Ерекше атап өтер бір үлгіні бөле-жара айтуды жөн көрдік. Білім ордасының кіре берісінде «Үздік оқырманға сыйлық» деген жазу қойылған үш велосипед тұрды. Міне, осы үш велосипед иелері анықталған сәт ерекше есте қалды. Олар оқуға тиіс жүз кітапты еңсергендер екен. Алды 30 кітапты оқыпты. Үш жүлдегер қатарында сегізінші сынып оқушысы – Мөлдір Құрбанбай, бесінші сынып оқушысы – Сымбат Мұратжанқызы, төртінші сынып оқушысы – Аяла Сайлау болды. Құндылыққа ден қойғандар өздері таңдаған шығармаларды оқып қана қоймай, мазмұнын сыныптастарына, ұстаздарына, ата-аналарына айтып беруді дағдыға айналдырыпты.
– Мен бұрын телефон мен теледидардан көз алмайтын едім. Мектебімізде кітап оқуға құлшыныс басталғаннан бері одан тыйылдым десе де болғандай. Мұхтар Әуезовтің, Бейімбет Майлиннің, Бердібек Соқпақбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, өзге де авторлардың туындыларын оқыдым. Соның нәтижесінде ой-өрісім өсіп, жүйелі сөйлеуге, сауатты жазуға, ізет-инабаттың қандай болатынын біле бастағандаймын. Әсіресе, үлкенді, ата-ананы сыйлаудың ұлттық үлгісін танып-білгенім анық. Біз қазір отбасымыз бойынша кітап оқуды дәстүрге айналдырдық. Бұрын кітап дүкені дегенді біле қоймайтын едім. Енді жиі барамын. Әттең, қазақ кітаптарының бағасы өте қымбат, арзандатуға болмай ма екен? Тағы бір айтарым, балаларға арналған қазақ кітаптары аз кездеседі. Есесіне Мәскеуден шыққан орысша кітаптар өте көп, – дейді жеңімпаз оқушының бірі Сымбат.
Ал мектеп директоры Құралай Байтәжікованың айтуынша, заманауи техникалық құралдарды меңгеруге еш қарсылық жоқ, бірақ ұлттық, әлемдік рухани құндылықтардың жөні бөлек. Біз құндылықтың басы кітап деп шештік. Осыны әр ата-ана қолдаса дейміз. Ең бастысы, ұл-қызымыздың денсаулығы қымбат екені анық. Әртүрлі заманауи құралдар оқушының көзіне, құлағына, ойлау жүйесіне кері әсер ете бастағанын ғалымдар дәлелдеп отыр. Оны пайдаланып, бүгін тыныш отырған баланың ертең жүйкесі сыр берсе, әлгі тыныштық бұзылмай қоймайды. Тіпті азабы мен тозабын ата-аналар көруі мүмкін. Оның кейбір кері әсерлерін көріп те, естіп те жүрміз. Басты мақсатымыз – бірінші сыныптан кітап оқуға баулу. Әр сыныптан кітап бұрышын ашып қойдық, кітапхана жабдықтадық. Дәліздерге де кітап қою дәстүрін қалыптастырып келеміз. Әр аптаның сәрсенбі, сенбі күндерін кітап оқу күні деп белгіледік. Оған бәріміз қатысамыз. Бұл бастама орнықты деуге болады. Биыл 2000 оқушының ішінен ондаған оқушы үздік деп танылса, үш үміткер жүлдегер атанып отыр. Велосипедтің оқушы денсаулығына пайдалы екенін де ескердік. Бұл бастамамыз жалғаса береді. Оның түрлі жолдарын ойластырудамыз. Оқушыны ынталандыру жолдары да қарастырылу үстінде. Қолдаушыларымыз да, демеушілеріміз де табылып жатыр, – дейді мектеп басшысы.
Шынында, бұл үлгі үйренер үрдіс екені сөзсіз. Бұл басқа білім ұяларында да жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Тіпті осы игілікті істі жүзеге асыру жайын алқалы жиында қозғап, бастамашылар тәжірибе алмасса, ата-аналар ілтипат танытса, барымызды бағалап, жоғымызды түгендер едік. Ең бастысы, ұрпағымызды телефонға телміруден құтқарар едік.