• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 07 Маусым, 2019

Дауыс беруге дайын

1039 рет
көрсетілді

Еліміздегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мәресіне жақындап қалды. Өңір-өңірде президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдары өз бағдарламаларын халыққа хал-қадерінше жан-жақты жеткізді. Қажетті мәліметтерге барынша қаныққан сайлаушылар межелі күні өз таңдауларын жасауға сақадай-сай отыр.

«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық қоғамдық штабы ашық есік күнін өткізді. Іс-шара барысында үміткер сенім білдірілген адамдарымен бірге ресейлік журналис­тер делегациясын қабылдады.

Тұңғыш әйел кандидатқа Ресейден келген жетекші масс-медианың жиырма шақты журналисі тілектестік білдірді. Бри­фингте журналистер түрлі сұрақ­тарын қойып, Д.Еспаеваның сайлауал­ды бағдарламасына, жеңіске жеткен жағ­дайдағы алдағы жоспарларына қызы­ғу­шылық танытты. БАҚ өкілдері әйел затының президенттікке сайлануы тек Қазақ­стан ғана емес, Орталық Азия ел­дері үшін қоғамды демократиялан­дыру мен әйелдер рөлінің нығаюы жо­лын­дағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Менің сайлауға қатысуым – мен үшін жауапты қадам. Әйел адамның елді басқаруы Қазақстан халқына ерекше көрінуі мүмкін. Сайлаушылар менің сайлауалды науқаныма айтарлықтай назар аударды. Мен мұны жақсылыққа балаймын. Бүгінгі таңда еліміздегі халықтың 52 пайызы – әйелдер, осы нәзік жандылардан қолдау күтемін. Дегенмен, мені қолдап жүргендердің қатарында тек әйелдер қауымы емес, жастар да бар. Әрбір аймақта сайлаушылар сайлауалды бағдарламаммен танысқан соң, мені қолдайтындарын айтып жатты», дейді Д.Еспаева.

Бұл күні жеке азаматтардың өтіні­ші бойынша қабылдау да өтті. Штаб офисіне бас сұққан қауымның сұрақ­тарына үміткер Д.Еспаева, партия төрағасы А.Перуашев және парламенттік фракцияның депутаттары жауап берді. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын­дары банк несиесі, баспананы жекеше­лен­діру, жер қатынастары бойынша мәсе­лелер көтерді. Әрбір өтініш «Ақ жол» партиясының депутаттарының бақы­лауына алынды.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы атынан прези­денттікке кандидат ретінде тіркелген Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасы Қостанайда талқыланды. Өңір тұрғындарының басын қосқан жиында кандидаттың сенім білдірілген адамдары бірқатар мәселені ортаға салды. Айталық, еліміздегі жоғары оқу орындары жыл сайын мыңдаған ауыл ша­руашылығы маманын дайындап шы­ғарады. Бірақ олардың елді мекендерге барып, еңбек етіп жатқандары шамалы. Сондықтан жастарды ауылға тартатын мықты ынталандыру тетіктері керек.

«Ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын еліміздегі ең ірі 3 уни­вер­ситеттің өзі жыл сайын 8 мыңға жуық студенттің қолына диплом береді. Оның сыртында салалық институттар мен колледждер қаншама. Егер осы мамандардың бәрі ауылдарда еңбек етсе, біз әлдеқашан аграрлық державаға айналар едік. Бірақ өкінішке қарай, олар қалада қалып, басқа салаларда еңбек етуге мәжбүр», дейді Т.Рақымбеков.

Т.Рақымбековтің осы және басқа да бастамалары Қостанайда кеңі­нен сөз болды. Оның шопан, диқан­дар­дың еңбекақысын көтеру, лайықты зейнет­ақымен қамтамасыз ету сияқты ұста­ным­дарына да көпшілік қолдау көрсетті. Сондай-ақ президенттіктен үміткер ұлт­тық дәстүрді дәріптеп, отбасы­лық негізді нықтап қалыптастыруға шақырды.

Үгіт-насихат науқанының аяқ­талуына аз қалды. Ал Т.Рақым­беков­тің ай­мақтардағы қоғамдық штабтары қар­қындарын бір сәтке де бәсең­дет­пей, неғұрлым барлық өңірдің тұр­ғын­дарын қамтуға барын салуда. Осындай форматтағы жиындар, ерікті­лерден құралған топтардың акция­лары кан­дидаттың сайлауалды бағдарлама­сын­дағы бағыттарды ел арасында кеңі­нен таратуға септігін тигізіп жатыр.

* * *

Кәсіподақтар федерациясынан прези­денттікке кандидат Амангелді Таспихов­тың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғам­дық штабы өкілдері үгіт-наси­хат шараларын жалғастырып, түрлі еңбек ұжымдарымен кездесуде. Мем­лекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіп­одағының Түркістан облыстық және Шым­кент қалалық филиалының төр­айымы Күлдар Есебаева аталған қалада Мем­лекеттік арxив кызметкерлерімен кездесті. Үміткердің сенім білдірілген адамы сайлауалды бағдарламаны жан-жақты таныстырды. Әсіресе А.Тас­пи­хов­­тың барлық жұмыскердің еңбека­қы­сын көтеру, жоғары білімді тегін алу, еңбек қауіпсіздігін жақсарту мақсатын­дағы жұмыс жоспарларын сараптап берді. Оның еңбеккер құқы мен мүддесін қор­ғаудағы ұстанымдарына жеке-жеке тоқ­талып, еңбек қауіпсіздігі, еңбек миг­рациясы мәселелеріне қатысты ой-пікірлері сөз болды.

