Мәселен, былтыр Damu Research маркетинг және әлеуметтік зерттеу агенттігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тапсырысымен еліміздің парфюмерия және косметика нарығына талдау жасаған екен. Осы мәліметке сәйкес, тек 2017 жылы аталмыш нарықтың ауқымы 222,1 миллиард теңге қаражатты құраған. Қазақстандықтардың 80 пайызы қалтасына қарай, бағасы мен сапасының деңгейі әртүрлі косметикалық бұйымдарды сатып алады.
Алайда, өкінішке қарай, косметикалық бұйымдарға деген сұраныс артып келе жатқанына қарамастан, әлі де бұл нарықта отандық компаниялар саусақпен санарлық. Аяқтарынан тұрып, бизнестерін дөңгелетіп әкетуге әлмисақтан келе жатқан, жарнамасы жолға қойылған танымал брендтер әл бермейді.
Дегенмен, бұл жерде атап өтетін тағы бір үлкен мәселе бар. Шетелдерден әкелініп жатқан косметикалық бұйымдардың сапасы, тасымалдану барысындағы температураның сақталуы, құрамы мен тағысын-тағыларға кім жауап береді? Күмәнді жағдайлар жеткілікті. Қара базарларды жаулап алған Қытай мен Корея косметикаларының көпшілігі контрафактылық тауарлар екеніне де көзді жұмып қарауға болмайды.
Осы орайда табиғи косметология тамыршысындай, табиғи сұлулықты дәріптеп, отандық косметология саласында жиырма жылдан бері үздіксіз ізденіп, тәжірибе байытқан белгілі косметолог Гүлшаш Әубәкірқызының жаңа тәуекелі құптауға да, қолдауға да тұрарлық.
Сонымен Алматыда көптен күткен Қазақстанда шығарылған «AG cosmetics» өнімдерінің тұсауы кесілді. Химиялық құрамы оңтүстігімізде жасалған отандық бет күтіміне арналған өнімдердің тұсаукесер рәсіміне косметолог Гүлшаш Әубәкірқызының тұрақты клиенттері – танымал өнер адамдары, бизнестегі қыз-келіншектер мен белгілі журналистер қатысты. Отандық косметиканың тұсауы кесілді деп айтуға оңай болғанымен, оның жұмысы жеңіл емес.
Қарап отырсақ, аймақтарда соңғы жылдары отандық косметикалық өнімдер шығарып жүрген кәсіпкерлер бар. Алайда олардың барлығы дерлік үлкен сұранысқа ие болып, нарықты қамтамасыз етіп отыр деп айту қиын. Бірақ нарықты жаулап кете алмай отырған бұл қазақстандық өнімдердің сапасы жақсы екендігін мойындау керек. Өйткені сақтау мерзімі шектеулі, құрамы бақылауға алынған, аз, шақтаулы мөлшерде шығарылады. Әйтпесе, «Туған жердің топырағы да ем» деген сөз қайдан шығады.
– Қазақстанда сапасы жоғары отандық косметика өнімдерін дайындауды өте көп жылдар бойы армандап келдім. Біз көбінесе шетелдік қымбат косметика өнімдерін тұтынамыз. Оның сапасына, құрамында не бар екеніне ешкім кепілдік бермейді. Кейде қымбат брендтердің өзі де күткеніміздей болмайды. Өйткені біз оның дардай атына ақша төлейміз. Ал арзанқол косметика бұйымдарының құрамында тиімді әсер беретін компоненттері түгел емес. Оның үстіне қазір елімізге көрші елдерден ағылып келіп жатқан импорттық косметика өнімдерінде есеп жоқ. Оның көпшілігі қай уақытта өндірілгені, тіпті елімізге қалай жеткізілгені, қалай сақталғаны белгісіз. Көп жағдайда шетелдік бетті ағартатын кремдердің құрамында қорғасын болады. Ол бетті ағартқанымен, зиянын да жоққа шығармау керек. Тізе берсең, сапасыз косметикалардың әсерінен керісінше тері ауруларына душар болып қалатын жағдайлар жиі кездеседі, – дейді Гүлшаш.
– Отандық сапалы косметика шығару жолында өте ұзақ іздендім және оған үлкен дайындықпен келдім деп ойлаймын. Бұл косметиканың құрамы мен әсері жөнінде шымкенттік ғалымдар өте көп уақыт лабораториялық сынақтар жүргізіп, нәтижелерін зерттеген. Теріге әсері тиімді екендігіне көз жеткізілген. Ең бастысы, косметика құрамындағы антиоксиданттар мен гиалурон сияқты теріні жасартатын, нәрлендіретін табиғи заттардың бар болуына әрі сапалы болуына бақылау жүргізіледі. Мәселен, қазір нарықта жарнамасы жүріп тұрған косметикалар жеткілікті. Бірақ олардың құтысындағы жазуларында бар коллаген, гиалурон қышқылы және түрлі дәрумендер жоқтың қасындай деуге болады. Өйткені мұндай сапалы ингредиенттердің ешқайсысы да арзан тұрмайды. Оның өндіру технологиясы да күрделі.
