Белсенді әрі бастамашыл жастар форумындағы негізгі оқиға - «Atameken Academy» бірегей платформасы және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» білім беру жобасының іске қосылуы еді.
– «Atameken Academy» электронды алаңы – арқылы кәсіпкерлер палатасына тиесілі «Бастау», «Жас кәсіпкер» «Бизнестің жол картасы» аясында жыл сайын шамамен 40-50 адамды кәсіпкерлікке оқытамыз. Оның ішінде бұл қызметтерді тек қағаз жүзінде емес, электронды форматта, яғни Үкіметтің тапсырысымен жасалып жатқан біздің оқыту жобаларына тіркелу мүмкіндігі бар. Сол секілді оқыту курстары интерактивті түрде жүргізіледі. «Atameken Academy» сол үшін де қажет. Биыл елімізде Жастар жылы деп жарияланғандықтан кәсіпкерлікке 100 мың адамды жұмылдыруымыз керек. Бұған қоса 20 мың адамды «Жас кәсіпкер» жобасына тартып, кемінде 5 мың стартапты іске асыруға жағдай жасалады. Бұл үшін қаржы операторларымен бірлесе жұмыс атқарып, азаматтарға бағыт көрсетеміз, – дейді «Атамекен» ҰКП жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шағын қаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.
Креативті жастардың құрылтайында жас та болса кәсібін өрге домалатқан табысты жандар, нәтижелі кейстер және бизнестің тиімділігін арттыратын тың ойларын ұсынды. Олардың аяқ алысын елдегі жетекші қаржы институттарының басшылары, тіс қаққан қаржыгерлер, танымал кәсіпкерлер, блогерлер, спортшылар және медиа тұлғалар бағалады.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»