К.Есебаева кандидатты барлық қы­ры­нан таныстырып болған соң сайлау­шылар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Сөйтіп кезекті сайлаудың ерек­шелігін ескере отырып, межелі күні өз таңдауларын жасауға шақырды.

Сонымен қатар оңтүстіктіктер үгіт-наси­хат жұмыстарының аясында кон­церт, дебат, спорттық шаралар ұйымдас­тыру­ға мұрындық болуда. Сондай бастам­а­лар­дың бірі «Келешек» жастар кеңесі мүшелерінің қатысуы­мен Ордабасы ауданы Амангелді ауылын­да орналасқан «Санаторий Қайнар» мекемесінде болды. Еңбек ұжымымен, емделушілермен кездесуде белсенділер алда келе жатқан сайлаудың маңыздылығын, ерекшелігін түсіндіріп, дауыс беруден қалыс қалмауға шақырды. Бұл санаториялық курортта 5 бірдей емдік корпусы жұмыс істейді. Емдеу мекемесінің айырмашылығы сол, мұнда дәрігерлер ыстық сумен, термалды сумен асқазан дертінен, сондай-ақ көптеген басқа барлық ауру түрін емдейді. Жергілікті халықты айтпағанда, еліміздің өзге де аймақтарынан демалушылар келіп, ем-дом алады.

* * *

Қазақстан Коммунистік халық пар­тия­сы атынан сайлауға түсіп жат­қан Жамбыл Ахметбековтің сенім білдіріл­ген адамдары Нұр-Сұлтан қаласының сай­лауалды штабы «ҚКХП саламатты өмір салтын қолдайды» флешмобын ұйымдастырды. Жастар сарайының жанына партия белсенділері мен бір топ жас жиналды.

Қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрдәулет Оразханов қатысу­шы­лар алдында еліміздегі ең ірі сая­си науқан кезіндегі азаматтар мен мем­лекеттің ортақ жауапкершілігі туралы сөз сөйледі. Ол президенттіктен үміт­кер Ж.Ахметбековтің өңірлердегі жұ­мыс сапарлары мен сайлаушылармен кездесулері жөнінде хабардар етті. Оның айтуынша, қатардағы азаматтар партияның жұмысына, оның идеялары мен ұстанымдарына қызығушылық танытып жатыр. «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы әрқашанда қарапайым халық мүддесін қорғауға басымдық береді. Халық коммунистері – интерна­цио­нализмнің, еуразияшылдық идеяның және XXI ғасырдағы ұлттың ерекше жолының жақтаушысы», деді елордалық штабтың жетекшісі.

Бұдан кейін партия нышандары бейнеленген киім киген жастар кеңес жылдарындағы әуенмен жаттығулар жасады. Жиналғандар «ҚКХП-ға дауыс бер!», «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп ұрандады.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласын­дағы насихатшылар тобы белсенді жұ­мыс істеп, өз кандидаттарының негіз­гі ұстанымдарын халыққа барынша жет­кізуде. Олар кезіккен жұртқа үгіт па­рақ­­­­шаларын және партия журналдарын таратып, әңгімелесіп, сайлауалды бағ­дар­ламаның басым бағыттары туралы мәлімет берді. Қала тұрғындары да түсіністік танытып, коммунистердің бастамасын жылы қабылдап жатыр. Мұндай іс-шаралар әлі де қарқынды жүргізіле бермек.

* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапарын Семейдегі бірқатар кәсіпорында өткіз­ген кездесулермен аяқтады. Қала халқы және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кез­десуде ең алдымен Қ.Тоқаевтың сай­­лауал­ды бағдарламасында сабақтас­тық қағидасына басымдық берілгені айтылды. Өйткені қазіргі таңда Қазақ­стан халқының бірлігі мен өзара келісімін сақтау үшін Елбасы жолын жалғас­тыру­дың маңызы зор. Бұған қоса, бағдар­ла­мада айрықша аталған тағы бір өзекті мәселе – білім беру саласы. Бұл жөнінде құжатта білім мен ғылымға жұмсалатын жалпы шығынды жыл сайын өсіріп отыру, ұстаздар мен тәрбиешілердің мәртебесін көтеру сияқты бағыттар қамтылған.

