Бұл ретте ем-дом қабылдауда пациенттің жанынан табылатын мейіргер білігі қажет-ақ. Таныс дәрігердің мейіргер қызметіне қатысты айтқан мына бір сөзі еске түседі. «Мединститутты аяқтап, аудандық ауруханаға білдей дәрігер болып орналастым. Мейіргер менің айтқанымды істеуші, орындаушы деп қана қараймын. Сөйтсем, маманданған, тәжірибелі мейіргердің білетіні көп болып шықты. Кеудемдегі үрленген желдің қалай шыққанын да байқамай қалдым», деп еді.
Бүгінде мейіргерлік қызметке өзгерістің қажеттігі күннен-күнге анық сезілуде. Еңбектерінің бағалануы, жеке мамандыққа айналуы күн тәртібіне шығып, мемлекеттік деңгейде қарастырылуы соны айғақтайды.
Мамыр айының соңғы онкүндігінде Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде елімізде осы салада еңбек ететін 200-дей маманның қатысуымен мейіргерлік білім берудегі тәжірибе мәселелері қарастырылған жиын өтті. Басқосуда 3 жылдық «ProlnCa» жобасының іске асырылуы әңгіме өзегіне айналды. Аталған жобаға Еразмус+ Еуропалық бағдарламасы 1 млн қаржы бөліп отыр. Қазақстанның 5 жоғары оқу орны, Еуропаның 4 университетінің мамандары бірлесе жүзеге асырып жатқан бұл жобаның негізгі үйлестірушісі Финляндияның JAMK қолданбалы университеті болса, елімізде жобаның ұлттық үйлестірушісі – Назарбаев Университетінің Медицина мектебі.Мейіргерлерді даярлауда үш жақты – білім беру, ғылым және тәжірибе интеграциясын қамтамасыз ету маңызды. Яғни, тек дәрігердің көмекшісі деп қарамай, орта кәсіптік білім – бакалавриат – магистратура – докторантурада оқыту арқылы көп деңгейлі маман ретінде дайындау, мәртебесін күшейту – жобаның негізгі мақсаты. Науқастарды қадағалау, созылмалы ауруларды басқару, сондай-ақ пациенттерге үйде қызмет көрсету бойынша кейбір қызметтерді кезең-кезеңімен жалпы іс-тәжірибедегі арнайы даярланған мейіргерлерге тапсыруды көздеген жаңа тұрпаттағы мейіргерлерді даярлаудың финдік үлгісі осылайша үш деңгейді қарастырады. Бұған дейін еліміздің 64 колледжінде күтіммен айналысатын мейіргерлер даярланса, соңғы жылдары жаңа жоба бойынша өзгеріс самалы есіп үлгерді. Колледждерде мейіргерлер даярлайтын жоғары мектептер құрылып, еуропалық нұсқауларға сәйкес бакалавриат ашылған оқу орындарында әкімшілік мәселелермен және ғылыми жұмыстармен айналысатын мейіргерлер оқытылып, алғашқы түлектері еңбекке жолдама да алды. Қолданбалы бакалавриат мамандығын алғандар «ауруды емдегенше, алдын ал» дегендей сауықтыруды жүргізудегі жоғары білікті мамандардың орнын басып, жаңа көзқарастағы, жаңа тұрпаттағы мейіргерлердің алғашқы қарлығаштары атанды. Олар науқасты күтіп, ем-шараларды жүргізуде өздері дербес шешім қабылдай алатын жоғары білікті мамандардың білікті көмекшілері санатында еңбек етуде.
Шетелдегі тәжірибеде мұндай біліктілік алған мейіргерлер арнайы тіркеуден өтеді және дәрежесі де жоғары саналады. Олар әдетте дәрігер нұсқаулығын орындайтын қарапайым медбикеден екі есе көп табыс табады. Енді бұл жағдайдың елімізде де шындыққа айналуына жол ашылғандай. Өйткені лицензия алу үшін олар дәрігерлер тәрізді сынақ тапсырады. Соның нәтижесінде лицензиялы мейіргер маман атанады. Отандық медицинада осындай дәрежедегі мейіргер маман даярлаудың маңызын ескерген арнайы жоба жайында Республикалық жоғары медициналық колледж директоры Нәйла Рузденова былай дейді. «2018 жылы колледжді бітірген 312 қолданбалы бакалавр маман жұмыстарына кірісті. Қазір елімізде 17 колледжде бакалаврлар даярлануда. Негізінен олар екі түрлі бағдарлама бойынша оқытылады. Біріншісі, 3,5 жылдық, бұл орта мектепті бітіргендер үшін, екіншісі, жұмыс істеп жүрген мейіргерлерді 1,5 жылдық оқу жүйесімен қайта даярлау. Мұнда мейіргерлердің үш жылдық еңбек өтілі болуы міндеттеледі».
Бүгінде елімізде 132 мыңнан астам мейіргер жұмыс істейді. Ал олардың 40 пайызын финдер тәрізді алдағы 20 жыл ішінде жоғары деңгейге жеткізе-міз десек, 2040 жылдары академиялық қолданбалы бакалавр мейіргері мамандығын 60 мыңға таяу адам иеленіп шығуы керек екен. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Сәуле Сыдықова мейіргерлік ісін ғылым ретінде қарастырып, бакалавриатқа қоса клиникалық магистратура, клиникалық докторантурадан өту жоспарға енгізіліп отырғанын жеткізді. Осылайша мейіргерлік ісі толыққанды ғылыми жүйеленген, арнайы бағдарламаға негізделген, бүгінгі қоғам талабы мен сұранысына толығымен жауап беретін мамандыққа айналуы уақыттың еншісіндегі, бірақ көкжиектен шеті көрініп тұрған іске айналатындай әсер қалдырды.
Финляндия, Словения, Нидерланды сынды мемлекеттерден келген сарапшылар өз елдерінің мейіргерлер ісіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Олар мейіргерлердің сауықтыру жұмыстарын атқарумен қатар пациенттердің денсаулығына мониторинг жүргізіп, ағарту жұмыстарымен де айналысатынын, әлемдік медицинада аталған модельдің халыққа тиімді болатынын дәлелдейтін мысалдар келтірді. Болашақта тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттыруды мақсат тұтсаңыздар, оның өрісі өте кең. Әсіресе созылмалы дерті бар пациенттермен жұмыста жалғыз дәрігер емес, дәрігер+мейіргер жүйесі тиімділігін көрсетті. Сіздердің маман даярлаудағы бағыттарыңыз бұл мақсаттың жүзеге асатынына сендіреді, дейді шетелдік мамандар.