Бейсенбі, 14 ақпан 2013 6:51
Конгреске жолдауын жариялады
АҚШ президенті Барак Обама Конгреске жыл сайынғы жолдауымен шықты. Жолдау тақырыбы «Елдің жағдайы туралы» деп аталады. Бұл АҚШ президентінің қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы жолдауы болып отыр.
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 6:51
Конгреске жолдауын жариялады
АҚШ президенті Барак Обама Конгреске жыл сайынғы жолдауымен шықты. Жолдау тақырыбы «Елдің жағдайы туралы» деп аталады. Бұл АҚШ президентінің қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы жолдауы болып отыр.
Жолдаудың басты тақырыптары экономиканы дамыту мен жұмыс орындарын құруға негізделген. Атап айтқанда, президент әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру қажеттігін атап көрсеткен. Мысалы, ол елдегі ең төменгі жалақы сағатына 9 долларды құрауы керектігін көлденең тартты. Бұған елдің шамасы жететінін атап өтті. Б.Обама сондай-ақ, Конгреске атыс қаруына бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныспен шықты.
Аборигендер байырғы тұрғындар
Австралия парламентінің төменгі палатасы аборигендерді елдің байырғы тұрғындары деп тану туралы заң жобасын қабылдады. Құжатта аборигендердің Австралия тарихындағы ғажайып та ерекше орны мойындалады.
Заң жобасы аборигендерді елдің байырғы тұрғындары деп тану туралы конституцияға түзету енгізу үшін референдум өткізу жолындағы маңызды қадам болып отыр. Кейбір бағалаулар бойынша, Австралияға ағылшындар аяқ басқан 1788 жылдары материкте 1 миллион шамасында аборигендер тұрыпты. 1921 жылы олар 60 мыңға дейін азайған. Қазір ел халқының саны 22 миллион адамды құраса, аборигендер шамамен 500 мыңдай делініп отыр. Олар 1967 жылдан бері сайлауға қатысу құқына ие.
Көлеңкелі экономикасы – ІЖӨ-нің 46%-ы
Ресейдің көлеңкелі экономикасы 1994-2011 жылдары ел ІЖӨ-сінің 46%-ын құраған. Бұл туралы АҚШ-тың зерттеу институтының баяндамасында айтылады. Зерттеушілер аталған кезеңде Ресейден 211,5 миллиард доллар заңсыз шығарылғанын көлденең тартады.
Экономикаға заңсыз құйылған ақша 552,9 миллиард доллар болыпты. Бұл қаржылар бірінші кезекте есеп-фактураларды ұсынған кезде деректердің бұрмалану жолымен түсіпті. Ал елден шығарылған 211,5 миллиард доллар ешқандай құжаттарда көрсетілмеген ақша екен. Олардың негізін паралар, салықтан жасырылған табыстар, адамдар, есірткі және қару-жарақ саудасынан түскен ақша құрайды.
Папа отставкасының себебі неде?
Немістің 2013 жылғы Karicartoon күнтізбесінде Рим Папасы Бенедикт ХVI-ның 11 ақпандағы отставкасы туралы алдын ала болжау жасалыпты. Күнтізбеде салынған карикатурада Рим Папасы теледидардың алдында отырған көрінеді.
Суретте Рим Папасының толтырылған лотерея билетін теледидардан көрсетілген сандармен салыстырып отырғаны бейнеленіпті. Ұтқанын түсінген кезде әлемнің бас католигі былай дейді: «О, Жаратқан! Ертең-ақ отставкаға кетемін!». Бенедикт ХVI 11 ақпанда шын мәнінде Киелі Тақтан бас тартып, өзінің отставкаға кететінін жария етті. Карикатураның авторы суретші Катарина Греве екен. Ол суретті 2011 жылы салыпты. Мұны шынында да көріпкелдік демеске лажың жоқ.
Ширек ғасырдағы ең ірі корабль
Ресей әскери-теңіз флотының басшылығы жаңа эсминецтің сызбасын бекітті. Ол соңғы 24 жылда елде жобаланған аса ірі корабль болып табылады. Эсминецтің жобасын жасаған «Северное» деп аталатын Санкт-Петербургтің конструкторлық бюросы.
Енді конструкторлар өздерінің жобаларын қорғап шығулары тиіс. Содан кейін 2-3 жыл бедерінде оның техникалық құжаттамасын дайындап, корабльдің сыртқы түрі мен орнатылатын қару-жарағын айқындау міндеті тұр. Алдын ала болжам бойынша жаңа эсминец атом күшімен жүретін болады. Оның су сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрамақ.
5 мың жылдық храм табылды
Перулік археологтар ежелгі Эль Параисо тұрағы аумағында көлемі шағын храмның үстінен түсті. Аталған тұрақ ел астанасы – Лимаға жақын орналасқан. Храм осыдан 5 мың жыл бұрын салынған деген болжам жасалып отыр.
Ғибадатхананың көлемі 6,8 де 8 метр. Қабырғалары сары балшықпен сыланған тастан қаланған. Ғалымдардың сөздеріне қарағанда, қабырғаларының биіктігі 2,5 метрге жеткен. Бірақ бүгінде төменгі 70 сантиметр бөлігі ғана сақталған. Есігі тар. Одан бір ғана адам өте алған. Шатырсыз храмның ортасында рәсімдік ошақ орнатылыпты. Одан шыққан түтін аспанға көтеріліп, құлшылық етушілердің құдаймен үндесуіне мүмкіндік берген деп саналады.
Қысқа қайырып айтқанда:
Ресей бюджеті 2013 жылды тапшылықтан бастады. Алдын ала бағамдау бойынша, бюджет тапшылығы 81,25 миллиард рубльге немесе ІЖӨ-нің 1,8 пайызына тең.
Михаил Прохоровтың «Азаматтық платформа» партиясы мигранттарды бейімдеуден өткізу үшін кампустар құруды ұсынды. Осылайша, гастарбайтерлерді резервацияда ұстаудың ұтымдылығы көлденең тартылып отыр.
Украинаның Киев облысына қарасты Обухов қалалық кеңесінің депутаты Дмитрий Сенниченкоға Ресейге кіруге рұқсат берілмеді. Ол Мәскеуге жолдасын көру үшін келген кезде «Домодедово» әуежайында ұсталыпты.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.