Комитет басшысының орынбасары атап өткендей, дәрі-дәрмектерді QR-кодпен таңбалау туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қабылданатын болады.
«Дәрі-дәрмектерді таңбалау бойынша Еуроодақ аясында бұл туралы келісімге қол қойылған. Біз осы саладағы қауымдастықтармен, «Атамекен» ҰКП-мен кеңесе отырып, дәрілік заттарды мұндай таңбалаудың қажеттілігін мақұлдап отырмыз. Біз қазір пилоттық жобаны іске асыра бастадық. Сол жобаның қорытындысынан кейін ғана біз шешім қабылдайтын боламыз», — деді Н. Асылбеков.
Дәрі-дәрмектерді QR-кодпен таңбалауды Ресей 2020 жылы енгізуді жоспарлап отыр, онда мұндай пилоттық жоба үш жыл бойы жүргізілген. Ал Қазақстанда әзірге оны іске асыруда туындап отырған бірқатар мәселелер бар.
«Ондай мәселелердің қатарына дәрі-дәрмектердің қымбаттауын, отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің таңбалайтын жабдықтарды сатып алу қажеттігін жатқызуға болады. Сондықтан біз алдымен пилоттық жобаны іске қостық. Сол жобаның қорытындысы бойынша ғана біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдайтын боламыз. Біз қазір мұның бәрі бірден іске асады деп айта алмаймыз», — деп нақтылады комитет төрағасының орынбасары.
Дәрілік затқа QR-код тіркелгеннен кейін, оның өндірушіден дистрибьюторға, одан дәріханаға дейін жеткізілуін қадағалап отыруға мүмкіндік туады.
«Жалған дәрілер жасау, контрфактілік оқиғалар, дәрі-дәрмектерді есепке алу – бұл жұмыстардың барлығын осы арқылы қамтитын боламыз. Қоймадағы кепілдік көмек арқылы берілетін тегін дәрілердің қанша көлемі бар екенін, оны бір аумақтан екінші аумаққа жіберілуін де дәрілерді таңбалаудың көмегімен қадағалайтын боламыз», — деді Нұрлыбек Асылбеков.
Оның айтуынша, дәрілерді таңбалау, ең бастысы, жалған дәрі жасауды болдырмайды және дәрілердің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сала өкілі дәрі-дәрмектердің рецептісіз босатылуының алдын алуға қатысты қабылданып жатқан шараларға да тоқталды. Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті тарапынан тексерулер профилактикалық мақсатта және азаматтардан шағым түскен жағдайда жүргізіледі.
«Осындай жағдайға қатысты комитет 2017 жылы 50 фактіні тіркеді, оған әкімшілік-құқықтық кодекс арқылы шара қолданылды. 2018 жылы мұндай фактілер екі есеге дейін артып, 90-ға жетті. Оларға 20 млн теңгеге жуық көлемде айыппұл салынды», — деді спикер.
Н. Асылбеков бұл ретте дәрілерді орынсыз қолданудың зияндығын да атап айтты. Қазір антибиотиктерге қарсы төзімділік пайда болғандықтан, ем қонбай, сырқатынан айыға алмаған науқастар бар.
«Ол туралы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бізге берген ұсынымдары бар. Сондықтан созылмалы аурулары бар азаматтар емдеу мекемелеріне алдын ала хабарласқаны дұрыс», — деді ол.