• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Маусым, 2019

Баласын бағу үшін қызметтен кетті

1190 рет
көрсетілді

Бірнеше тілді қатар меңгер­ген, бұған дейін лауазымды қызметтер атқарып келген Алматы қаласы әкімінің орын­басары Әсел Жүнісова өз еркімен шаһар басшысы орынбасарлығынан бас тартты.
Әсел Жүнісова Бауыржан Байбек мегаполиске әкім болып келгеннен кейін қызметке тағайындалып, экономика, бюд­жетті жоспарлау және қаржы мәселелерімен айналысты.

«Өкінішке қарай, баламды бағу үшін мен жұмыстан кетемін. Менің балам аутизм дертімен туылған. Ендігі мін­де­тім баламды бағып, күту. Осы жыл­дарда көп жұмыс атқарылды, үлкен рахмет!» дейді Әсел Жүнісова.

Өз кезегінде  Бауыржан Байбек Әсел Жүнісова өзінің кеңесшісі бо­лып қала беретіндігін мәлімдеп отыр. 

«Әсел Абылайқызы 3,5 жылдай әкімнің орынбасары болып жұмыс істеді. Он шақты жыл мемлекеттік қызметтерде жүрді. «Құрмет» орденінің иегері. Бір­неше тілде еркін сөйлейді. Мен оның шешімін құрметтеймін. Бір ауық дамылдап, өз отбасына көңіл бөлуге деген қадамын құптаймын. Бірақ ол менің ке­ңес­шім болып қала береді. Керек кезінде Жүнісованың қыз­метіне жүгінетін боламыз», дейді Алматы қаласының әкімі. 

Әсел Жүнісова мегаполис басшысының орынбасарлығы қызметіне келгенге дейін Nur Otan партиясы Орталық аппаратын басқарды. Оған дейін әр жылдары Қазақстан Пре­зиденті Әкімшілігінің страте­гиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орын­басары және Қазақстан Пре­зиденті Әкімшілігінің страте­гия­лық әзірлемелер және талдау ор­талығының меңгерушісі болды.

Әсел Абылайқызына әріп­тестері баласының сауығып, жауапты да табысты қызметтерге қайта оралуына тілектестігін білдіріп отыр.