста жеңілген адамдар мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша дау туғызып, құқық қорғау органдарына шағымдар жібереді, бұл бюджеттік бағдарламаларды іске асыру процесінің созылып кетуіне соқтырады.
Сенат басшысы Үкімет мемлекеттік сатып алу аясында «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып жергілікті кәсіпкерлердің ірі жобаларды іске асыруға көбірек қатысуына көмек көрсету керектігін айта келіп, бұл жергілікті бюджеттерге аударымдардың өсуіне әкеледі деп санайды.
Д.Назарбаева бюджеттік бағдарламалар басшыларының бюджеттік өтінімді жасауда түпкілікті нәтижелерге дұрыс әрі негізді қол жеткізу үшін және қаражатты тиімді пайдалануды қамтамасыз етудегі дербес жауапкершілігін күшейту мәселесін көтерді.
– Ақша бөлінген, ал жобаны іске асыруға толық кірісу үшін министрлік құжаттарды бір жыл бойы келіседі. Мұндай дағдыға төзуге болмайды. Менің ойымша, бұл мемлекет ақшасын төгіп-шашу, мемлекеттік жобаларға теріс көзқарас қалыптасып отырғанын көрсетеді. Мұнымен келісуге болмайды, шешім қабылдау рәсімдерін өзгерту керек. Бюджет заңнамасын бұзу деректері анықталған кезде бюджет бағдарламаларының басшылары қызметінен босатылған жағдайда да жауапты болуға тиіс. Және жаза кері қайтарылмауы керек, – деді Сенат басшысы.
Д.Назарбаева сондай-ақ Парламент пен Есеп комитеті ұсыныстарының 80 пайызы жыл сайын бір құжаттан екіншісіне көшіп жүретініне, атқарушы орындар тарапынан түйткілді мәселелерді түбегейлі шешуге ынта аз екеніне көңіл аударды. Оған қоса, мемлекеттік органдардың сараптамалық, құқықтық, қаржылық және экономикалық салаларды күшейтуі қажет екенін атап өтті.
– Біздің елде талдау, сараптау жұмыстары ақсап тұр. Біз бюджет шығыстарынан талдау, сараптауға қомақты қаражат бөлінгенін көріп отырғанымызбен, олардың нәтижелілігінен, тіпті өткізілгендігінен де бейхабармыз. Егер біз сараптау жұмыстарына бірнеше миллиард теңге жұмсасақ, олардың нәтижесі мемлекеттік қазынаның кіріс бөлігіне пайда түсіргеніне, мәселен, 100 млрд теңге пайда әкелгеніне көз жеткізуіміз керек. Сонда ғана шығыстар ақталған болып есептеледі, – деді Сенат Төрағасы.