ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
Біздің еліміз дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты.
Қазақстандықтар 2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс сайлауда бірауыздан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беріп, Қазақстан Республикасының жаңа Президенті етіп сайлады.
Біздер, Қазақстанның миллиондаған азаматтарының мүдделерін білдіретін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері,
Президент сайлауының ашық және бәсекелік сипатын жоғары бағалай отырып;
қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап, құрметтейтін тәуелсіз Қазақстанның құрылуындағы Тұңғыш Президентіміздің аса көрнекті рөлін мойындай отырып;
Қазақстан халқы алдында сіңірген ерен еңбегі үшін Елбасына зор құрмет пен алғыс білдіре отырып;
басты құндылықтары Адам және оның құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстанның егеменді, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына бағытталған Елбасының стратегиялық бағытын жалғастырушы ретінде қазақстандықтардың сайланған Президент Қ.К.Тоқаевқа деген жоғары сенімін сезіне отырып;
болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігімізді сезіне отырып, тарихымыздың осы бір маңызды кезеңінде Қазақстан халқына және азаматтық қоғам институттарына Үндеуімізді жолдаймыз.
Біз барлық қазақстандықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға шақырамыз.
Біз барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге шақырамыз.
Біз Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдаймыз.
Біз жалпыұлттық диалог және өзара қарым-қатынас институты ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына қатысуға дайынбыз.
Біз Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев айқындап берген еліміздің дамуына қатысты басымдықтар мен жаңа міндеттерге сөзімізбен де, ісімізбен де қолдау көрсетуге және Елбасының Тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға ниеттіміз.
Біз тек бірлігімізбен қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізіп, ортақ Отанымыз бен еліміздің барша азаматтарының игілігі мен гүлденуін қамтамасыз етеміз!
Nur Otan партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік
халықтық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы,
«Бірлік» саяси партиясы, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар
федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі, «Ардагерлер ұйымы»
республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «G-Global-дың Халықаралық хатшылығы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан украиндарының радасы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы.
2019 жылғы 13 маусым,
Нұр-Сұлтан қаласы