• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Маусым, 2019

Қазалы ауданындағы көп балалы аналар үйлі болды

944 рет
көрсетілді

Қазалы ауданында тұрмысы төмен, көп балалы бес отбасы үйлі болды. Бұл тұрғын үйлер «Жанқожа батыр» атындағы мешіттің жамағаттары құрған «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қоры арқылы салынған. «Көп түкірсе көл» дейді халық даналығы.

Жамағат көтерген үндеуге облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, әркім шама-шарқынша ақша аударған. Жиналған 10 млн. теңгеге Әйтеке би кентінен бес отбасыға тұрғын үй салынған. Қаржыдан бөлек жекелеген азаматтар құрылыс материалдарын жеткізіп берген екен.

Аудандық әкімдік тарапынан электр жүйесі, ауыз су, газ және кәріз жүйелерін жүргізуге көмек берілген.

Осынау қуанышты бөлісуге келген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сауапты іске мұрындық болған «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының бастауындағы азаматтарға көпшілік атынан рахметін айтты.

– Біз ертеден-ақ көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасаған, жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз. Қазір де ата-баба дәстүрінен айнымай, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, ауданда жыл басынан бері тұрмыстық жағдайы төмен 2300-ге жуық отбасыға 6 млн 873,2 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, жанашыр жандардың қолдауымен бірқатар отбасыларға азық-түлік пен киім-кешектер алып берілді, – деді ол.

Ал, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Ұласқан да қайырымдылық шарасына қатысып, көптің батасын алған азаматтарға ризашылығын білдірді.

Қайрымдылық халқымыздың бойына біткен асыл қасиет. Кей жерлерде барлық жұмысты Үкіметтің мойнына артып қойып, кетпеннің сабынан қарауыл қарайтындар жетіп артылады. Ауыздыға сөз, аттылыға тізгін бермейтін ондайлар бар кінәні мемлекеттен іздеп, жұртты дүрліктіріп жүреді. Үкіметтің осы бағытта қолға алған бағдарламаларын көзге ілгісі келмейді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Өз мемлекетің, өз Отаныңның шамасы жетпей жатқан жүгінің бір жағын теңдеу, қолынан келгенше көмектесу әр қазақстандықтың азаматтық борышы. Қазалылық азаматтардың Рамазан айынан кейінгі сауапты тірегі өзге де өңірлерге үлгі болса екен деп тіледік.

Көп балалы үй-еліміздің келешегі, демографиялық ахуалымызды жақсартуға тікелей үлес қосып отырған отандастарымыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Күні ертең осы отбасылардан қанаттанып ұшқан тастүлектер ауылдастары көрсеткен қамқорлықты еш ұмытпайтыны анық. Өздері де қайырымдылық қанына сіңген азаматтар болып өседі.

Сондықтан, оларға салынып жатқан инвестиция Қазақстан келешегінің кемелдігіне жұмыс істейді деп сеніммен айтуға болады.