Соған орай, даңқты спортшымызға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауларын жолдап, ақ тілектерін жеткізді.
Елбасы хатында боксшының жоғары дәрежедегі ерік-жігері мен талмас рухын танытқанын айта келіп: «Өзіңді ұдайы шыңдауың және алға ұмтылысың саған көптеген спорт шыңдарын бағындыруға мүмкіндік берді, ол қазақстандық спортшылардың жаңа буыны үшін үлгіге айналды», деп атап өткен. Елбасының құттықтауын баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің Твиттердегі парақшасында жариялады.
Ал Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында: «Еліміздің мақтанышы Геннадий Головкин кезекті сенімді жеңісімен қазақстандықтарды қуантып, тағы да өзінің жігерлі рухы мен шеберлігін көрсетті! Жарайсың, Гена! Қазақстандықтар қашанда сені мақтан етеді! Жеңіс құтты болсын!» деп жазды.
Әлемдік бокс мамандары мен жанкүйерлері бұл жекпе-жекті тағатсыздана күткені анық. Өйткені бұл кездесу Головкин үшін тағдыршешті айқас еді. Отандасымыз былтыр қыркүйек айында мексикалық Сауль Альварестен жеңілгеннен кейін бірқатар бокс мамандары Головкиннің дәуірі аяқталып, бұдан кейінгі қарсыластарына шамасы келмейді деген сыңайдағы пікірлерін айтып жатқан-ды. Бапкер ауыстырғанда да Головкиннің тарапына біраз сыни пікір айтылды. Ал бұл айқас сол айтылған пікірлерге, отандасымызға сенімсіздік білдірген бокс жанкүйерлеріне беретін нақты жауап болатын. Бокс кешіне келген жанкүйерлердің көбі осы сұраққа жауап алу үшін келген-ді. Сондай-ақ осыдан бір апта бұрын өткен аса ауыр салмақтағы британиялық Энтони Джошуа мен мексикалық Энди Руис арасындағы жекпе-жектің сценарийі қайталана ма екен деген ой бүкіл жанкүйерді Madison Square Garden аренасына жетелегені де белгілі. Ол кездесу де дәл осы спорт кешенінде өткен болатын. Тіпті канадалық Стив Роллс Головкинге қарсы жекпе-жек алдында ырымға балап, Руистің киім ауыстыратын бөлмесін де таңдап алғанын БАҚ беттерінен оқып, көзіміз шалып қалды.
Жекпе-жекке тоқталар болсақ, бірінші раундта екі боксшы да аңдысумен, бірін-бірі бақылаумен жүрді. Головкин аса салқынқандылықпен қимылдап, аяқта және қорғаныста әбжіл қимылдайтынын аңғартты. Екінші раундта Головкин аздап шегініп, жекпе-жек тізгінін Роллсқа беруді жөн санады. Өз кезегінде канадалық боксшы бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануға тырысып, Головкинге соққы дарытуға ұмтылды. Бірақ Головкин канадалық боксшының өзіне ешқандай қауқар көрсете алмайтынын аңғарып, үшінші раундтан бастап қарсыласын соққының астына алды. Тіпті Головкиннің дәл соққылары Роллсты есеңгіретіп жібере жаздады. Соған қарамастан, канадалық боксшы төпелеген соққыдан сытылып шығып шабуылдауға тырысты. Ал төртінші раундта Головкиннің сериялы соққылары Роллсты нокаутқа түсіріп тынды. Бастан және жақтан тиген ауыр соққыдан кейін канадалық боксшы орнынан көтеріле алған жоқ. Бұл Головкиннің карьерасындағы 39-ы жеңісі.
Головкиннің бұл жекпе-жектегі ресми гонорары 2 миллион доллар. Бірақ жарнама, телетрансляциядан түсетін табысын қоса есептегенде шамамен 15 миллион доллар шамасында қаржы табады. Ал қарсыласы Стив Роллс 300 мың доллар қаржыға кенелді. Бұл сома оның карьерасындағы ең көп гонорар.
Сондай-ақ бұл бокс кешінде Геннадийден бөлек, тағы екі отандасымыз жұдырықтасты. Екінші орта салмақта жұдырықтасатын Әли Ахмедов жергілікті боксшы Маркус МакДэниэлмен WBC International белдігі үшін сынға түсіп, жерлесіміз үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ал тағы бір жерлесіміз Бақтияр Эюбов америкалық боксшы Брайан Себальоден ұпай саны бойынша жеңіліп қады.
Головкиннің бұл жеңісінен кейін көп жанкүйердің көкейінде «күз мезгілінде Головкин- Канело арасындағы жекпе-жектің трилогиясы бола ма?» деген сұрақ сайрап тұрғаны анық. Геннадийдің өзі де бұл айқасқа қарсы емес екенін жеткізді.
Ресейлік бокс сарапшысы Григори Стангриттің сөзінше, орта салмақ алыптарының кездесуі биыл болмайды. «Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек өтетініне сенімдімін. Бірақ күзде өтеді дегенге сенбеймін. Өйткені қазіргі таңда екі боксшы да DAZN телесеріктестігімен келісімшартқа отырған соң, аталған телеарнаның мақсаты екі боксшының үшінші жекпе-жегінен қыруар қаржы табу болатын. Сондықтан кездесу уақытын созған сайын жанкүйердің қызығушылығы артып, көп қаржыға кенеледі», дейді Стангрит. Ал Головкиннің өзі биыл жыл соңына дейін үш жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.