Көрмеге Чончжу қаласының 46 шеберінің 400-ге жуық туындысы қойылды. Түрленген таяқшалар корей мәдениетінің атрибуты ғана емес, Шығыс Азия халықтарының салт-дәстүрін ерекшелейтін мәдени мұра ретінде танылған.
– Тағамнан дәм татудың үш жолын білеміз. Бангладеш, Индонезия сынды мемлекеттер тамақты қолмен жейтін болса, батыс халықтары дастарқан басында қасық пен шанышқыны пайдаланатыны белгілі. Бұл әдістер тамақты үзуге, шаншып, түртіп алуға көмектесетін болса, таяқшамен тамақтануға әдеттенген Шығыс Азия елдері тағамның бүтіндігін сақтауға мән береді. Ішілген астың адамға құнар беретінін ескерсек, Шығыс Азия елдері таяқшаларды өмір мен қуатты байланыстырушы құрал ретінде қабылдайды. Сол себепті, таяқшаларды жасау өнеріне, тіпті оны дұрыс ұстау ережелеріне елде зор көңіл бөлінеді, – деді Чончжу қаласы мәдени өндірісті ілгерілету қорының бас хатшысы Пак Санг Он.
Экспозицияға қойылған ханчжи (корей қағазы) шебері Ли Чонгуктың қытайдың бұрыш ағашы Пундиден жасалған таяқшалары қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Өйткені пунди ағашы қарапайымдылық пен табиғат тыныштығының символы саналады. Ал Ким Сонхоның авторлығымен жасалған лакталған таяқшалар дәстүрлі өнер жолындағы азапты жолды меңзейді. Бұдан бөлек балалар асханалық жиынтығы, қола қасықтар сериясы, қоладан жасалған тостағандар сынды қолөнер бұйымдары жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.