• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 10 Маусым, 2019

Штаб мүшелері мен партия жақтастарына алғыс айтты

494 рет
көрсетілді

Exit-pool қоры­тын­дысына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау­шылардың 70,13 па­йыз даусын жинады. Халық­тың сайлауға келу көрсеткіші 77,4 пайызды құрап, 9 миллионнан астам қазақстандық өз таңдауын жасады, деп хабарлады Nur Otannyń баспасөз қызметі.

Алдын ала мәліметтер жариялан­ғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім білдірген барша отандастарына алғысын білдірді.

– Сайлауалды науқан өрке­ниетті әрі жүйелі түрде жүргізілді. Шын мәнінде бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі болды. Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол үгіт-насихат кезеңіне қа­тыс­қан республикалық қоғам­дық штабтың мүшелеріне, барлық бел­сенді азаматтарға және партия жақтастарына атқарған жұмыс­тары үшін алғысын білдіріп, электоралды науқанның ауқымы мен технологиялық мүмкіндігін атап өтті.

– Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де жағдайдың өзгергенін көріп отырсыздар. Әлемдік қауым­дастықтың бір бөлшегі болған­дықтан Қазақстанға жаһан­дық оқиғалардың да ықпалы бо­ла­ры сөзсіз. Сондықтан біз еліміз­дің жарқын болашағы үшін жұды­рық­тай жұмылуымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.

Жиналғандарға арнаған сөзінде Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қуатты, көп ұлтты мемлекет құрды. Біздің ендігі мін­детіміз – қолдағы барымызды қадірлеп, жетіс­тік­терімізді сақтап, өрлеу мен жасам­паздық жолында болашаққа батыл қадам басу, – деді Қ.Тоқаев.

Респуб­ликалық қоғамдық штаб­тың жетекшісі, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта партияның Ел­басы жолын әрі қарай жалғастырып, сай­лауал­ды бағдарламаны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

– Бүгін қазақстандықтардың басым бөлігі біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығына және бірлік пен тұрақтылыққа қолдау білдірді, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар іс-шарада республи­калық штабтың мүшелері, аймақтық штабтар мен «Team Qazaqstan» жастар қанатының өкілдері сөз сөйледі. Олар exit-pool-дың нәтижесіне бірауыздан қолдау білдіріп, Қазақстан халқын өткен Президент сайлауымен құттықтады.

Сайлауалды науқан кезінде еліміз бойынша кандидаттың 228 штабы жұмыс істеді. Мобильді үгіт-насихат тобының құрамында болған 20 мыңнан астам сенімді өкіл «Есіктен есікке» акциясы аясында сайлаушылармен кездесті. Еліміз бойынша кандидаттың 228 қоғамдық қабылдауы тұрақты жұмыс істеп, 21 мыңнан астам азаматты қабылдады.