• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2019

Шаруалардың техникасы қашан жаңарады?

692 рет
көрсетілді

Ақмолалық диқандар биылғы көктемгі дала жұмыстарын сәтімен аяқтады. Істің аяқсыз қалмауына шаруаларға тың технология қолғабыс етті. Қуантарлығы, заманауи қондырғы қазақ елінде де жинақтала бастады.

Қорғалжындық Абай Медеу­баев егін шаруашылығын жол­ға қойған фермерлердің бірі. Ол басқаратын «Агрофирма «Жер 888» ЖШС-не қарасты егістік алқабының көлемі – 10 мың гектар. Бұрындары 3 мың гектар жерді өңдеу үшін 9 трактор­мен жұмыс екі ауысым­ға жалғасатын. Сөйтіп бұған 18 механизатор тартылып отырды. Бұл уақыттың қадірін білетін шаруа адамына әсте тиімсіз. Осыны ескере келе, ол былтыр «Қазақстандық агро­инновациялық корпорациясынан» «Amiti» егістік кешенінің 4 данасын сатып алады. Қазір шаруаның көңілі жайлы. Себебі жаңа техника бір мезетте бір­неше қызметті атқаруға қауқарлы. Мұны серіктестіктің механизаторы Мереке Нұрмағанбетов те қуаттап отыр.

– Бункерінің сыйымдылығы үлкен. Екі секцияға бөлінген. 6 мың литр бидай мен 4 мың литр тыңайтқыш оңай сыйып ке­теді. Өзі жер жыртып, бидай­ды себеді. Ескі техникаға қара­ған­д­а артықшылықтары аз емес. Мысалы, осыған дейін 35-40 гектарды әрең өңдейтінбіз. Қазір 90-100-ден аса гектар алқапты игеруде аса қиыншылық жоқ. Бұрынғыдай шаршамаймыз, – деп тың қондырғы жайлы әсерімен бөлісті тәжірибелі механизатор.

Аталған техниканың құны – 130 млн теңгеден асады екен. Қор­ғалжындық диқан оның төр­теуін лизингке алған. 25%-ын Үкімет субсидия ретінде өтеп береді. Бұл фер­мерлерге көрсетілген үлкен қолдау, сондықтан да мұндай жеңілдіктен құр қалмаған жөн, дейді шаруа.

– Биыл күн райының өзі ша­руа­ларға жылы шырай таныту­да. Егін бітік шығады деген се­нім­деміз. Бидайымыздың сапа­сы жақсы. Дәннің маңызы жо­ғары – 28-30% деңгейінде. 1-ші сұрып­тағы бидай. Одан жақсы нан өнімдері дайындалады.

Техника алдық. Оның 25 пайы­зын­ субсидия­мен өтеп беріп жатыр. Ал тыңайт­қышқа 45-50 пайыз субсидия қарастырылған. Бұл – үлкен қолдау. Үкімет қолдап тұрған кезде жаңа техника алып жақсылап жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын. Жаңа техника уақытында бидай егеді. Бір ауысымда 90-100 гектарға дейін егуге қауқарлы. Бұрынғы тех­никамен 90 гектарға егін салу үшін 5-6 трактор керек еді. Қазір екі-ақ адам 3 мың гектарға дән сеуіп жүр. Жаңаның аты жаңа. Әсіресе тұқым сепкіші өте тиімді. Биыл гектардан 15 центнер өнім алуды көздеп отырмыз, – деді А.Медеубаев. Бүгінде агро­фирмада 40-тай адам еңбек етеді, соның ішінде 16 механизатор бар.

«Ауыл шаруашылығы – ел эконо­мика­сының драйвері», де­ген қанатты сөзді айтудан жалықпаймыз. Бірақ саланың дамуын тежеп тұрған мәселелер жеткілікті. Мәселен, ведомство өкілдері елдегі аграрлық тех­ника паркінің 70%-ы әбден тозығы шыққан деп дабыл қа­ғуда. Жаңартылғанның өзі  3,5 пайыздық көрсеткіште. Ал негізгі нор­­мативтік өлшем – 8-10% аралығында. Осы тұрғы­да ауылшаруашылық тауар өн­діру­шілерін сапалы әрі заманауи техникамен қамту кезек күттірмейтін міндеттердің бірі.

