Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:25
Қазақстанның ерлер құрамасы тағы да отандастарын қуантты.Жексенбі күні Диас Досқараев басқаратын құрама командамыз Австрия теннисшілерін үш күнгі нәтижені санағанда 3:1 есебімен ұтып, Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алды.
Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:25
Қазақстанның ерлер құрамасы тағы да отандастарын қуантты.Жексенбі күні Диас Досқараев басқаратын құрама командамыз Австрия теннисшілерін үш күнгі нәтижені санағанда 3:1 есебімен ұтып, Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алды.
Бұл сында біздің жігіттер қарсыластарына ешқандай мүмкіндік бермеді. Бірінші күні Андрей Голубев пен Евгений Королев австриялық Андреас Хайдер-Маурер мен Юрген Мельцерді ұтса, үшінші күні Голубев бір өзі кездесудің соңғы нүктесін қойды.Осы кездесуде Мельцер алғашқы сеттің үш геймін өз пайдасына шешсе де (4:6), одан кейінгі сеттерде Голубевтен айласын асыра алмады. Ал, қазақстандық теннисші болса, екінші сеттен бастап күш-жігерін жанып, тордың арғы жағындағы қарсыласын біраз жүгіртті. Ол Юрген Мельцерден екінші сетте 6:3, үшіншісінде 6:4, ал соңғы сетте 6:2 есебімен басым түсті.Осыдан кейін Австрия құрамасы бесінші ойыннан бас тартты. Енді команда капитаны Диас Досқараев басқаратын Қазақстан құрамасы ширек финалда Чехиямен кездеседі. Бұл командамен біз 2011 жылы кездескенбіз. Сол кезде Дэвис кубогының 1/8 финалында чехтарды өз жерінде ұтып, ширек финалда Аргентина командасымен күш сынасқан болатынбыз. Бұл жолы чехтар сол жылы кеткен есені қайтаруға тырысатыны сөзсіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Олар сырт алаңда Швейцарияны 3:1 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алып отыр.Чехиямен кездесу 5-7 сәуір күндері өтеді. Әзірше оның өтетін орны белгісіз. Бізге салсаңыз, ширек финалдық матчтың Астанада өткені жақсы. Өйткені, өз елімізде өтсе, теннисшілеріміз жанкүйерлердің қолдауына ие болып, қарсыластарына есе жібермеуге барынша тырысып бағатыны сөзсіз. Сол кезге қарай еліміздің бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин де құрамаға қайта қосылатын болады.Біздің құрамадан басқа, ширек финалда Испанияны 3:2 есебімен жеңген Канада Хорватияны дәл осындай есеппен ұтқан Италиямен, Франция Аргентинамен және Сербия АҚШ немесе Бразилия командасының біреуімен кездеседі. Франция мен Аргентина Израиль мен Германияны бірдей 5:0 есебімен ұтты.Дастан КЕНЖАЛИН,«Егемен Қазақстан».