Францияның Le Nouvel Observateur атты журналы Қазақстанның жаңа Президентінің тәжірибелі саясаткер екенін, сайлауға жеті үміткер түскенін жазды. Сайлауға Қазақстан халқының 77 пайызы қатысқанын атап көрсетіп, жүздеген шетелдік байқаушының саяси шараны бақылағанын хабарлады. Одан әрі сайлауда 70 пайыздан жоғары дауыс жинап, үлкен басымдықпен жеңіске жеткен жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне 2500 адам қатысқанын жариялаған. «Қазақстанның мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелініп, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді. Қазақстан Президенті ел Конституциясының 42-бабына сәйкес, халқына ант берді», деді франциялық басылым.
Сонымен қатар рәсім соңында Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдағанын, Мемлекет басшысы алдынан Қарулы Күштердің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өткенін жазды.
Швецияда француз тілінде шығатын Le Temps журналы БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінің бұрынғы басшысы Қазақстанның жаңа Президенті болып тағайындалды деп жазады. «Қазақстан халқы жексенбі күні жаңа Президентін анықтау үшін сайлауға барды. Бұл сайлауға мемлекеттің Тұңғыш Президенті үміткер ретінде қатыспады. Сайлауда Nur Otan партиясының өкілі Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Ал 12 маусым күні жаңа сайланған Президент Қазақстан халқына ант беріп, ұлықтау рәсімі өтті», деді швед журналы.
Сонымен бірге шетелдік ақпарат құралы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен өзін қолдаған халыққа алғысын білдіріп, өз бағдарламасын таныстырып өткенін хабарлады. «Қ.Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыратынын, оған қоса халықаралық қатынастарды одан әрі дамытып, көпвекторлы саясат жүргізетінін мәлімдеді», деп жазды басылым.
Ирландияның Dublin News онлайн-газеті де еліміздегі айтулы шарадан хабар берген. Газеттің жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Президенті ретінде ұлықталды. Салтанатты рәсім 9 маусымдағы сайлаудың нәтижесі бойынша өтті.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша сайлауға түскен Қ.Тоқаев 12 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен рәсімнен кейін ресми түрде ел тізгінін қолына ұстады. Мемлекет қайраткері 70 пайыздан астам дауыс жинады. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев бірқатар маңызды мәселеге тоқталып, ел үшін жасалатын жұмыстар төңірегінде әңгіме қозғады», деп хабарлады ирландиялық газет.
Сондай-ақ басылым билік пен халық арасындағы диалог керек екенін, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеді. Оның құрамына белсенді жастардың кіретінін атап өтті.
«Президент ант беру рәсімінде «Елдің дамуы, саяси қарқынды есепке алғанда, цифрлы жүйеге көшумен тікелей байланысты. Ол мемлекет пен қоғам қарым-қатынасының құрамын сапалы түрде өзгертеді. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» атты бекітілген мемлекеттік бағдарламасы орындалуы тиіс», деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саясаты жалғасын табатынын білдірді» деп жазды шетелдік ақпарат құралы.
Ал Жапонияның The Mainichi ұлттық газеті «Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің инаугурациясында бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыратынын айтты. 9 маусым күні өткен президенттік сайлауда Тоқаев 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен еді», деп жазды.
Газет Қ.Тоқаевтың бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Жоғарғы палатасында спикер болғанын, оның алдында елдің Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігін басқарғанын, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын жазды.
Экономикасы негізінен шикізатқа негізделген мемлекетте шағын және орта бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыру Қ.Тоқаевтың бірінші міндеті болмақ. Оның үстіне, соңғы жылдары қолға алына бастаған медициналық сақтандыру мен жылжымайтын мүлік нарығын одан әрі дамыту да жаңа Президенттің мойнына жүктелетіні сөзсіз.
Ал сыртқы саясатқа келер болсақ, Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай өзгеріске бара қоймайтын секілді. Саяси мансабында негізінен дипломатиялық қызметтерде болған Қ.Тоқаев Н.Назарбаевтың сыртқы саясатын жүргізушілердің бірі болған десек, артық айтқандық емес», делінген Жапонияның ұлттық газетінің хабарламасында.