• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Маусым, 2019

Бас шаһарда әлемдік рекорд тіркелді

500 рет
көрсетілді

Елорда төрінде өткен менталды арифметикадан Еуразиялық зияткерлік олимпиадасында мыңнан аса балдырған ойша санаудан әлемдік рекорд орнатты. «ЮСИМАС» халықаралық интеллектуалдық даму академиясы және «Асыл бала» қоғамдық қоры «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен білім берудегі менталды арифметиканың маңызын талқылады.

– Уақыт жылжыған сайын менталды арифме­тиканың қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бұрын онымен тек азиялық елдерде шұғылданып келсе, қазір Америка құрлығында, Еуропаның біраз мемлекеттерінде танымалдылығы арту үстінде. Санкт-Петербургте ойша санаудан жарыс өтіп, менталды арифметикамен жақынырақ танысудың сәті түсті. Жасыратыны жоқ, жақсы әсер алдым. Өйткені кішкентай балдырғандар еш алаңсыз түсініксіз қимылдарды орындап жатты. Осыдан бастап қызығушылығым оянып, бұл жүйе жайлы зерттей бастадым. Мақалалар оқып, кәсіби сарапшылардың пікіріне қанықтым. Содан түйгенім, менталды арифметика жалпы орта білім беру жүйесінде өз орнын табарына күмәнім жоқ. Оны мектеп бағдарламасына енгізген артық етпес деп есептеймін. Себебі аталған есептеу жүйесі баланың когнитивтік мүмкіндіктерін еселеуге септеседі. Оның ішінде зейін, есте сақтау қабілеті мен эмоциялық сезім дами түседі. Неге десеңіз, күрделі есепті шешкен бала өз бойында қуатты күштің бар екенін сезінеді. Яғни, жеке тұлғаның қалыптасуына айтарлықтай үлес тигізеді, – дейді нейроғылым және психолингвистика саласындағы ресейлік ғалым Татьяна Черниговская.

Ресейлік сарапшы АҚШ-тағы силиконды алқапта немесе «Сколково» инновациялық орталы­ғындағы жетекші қызметкерлердің дені осы менталды арифметиканың негізіне қаныққан мамандар екенін айтады. Сол себепті жаңа технологиялар кадрларын әзірлеуде менталды санаудың қауқары мықты дейді. Дөңгелек үстелде ойша есептеуден мүмкіндігі шектеулі балалар да өздерінің кем емес екендіктерін көрсетті. Ал Еуразиялық зияткерлік олимпиадасында Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан жиналған мыңнан аса балғын күрделі математикалық матрицаны небәрі 6 минутта шешіп, әлемдік рекорд тіркелді.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»