• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 14 Маусым, 2019

Үміт артамыз, ақ жол тілейміз!

614 рет
көрсетілді

Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне қатысып, сайлауда жеңіп шығып, ел сенімін арқалаған ердің ант берген тарихи сәтіне куә болғанымды өзіме көрсетілген құрмет және жүктелген зор жауапкершілік ретінде қабылдадым.

Жаңадан сайланған Прези­денттің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамалары мен жақсы істерін одан әрі жалғастырып, сабақтастықты сақтау саясатын ұстанатыны алаң көңілдерді орнына түсіріп, ертеңгі күнге деген сенімді нығайта түсті деген ойдамын.

Тағы бір жүрекке жылылық ұялатқан жайт, жаңа Президенттің ел ертеңі жастардың зор әлеуетін, яғни олардың  жас қайраты мен жалынды рухын, терең білімін мемлекеттің негізін нығайту ісіне молынан пайдалану керек деген сөзі  көңілден шығып, көкейдегіні тап басты.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ме­нің мақсатым – қоғамның бір­лігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Ең бастысы, әр жерде және әр­қашан Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», деген уәдесін берді. Мұны мен ұзақ жылдардан бері Тұңғыш Президенттің сенімді серіктесі болып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына бар күш-жігерін арнап келе жатқан мемлекетшіл тұлғаның халқының алдында ағынан жарылып, зор жауапкершілікті мойнына алғаны деп қабылдадым.

Конституцияға қолын қойып, үміт артқан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кіріскен жаңа Президентімізге сенеміз және ақ жол тілейміз!

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі,

Қарағанды облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты

 ҚАРАҒАНДЫ