• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 13 Маусым, 2019

Қ.Тоқаевтың ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзі

1422 рет
көрсетілді

Аса қадірлі Елбасы!

Құрметті отандастар!

Ең алдымен, маған зор сенім ар­тып, қолдау көрсеткен барша Қа­зақ­стан халқына алғыс айтамын!

Бұл сайлау, шын мәнінде, демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында, нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды.

«Сайлау – қатысушы­лар­­дың пікірі ғана жеңіске жететін жа­рыс» дейді. Расында, әділ пікір. 

Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сон­дықтан бұл жеңіс – халқы­мыз­дың жеңісі! Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық.

9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген Әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды! Өйт­кені халқымыздың татулығы, ын­ты­мағы, бірлігі – біздің ең басты құн­дылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Сон­дықтан Президент ре­тінде халқы­мызға мынаны айтқым келеді:

Еліміздің әр азаматының мүд­десін қорғау – менің басты мақ­­сатым. Оларды саяси көз­қарас­тары мен ұстанымдарына қа­рай бөлуге жол бермеймін! Түрлі сая­си және қоғам қайрат­кер­лерінен келіп түс­­кен құнды ұсы­ныс­тарды, бастамалар­ды мен өз жұ­мы­сымда міндетті түрде ескеремін.

Ашық және әділ жұмыс істей­міз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. 

Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағды­ры­мыз – бір! Біз халқы­мыздың жарқын бо­ла­шағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!    

Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз  Елбасының стратегия­лық бағдарын қолдап дауыс берді! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның Көк туын дүние жүзінің түкпір-түк­­пірінде желбіретті.

Осы күндері менің атыма аза­матта­ры­мыздан көптеген өті­ніш-тілек ке­ліп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стра­тегиясын сақтау және оны одан әрі ны­ғайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осын­дай өтініш-тілек айтуы – заң­ды, орын­ды. Себебі қазіргі дамыған Қазақ­стан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы.

Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық дең­гейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды.

Елбасының халқымыз үшін және әлемдік қоғамдастық үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз.

Құрметті отандастар!

Сайлау науқаны барысында мен елі­міз­дің көптеген өңірінде болдым. Менің сая­си тұғырнамам – бұл біздің азамат­та­ры­­мыздың басты сұраныс­тарына жауап.

Бірінші кезекте мен Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, Бес институттық реформа мен мемлекетіміздің басқа да аса маңызды стратегиялық құжаттарын жү­зе­ге асыру бойынша жұмыс істейтін бола­мын. Басқаша айтқанда, мен Ел­басы­ның стра­тегияларын жүзеге асыру­ға ден қоямын.

Еліміз орнықты дамудың жаңа дең­гейіне шыға алуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер қажет. Олар таяу арада жария етілетін болады.

Екіншіден, өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысуды, аса мұқтаждарға көмек көрсетуді жос­парлап отырмын.

Үкіметке аталған салада сезінетіндей нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралар дайындауды тапсырамын.

Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкер­лерді қолдайтын, инвестициялар тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын, кең көлемді ортада қалыптастыратын боламын.

Төртіншіден, менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғау.

Және соңында ең бастысына тоқта­лайын. Қашанда және қай жерде де Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғай­тын боламын.

Бүгінде әлем жедел өзгерістер дәуірі­не аяқ басты. Технологиялар, эко­но­мика және әлеуметтік тәртіп ауысуда. Адам­дардың, әсіресе жастардың дүние­танымында өзгерістер бар.

Қазақстанның алдында жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлер бой көрсетуде. Көптеген жыл бойы халықаралық сая­сат­пен айналысып келген мен жаңа дәуір­дің алға ұмтылысын айқын сезініп отырмын.

Сауда соғыстары, халықаралық қаты­настардағы қысымдар, қауіпсіз­дік­тің бұрынғы механизмдерінің бұзылуы, өңірлік жанжалдардың көбеюі – осының бәрі жаңа геосаяси өмір шындығы.

Алдағы бірнеше жыл бедерінде заманымыздың басты сұрағы: қандай елдер прогресс сапынан орын ала алатынына, қайсысы әлемдік дамудың жиегінде қалатынына жауап берілетін болады.

Экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс – бұл біздің заманауи сын-тегеуріндерге бір­ден-бір дұрыс жауабымыз.

Біз әлемге ашықпыз, үздік табыс­тарға, жетекші техноло­гияларға ұмты­лып отыр­мыз. Адам­дардың игілігі үшін жасам­паз өзгерістер – менің прогресті түсінуім, міне, осындай.