– Былтырдан бастап Көкшетау қала­сында жаңа өндіріс орны ашылды. «Қазақ­стандық агро инновациялық корпорациясы» Америкада аты шыққан «Amity Technology» компаниясымен бірлесіп егістік кешенін жинақ­тауды жолға қойды. Сол техниканы шаруалар біртіндеп сатып алып келеді. Кез келген ауыл шаруашылығы техникасын­ алған бойда, оның 25%-ын­ Үкімет субсидия түрінде өтейді. Бұл мақ­сатта негізгі екі бағдарлама жұмыс істейді. Отан­дық агроөнеркәсіптік кешен әлі қа­жетті техникамен то­лық қамтылмай жатыр. Сол себеп­ті шаруалар қай елдің өні­мін таңдаса да Үкімет 25 па­йыз субсидия­сын беруге да­йын. Бүгінде Қазақстанда 142 мың трактор, 38 мың комбайн, 4 мың себу кешені және 78 мың тұқым сепкіш егістік алқаптарына жұ­мылдырылған. Олардың қыз­меттік мерзімі 17 жылдан асып кеткен. Яғни, 70 пайызы ескір­ген. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің дерегінше 2021 жылға де­йін елдегі техника­лық паркті 6 пайызға де­йін жа­ңар­ту жоспарланған. Қазір бұл – 3,5 пайыз, – дейді Ауыл ша­руашылығы министр­лігі комитетінің тех­никалық жаб­дық­­тау басқармасының басшысы Бақыт Ильясов.

Өткен жылы Көкшетаудағы бірлескен кәсіпорында аталған техниканың 10-нан аса данасы жинақталыпты. Компанияның аймақтық менеджері, сұраныс артса оның көлемі көбейтілетінін айтты. Өндіріс қуа­тын еселеуден бөлек, шетелдік инвестор бас­қа да техника түрлерінің желісін ашуға мүдделі. Атап айтқанда, жерді өңдейтін кешендерді де құрастыру жоспарда жоқ емес. Бұған қоса алдағы уақытта өндіріс­тегі қазақстандық мазмұн­ды ұлғайту межеленген. Қазірдің өзінде кешеннің құрамдас бөлік­тері Қазақстанда жасалып, дәнекерлеу жұмысы толық реттелген екен.

– Бұл техникалық құрылым жоғары өнімділігімен ерекше­ленеді. Фермер атап өткендей, ол тәулігіне 180-200 гектарды игеруге қауқарлы. Сол сияқты жерді өңдеп қана қоймай астық дақылдарын ретімен егіп, ізінше тыңайтқышты сеуіп отырады. Бұл егістіктің тамырына жақсы әсер беріп, нәтижесінде өнімнің сапасы және көлемі артады. Бункері тот баспайтын болаттан жасалған. Ені 12 метр астыққа арналған бункердің сыйымдылығы шамамен 10 мың литр. Ресми өкілдігіміз жұмыс істейтіндіктен техникалық ақау­ларды жөнге келтіруге болады. Жергілікті компаниялармен уағ­даластығымыз бар. Олар сер­вистік қызметтерді ұсынуға әзір, – дейді «Amity Technology» ком­паниясының Орталық Азия мен Ресейдегі аймақтық менеджері Бақтияр Таджидинов. Сонымен қатар ол компанияның өнімдері Бразилия, Аустралия, Ресей, Украина сынды мемлекеттерде кең сатылымда екенін атап өтті. Ал құрастыру зауыты тек Қазақстанда ор­наласқан. Осы бірлескен өндіріс орны арқылы салалық индустрия нарығын кеңей­ту көзделіп отыр.

Айта кетейік, ауыл шаруашы­лығы техникасын құрастырудағы әлемдік рейтингте алғашқы орындарда америкалық «Deere & Company» және «AGCO», германиялық «Claas», сондай-ақ италиялық «SDF» («Same-Deutz-Fahr») секілді алпауыт ұйым­дар жайғасқан.

 Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,  «Egemen Qazaqstan»