– Міне, кәсіби деңгейдегі бет, тері күтіміне арналған өз тауарларымыз қолымызға тиген күнге де жеттік. Бастапқыда 12 түрлі косметикалық өнімді шығарсақ, кәсіби деңгейдегі бір ғана желімен шығатын өнімдеріміздің түрлері 15-тен асты. Сұлулық іштен, ішкі ағзалардың тазалығынан басталады. Қазір қолтықтың, аяқтың иісін кетіретін емдік косметикаларды шығаруды қолға алдық. Ең бастысы, біздің косметикамыздың құрамында не жазылған, ішінде де сол болады. Сондықтан да ішінде анық қандай қоспасы бар екеніне көзіміз жететін, өзіміз сапасын бақылайтын қазақстандық бет күтіміне арналған кремдерді шығаруды көксеп келдім. Әрине отандық өнімдер шығарудың да өз машақаты мен қиындықтары бар. Дегенмен менің косметология саласындағы 20 жылдық тәжірибем арманыма жетуге жол ашып берді, – дейді Гүлшаш Әубәкірқызы.
Сонымен қатар биыл Гүлшаш республикамыздың алыс аймақтарына өзінің «Gulshash» франшизасын берді. Бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау қалаларында «Gulshash» сән салонының бөлімшелері бар.
– Біздің қыз-келіншектердің бәрі әдемі. Тек күнделікті күйбең тіршілікпен бет күтіміне мән бере бермейді. Бет деген күтімді ерекше қажет етеді. Өйткені қысқы аязда да, күннің аптап ыстығында да, жел мен шаң-тозаңнан да бетіңізді көлегейлеп жүре алмайсыз. Сондықтан бетке арнайы уақыт бөліп, оған күтім жасап отыру керек. Бет – адамның айнасы іспетті. Ішкі жан дүниеңіз, көңіл күйіңіз, тіпті тәніңіздің саулығының өзін бетіңізге қарап білуге болады екен. Өз елімізде отандық өнім шығару туралы көптеген жылдар бойы армандаған едім. Бұл жолда ұзақ іздендім. Менің күткен нәтижем де бірден бола қойған жоқ. Соған қарамастан, ұзақ жылғы ізденіс табысты болып, өзімнің арманыма айналған косметикалық өнімдерге қол жеткізіп отырмын, – деген Гүлшаш қыз-келіншектердің бетін ағартатын импорттық өнімдердің көпшілігінің құрамында ағзаға аса зиянды қорғасынның болатынын айтады.
Қазір қыз-келіншектер сұлу көріну үшін пышаққа түсіп, ботекс сияқты әдістермен бетінің жанын кетіріп, қабағын кескізіп, бәріне барады. Тіпті сапасыз пластикалық операциялардан өліп кететіндер бар. Міне, осының бәрі ақша табудың кесірінен болып жатыр. Қаншама әйел өзінің табиғи түрінен айырылып, айнаға қарауға жүрегі дауаламайтын жағдайлар орын алуда.
«Бетке әжім түсірмеу де қыз-келіншектер үшін мәңгілік мәселе болып қала береді. Біз қазір қабақты көтеру, салбыраған ұртты кетіру, көз айналасындағы әжімдерді нүктелерге әсер ете отырып жазу әдісін қолданып жүрміз. Көбіне емдік шөптер, балдың түрлерін пайдаланамыз.
Кәсібімді сүйгенім болар. Әйтпесе осы жиырма жылда біздің Алматыда небір керемет сұлулық салондары ашылды. Долларлап ақша тастайтын қымбат косметологтар бар. Бірақ қазақтың біртуар талантты қыздары мен танымал адамдары – менің тұрақты клиенттерім. Мұның бәрі менің өз қызметіме деген адалдығым деп ойлаймын», – дейді «AG cosmetics» өнімдерінің иесі Гүлшаш.
Айтқандай отандық өнімдердің тұсауын екі бірдей халық әртісі, екі елдің Розасы кесті. Осылайша отандық шараға Бішкектен арнайы келген Гүлшаштың байырғы досы Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова мен Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева бастаған танымал тұлғалар ортақтасты.
Осы салтанатты оқиғаға арнайы келген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева: «Бір-бірімізді қолдамасақ, отандық өнімдерімізді тұтынбасақ, кім бізді қолдайды?! Гүлшаштың отандық өндіріс ашып жатқаны үлкен еңбек. Бұл кез келгеннің қолынан келмейді. Мен осындай бауырларымыздың еңбегіне, жетістігіне қуанамын. Біз тек қана ет пен ұн өндіріп қоймай, өзімізге қажет тауарлардың бәрін шығаруымыз керек. Әрқайсымыз өз өнімдеріміздің тұтынушысы болуға тиіспіз. Сонда еліміз дамиды. Мені шетелдің қымбат косметикаларын пайдаланады деп ойлайтын боларсыздар, ол қате пікір. Үстімдегі киімдердің барлығы Қазақстанда тігілген. Жазғы демалысымды Алакөлде өткіземін. Енді міне, елімізде жасалып жатқан косметиканы қолдануға дайынмын. Германия машина шығарады, немістер міндетті түрде бірінші кезекте өз көліктерін мінеді. Сол сияқты біз де өз өндірушілерімізді қолдап, елімізде өндірілген бұйымдарды тұтынайық», – деп тілектестігін білдірді.
Гүлшаш замандасымыз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Адамның денсаулығы мен келбетіне қатысты кәсіппен айналысатындар бірінші кезекке сапаны қою керек. Қауіпсіз болуына жауапты болуы тиіс. Қазір көбі косметология саласын жылдам байитын бизнес деп ойлайды. Мүлде олай емес. Адалдыққа құрылған кәсіп қана мұралы болады», деп сөзін түйіп, бизнес жолында осы қағидадан айнымайтындығын жеткізді.