Сонымен қатар билік адам­дардың талап-тілегіне құлақ асу­ға, проблемаларды жергілікті жер­­де шешуге, азаматтар алдын­да тұ­рақ­ты есеп беріп тұруға міндетті.

Уәде бермей, орындау шарт! Мұндай ережені барлық Үкімет мүшесі және әкімдер ұстанулары тиіс.

Прези­дент ретінде мен үшін экономи­ка­лық дамудың жалпы цифрлары емес, барлық аза­мат­тарымыздың  нақты әл-ауқаты аса маңызды болып табылады. Сондықтан стратегиялық мәселелер бо­йынша шешімдер қабылдауда халықтың басым бөлігінің ұстанымдары қаперге алынатыны сөзсіз.

Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті, өкілетті Президент – ық­палды, жұмыс істеуге қабілетті Пар­ламент – халыққа есеп беретін Үкімет. Нақ осындай саяси жүйе күр­делі геосая­си жағдайларда мемлекеті­міздің талап­тарына барынша толық сәйкес келе­ді, алдымызда тұрған стратегиялық міндет­терді шешуге ықпал етеді.

Сонымен қатар қоғамды сая­си трансформациялау процесі жалғасатын болады.

Саяси түзетулер түбегейлі эконо­ми­калық қайта құрылым­дау­лармен сәй­кесуі тиіс, олай болмаған жағдайда ре­фор­маларда тежелулер орын алуы ық­ти­мал. Мұны әлемдік тәжірибелер айқын көрсетіп отыр.

Мемлекеттік басқару жүйе­сіне меритократия негізінде тек лайықты, білімді адамдар келу­лері керек. Кадрлар іріктеуде басқа қағидат болмауы тиіс.

Тұтастай алғанда, бізге билік­тің халық алдындағы жауап­кер­шілігін арттыру қажет. Ерекше назар азаматтық қоғамды дамытуға аударылатын болады.

Қадірлі қауым!

Менің сайлауалды үгіт-наси­хат жұмыс­тарым – бұл үлкен міндеттің алдын­­дағы халық­пен кеңесу болды. 2019 жыл­дың 13 мамырында #BIRGE жал­­пы­­­халықтық акциясы бас­талды. Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау.

Қазақстанның барлық айма­ғы­нан түрлі ұсыныстар жиналды. Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті. #BIRGE акциясына қатысып, аза­мат­тық белсенділік танытқан  барша ха­лық­қа шын жүректен алғысымды білді­ре­мін.

Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз.

Бүгін халықты, ең алдымен, не маза­лайды? Ең бірінші – азаматтар бар­лық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеу­меттік саясаттан бастап  мемлекеттік ор­ган­­дардың халыққа әділ қызмет көр­сетуін талап етеді.

Халықты толғандырып отыр­ған бас­ты мәселе – табыс көле­мінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халық­тың табысына кері әсер етті. Мил­лионнан астам азаматымыз банктен несие алуға мәжбүр болды.

Табысы жоғары және төмен аза­мат­тар­дың арасындағы ал­шақтық – біздің қоғамды мазалай­тын тағы бір өзекті мәселе. Әри­не мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен, тоқ­мейіл­сіп отыра беруге болмайды. Сон­дықтан дәл осы өткір әлеу­меттік-экономикалық жә­не саяси мә­селені шешу үшін орта мер­зімді кешенді шаралар қабылдау қажет.

Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейін­дегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай эколо­гиялық сая­сат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін бере­тін жаңа Экологиялық кодекс қабыл­дау керек.

Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет.

Тағы бір маңызды, халықты маза­л­айтын мәселе. Бұл – жол­дар­дың сапасы. Сол себепті авто­жолдардың жағ­дайын жақсарту – біздің негізгі мақсат­тары­мыздың бірі.

XXI ғасыр талабына сәйкес, цифрландыру кең ауқымды міндет болып табылады. Ол өмірдің барлық саласын: мем­лекеттік қыз­мет көрсетулерден бастап, бола­шақ экономиканың жаңа сала­ларын құруға дейінгі аралықты қамтуы тиіс.

Саяси прогресті қоса алғанда, елдің дамуы цифрландырумен тікелей бай­ланысты. Ол мемлекет пен қоғам ара­сындағы қа­рым-қатынас мазмұнын са­па­­лық тұрғыдан өзгертеді. Сондықтан Ел­ба­сы бекіткен «Цифр­лық Қазақ­стан» мем­ле­кеттік бағ­дар­ламасы орындалатын болуы тиіс.

Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қат­ты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сон­дықтан мен Қоғамдық сенім­нің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы кеңесі осы жылдың тамызында өткізіледі.

Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссия­сы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты ны­ғайтуға болады. Сондықтан менің сай­лауалды тұғырнамамды жүзеге асыру­дың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсы­ныстары осы құжатта көрініс табады.

Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек.

Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру.

Тұрақты және қарқынды экономи­калық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсі­нуіміз керек. Азаматтарымыз өз елін­де алаң­сыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпа­ғын тәр­биелеп, халқымыздың жетіс­тік­тері­не бірге қуанып, мақтан тұту үшін эконо­микалық өсім болуы тиіс.

Таяу арада Үкіметтің кеңей­тілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз.

Екінші бағыт. Сыбайлас жемқор­лықты жою.

1 қыркүйекке дейін жемқор­лық­тың деңгейін мейлінше төмен­детуге бағыт­талған реформалар топтамасы дайындалады.

Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұ­мыс жүргіземіз.

Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау.

Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сон­дық­тан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қыз­меттен үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек.

Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халық­тың сеніміне ие болу.

Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту.

Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – бұл стратегиялық ма­ңызды дүние. Мем­лекеттік бюд­жеттің қаражатын, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.

Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу.

Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрық­ша назар аударамын. Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.

Алтыншы бағыт. Әділетті әлеу­меттік саясат.

Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? 

Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғынға сапалы медици­налық қызмет көрсету. Бұл мәсе­лелер бойынша біздің тұтас ба­ғыт-бағдарымыз бар.

Біз мұғалімдердің және дәрі­гер­лердің мәртебесін көтере­тін жаңа заңдар қабылдай­мыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті қолдау көрсетеміз.

Жетінші бағыт. Өңірлерді дамыту­дың жаңа бағдары.

Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан.

Азаматтарымызды толғандыр­ған нақты мәселелер жер­гілік­ті деңгейде шешілуі тиіс. Жер­гі­лікті өзін өзі басқару жү­йесін нығайтамыз. Аймақтағы қор­да­ланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.

Сегізінші бағыт. «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыз­дың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасам­паздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.   

Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.

Тоғызыншы бағыт. Сыртқы саясат.

Қазақстан әлемде үлкен беделге қол жеткізді, өзін бейбітсүйгіш, ашық ел, халықаралық істерде сенімді және жауапкершілікті әріптес ретінде танытты.

Біз конструктивті, теңдес­тірілген, көпвекторлы, сырт­қы саяси бағытымызды жалғас­тыра­мыз. Әлемдік аренада ұлттық мүд­демізді нық ілгерілететін және қор­ғайтын боламыз. Елі­міз­дің сыртқы саяси қызметі Отаны­­мызға, ұлттық бизнеске, әр аза­­мат­қа нақты пайда әкелетін болады.

Оныншы бағыт. Жас ұрпаққа ерекше қайырылғым келеді.

Сіздердің алдарыңызда Қазақ­стан дамуында шешуші рөл ат­қару, прогрестің қозғаушы күші болу міндеті тұр. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады.

Біз жастардың «Жас кәсіп­кер» бизнес-бастамасын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру­дамыз, жастар стартаптарын қолдайтын боламыз. Жастар­ды жұмысқа орналастыру бағдар­ламаларын енгіземіз.

Менің міндетім – сіздерге өздері­ңіздің ең үлкен арман­дары­­ңызды жүзеге асырып, жеке «табыстар тарихын» қалып­тас­­ты­ру­ларыңызға барлық мүмкін­дікті туғызу.

Мемлекеттік қызметтің бар­лық дең­гейіне жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резерві» қалыптастырылатын болады.

Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбек­сүй­гіш, креативті, сондықтан Қазақ­стан­ның болашағы сенімді қолда.

Қымбатты отандастар!

Алдымызда ауқымды жал­пы­халық­тық міндеттер тұр. Мақсатымыз – айқын, жолымыз – ашық! Қазақстан жаңа мүм­кін­­діктер мен перспективалар еліне айнал­ды. Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді.

Біз бабалар дәстүрін қастер­лейтін, жаһанның озық жетіс­тіктеріне ұмты­латын халықпыз. Бұл – біздің күш-қуаты­мыздың діңгегі.

Біз алдымыздағы барлық қиын­­дықты бірге еңсереміз. Біз қуат­ты әрі гүлденген Қа­зақ­­­стан­ның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз.  

Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. 

Қазақстанның жарқын бола­шағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін.

Баршаңызға амандық, құт-береке тілей­мін.

Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Респуб­ликасы жасай берсін!