Биылғы наурыз айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, еліміздің егемендігін қолымызға ұстатқан, әлемнің саяси картасында пайда болған жас мемлекетті жер-жаһанға танытқан, ішкі-сыртқы саясатта асқан көрегендікпен жол таба білген, тек Отанымызда ғана емес, аймақтық, халықаралық деңгейде татулық пен бейбітшіліктің, тұрақтылықтың жаршысына айналған, әлемнің ядролық қарусыздануына сүбелі үлес қосқан, азғантай уақыттың ішінде Қазақстанды дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосқан Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен президенттік өкілеттілігін тоқтатып, ел тарихының жаңа кезеңін бастап берген болатын.
Елбасы өзінің отыз жылға жуық уақыттағы сарабдал саясатын жалғастырушы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасап, халықаралық деңгейдегі дипломат, әлем көшбасшыларының арасында зор беделге ие, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарған, сыни сәттерде ел Үкіметін басқарып, халқымыздың сенімінен шыққан тұлғаға мемлекеттің билігін тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл таңдауын қазақстандықтар толық қолдады. Бұл сенім 9 маусым күні өткен сайлауда нақты цифрлармен, халықтың ықыласымен, дауыс берушілердің белсенділігімен нақты дәлелденді. Nur Otan партиясының атынан додаға түскен Қ.Тоқаев 9 маусым күні Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылардың 70,96 пайызының немесе 6539715 адамның дауысын алып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Әрине, отандастарымыз Президент сайлауына алғаш рет Елбасының қатыспауына тосырқай қарап, дүдәмал ой кешкені де рас. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімі мен қолдауына ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қазақстандықтар жатсынған жоқ және Тұңғыш Президенттің таңдауына шүбәсіз сенді. Ал кешелі-берлі Қазақстанның сайланған Президентіне өзге мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың басшылары атынан толассыз келіп жатқан құттықтауларды әлемдік қоғамдастықтың да еліміздегі саяси, тарихи өзгерістерге қолдау көрсетуінің белгісі ретінде қарауға болады.
Сонымен, кеше Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 10.30-да Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына алдымен Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Қазақстан Президентінің Штандарты мен Ата Заңымыз – Конституция әкелінді.
Мұнан соң салтанатты шараға жиналған 3 мыңға жуық адам Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты асқан қошеметпен қарсы алды. Әрине, толассыз қошемет осы жылдар ішінде Елбасының сенімін ақтап, елдегі реформаларды, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға үлес қосқан серіктестерінің риясыз ықыласы еді.
Елбасы төрдегі орынға жайғасқан соң Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді. Бұл тарихи сәт Елбасы сөзін жазған «Елім менің» әнімен өрнектелді.
Мұнан соң мінберге Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми көтерілді.
– Құрметті ұлықтау рәсіміне қатысушылар. Бүгін еліміздің тарихында тағы да бір ерекше күн. Бүкілхалықтық сайлаудың нәтижесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Мен Конституциялық Кеңестің Төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына сәйкес жаңа сайланған Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап кірісетінін хабарлаймын, – деді Қ.Мәми.
Бұл хабарлаудан соң Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын Конституцияға қойып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін» деп, мемлекеттік тілде ант қабылдады.
Содан кейін Қазақстан Президенті лауазымына ресми кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Мемлекеттік Туын сүйді. Сол сәтте жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік Әнұран ойналып, залға жиналған отандастарымыз оң қолдарын жүрек тұсына қойып, гимнді қосыла шырқап тұрған уақытта елорда көгін зеңбіректерден 21 рет атылған оқ жаңғыртып тұрды. Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
Ортаға шыққан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев өзіне жүктелген тағы бір салтанатты рәсімді орындау үшін сөз алды.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 2019 жылғы 9 маусымда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша мемлекетіміздің тиісті заңдарына сәйкес Сізге Президент куәлігін тапсыруға рұқсат етіңіз, – деген Б.Имашев мемлекеттік миссиясын орындады.
Ресми рәсімдерден соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жүрекжарды сөзін арнады.
(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзі газетімізде жеке жарияланып отыр).
Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, Nur Otan партиясының басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Соңында Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлері салтанатты сап түзеп өтті.
Сонымен, еліміз жаңа тарихи сәтке қадам басты. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, сот-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау бағыттарын орындауға бел шеше кіріседі.
Серік ӘБДІБЕК,
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»