Сонымен қатар штаб мүшелері Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінде жергілікті жоғары оқу орындарының ұстаздарымен және студенттерімен кез­десті. Басқосуда бағдарламада көр­се­тілген жоғары оқу орындары мен кол­ледждерге мемлекеттік білім беру тап­сырысын ұлғайту, оқытудың жаңа тәсіл­дерін енгізу сияқты нақты шаралар сөз болды. Штаб мүшесі, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің ректоры Ерлан Сыдықов канди­даттың білімді ұлт қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын жеткізді. «Қ.То­қаев өзінің бағдарламасында білім беру саласына қолдау көрсетіп, бұл жүйені қаржыландыруды арттыру мә­селесін көтерді. Осылайша біздің канди­дат білім беру саласын одан әрі жетіл­діріп, бұл бағыттағы Елбасы салған сара жолды жалғастырады», деді Е.Сыдықов.

Сонымен қатар делегация цемент зауытының және отандық автомобиль өндірісінде озық тұрған «СемАЗ» ЖШС-нің еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұл іс-шарада штаб мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағ­да­р­лама туралы жан-жақты айтып, семей­ліктерді дұрыс таңдау жасауға шақырды.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосановтың Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық қоғамдық штабы экологиялық іс-шара ұйымдастырды. Насихатшылар тобы Есіл өзенінің жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналаны бірге көркейтуге шақырды. Көпшіліктің бір­лігін жарастырған ортақ іске орта­лық штаб өкілдерімен қоса, ерікті жастар да атсалысты. Осы бастама аясын­да кандидаттың сайлауалды бағдар­ла­масының негізгі бағыттары түсін­дірілді. Соның ішінде саяси бостан­дық, ұлттық болмыс, жемқорлық тақырып­тары кеңінен қозғалды. «Біз бұған дейін де базарлар мен аулалар секілді халық көп жүретін орындарда түрлі шаралар ұйымдастырып, канди­дат­тың ұстанымдарын барынша ұғы­нықты жеткізуге күш салдық. Бүгінгі экология­лық акция сөз жүзінде ғана емес, іспен дәлелдейтін жұмыстың кішігірім көрінісі. Мұнда жиналғандар қолын шаруадан үзбей, құлақтары үндеуге түрік жүр. Сайлауалды науқанның соңғы сағатына дейін бағыт-бағдарымызды халыққа айқындап, барынша дұрыс жеткізуге тырысамыз», деді еріктілердің бірі Батырбек Қошқарбаев.

Бұған қоса, өңірлердегі қоғамдық штабтар да қызу жұмыс істеп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Белсенділер жергілікті тұрғындарға кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген бағыттарды жан-жақты насихаттап, үгіт материалдарын да кеңінен таратып жатыр. Бұл ретте қоғамдық штабтар әлеу­меттік желілердің әлеуетін де тиімді пай­даланып, еліміздегі ең ірі саяси оқи­ғаның маңызын да арттыруда.

Сондай-ақ «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан пре­зиденттікке кандидат ретінде ұсынылған Әмір­жан Қосановтың өңірлердегі сай­лауал­ды қоғамдық штабтары белсен­ді­лік танытып, сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын байқау­шыларға семинарлар өткізіп жатыр.

* * *

«Ұлы дала қырандары» республи­калық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел Маңғыстау об­лысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Ақтау қаласынан бастады. Қала тұрғындарының алдында кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасы туралы кеңінен әңгімеледі. «Еліміздің батыс аймағындағы іссапарымды мұнайшылар қаласы Атырауда бастасам, бүгін киелі жер Маңғыстаудың ор­талығы Ақтауда жалғастырдым. Еліміздің теңізге шығар қақпасы сана­­латын қаланың тұрғындарына ризашы­лы­ғымды білдіремін. «Ұлы дала қыран­дары» қоғамдық бірлестігі республика бойынша ұлттық құндылықтарды насихаттап келе жатқан ұйым екендігін жеткізгім келеді. Маңғыстау өңірінің еліміздің экономикасы, демографиясы мен туризміне қосып отырған үлесі зор. Менің сайлауалды бағдарламамда да халқымыздың әл-ауқатын көтеруге, демографиясына зор көңіл бөлуге, жас ұрпақтарды отансүйгіштікке тәр­биелеуге байланысты кезек күттірмей ше­шетін міндеттер атап көрсетілген. Эконо­микаға ғана емес, идеологияға да басты назар аударғанымыз дұрыс. Бұл екеуіне де құстың қос қанаты сияқты бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Сондықтан біздің ұстанымымыз «Ұлағатты ұрпақ – ұлттық ұстаным» деп айқындалып, бағдарламама төрт құндылықты өзек етіп алдық. Тіл, діл, жер мен ар-намыстан биік ештеңе жоқ», деді С.Түгел.

Сонымен қатар кездесу барысында Асқар Бақытжанов, Жансая Ынты­маққызы есімді жастар кандидаттың сайлауалды бағдарламасында айтылған негізгі бағыттар жайлы өз пікірлерін жеткізді. Маңғыстау жеріндегі жиындардан кейін С.Түгел сайлауалды штабының өкілдерімен бірге киелі мекендегі Шопан атаның басына соғып, Пір Бекеттің мәңгілікке дамыл тапқан Оғланды шатқалына барды. Екі әулиенің мекеніне айналған Маңғыстау даласының бір қиырындағы қасиетті орынға зиярат етіп, арнайы дұға бағыштады.