Меморандум аясында ЕҰУ-де «Энрико Маттей» итальян тілі мен мәдениеті орталығы ашылып, студенттермен қоса кез келген итальян тілін үйренгісі келгендерге тегін курстар ұйымдастырылады.
«Бұл Италия – Қазақстан қатынастарының тарихи күні. Біз орталықтың атын Италиядағы тарихи тұлға Энрико Маттейдің атымен атадық. Өйткені ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі құрылымды қалпына келтіруге және Италияның экономикалық қуатының артуына үлкен үлес қосып қана қоймай, білім беру саласына да көп күш салған қайраткер», деді елші Паскуале Д’Авино.
Университет ректоры Ерлан Сыдықов елшіліктің қолдауына және Eni компаниясының игілікті іске демеу көрсетіп отырғанына алғыс білдірді. Итальян тілінің мұғалімі Роза Хасенова университетте болашақ дипломаттар мен аудармашыларға итальян тілі 2000 жылдардың басынан бері оқытылып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Италияның ең үздік жоғары оқу орындарымен бірлікте жазғы мектептер ұйымдастырылып, жетекші профессорлар қабылданады.