Сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде де көшеге шығуға менің намысым жібермеген еді. Өйткені мен соғыстан кейінгі жетім ұрпақпен бірге өстім, маған жеке басымның емес, ұлтымның, туған даламның бостандығы қымбатырақ.
Әр қазақтың ұлы мен қызы бұл кезде өз қара басының қамын емес, ұлтының тағдырын ойласа ғой, шіркін! Атамекеннің абыройын төккенде не таппақшы екен? Әрі-беріден соң, тойынбай жүргенің өз жалқаулығың емес пе? Ойландың ба, қалқам? Баласын қолына алып, алаңда тұрған жігіттің анасы болсам бетінен шапалақпен тартып жіберетін едім... «Асырай алмасаң неге бала тапқыздың?» деп өзіне сұрақ қояр едім. Үкіметтен алатын тиын-тебенге бола әкеліктен бас тартқан тексізге не деуге болады, білмеймін!..
Өрік-мейіз қақтап, қауын-қарбыз өсіріп ұрпақ асырап жүрген өзбек ағайын құрлы бола алмаған намыссыз қазақ жігітіне жүрегім жылымас еді... Далаң кең – жылқы бақ, бұл күнде екі жылқың 1 миллион теңге тұрады. Ет қымбаттап барады, еліңе қосқан үлесің қане? Көшеде айқайлағаннан не таптың?
Өзге басқарғанды да көрдік, өзіміз басқарғанды да көрдік. Қателіктер жоқ емес, пендешіліктер де кездесіп жатады. Жемқорлық та бар, күрес басталды. Біреулер байып, кедейге көмек көрсетіп жатыр. Білім мен парасат тәрбиесі босап кеткелі қашан? Оған бәріміз де кінәліміз. Тәрбие осал, бала тәрбиелейтін алдымен ата-ана, яғни сіз бен біз. Оқу оқымаймыз, пара беретін де өзіміз. Сонда не деп көшеге шоғырланамыз?
Иә, ашық қоғам, әділ заң керек. Ел байлығы ашық жарияланып, әділ бөлінсін. Депутатты халық сайласын, тендер әділ жолмен берілсін. Жалақы өссін, денсаулық пен табиғатты қорғау қолға алынсын! Осыны талап етіп сөйлесейік, көшеге шығып, бір-біріміздің жағамыздан алып, тас лақтыру көргенсіздік емес пе? Әлемге күлкі боламыз...
Қай заманда да ынтымақ пен бірлік бар жерде ғана береке болған. Туған елді сүю деген ұлы ұғым бар, соған адал қызмет еткендер ғана бақыт табады. Бақыт шетелде де емес, осы Ұлы далада, ата-баба мекенінде, ендеше соған маңдайтеріңді төк, ол сені сонда төбесіне көтереді. Кедейлігіңді өзгеден көрме, бәріне себепші өзіңнің жалқаулығың дер едім көшеге шыққан кейбіреулерге.
Әділдік деген ұзақ күреспен келетін қиын нәрсе, оған жету өте ауыр жол екені ежелден айтылып та, жазылып та келеді. Сол шуылдақ топ дегенмен бір әділдік іздеп жүргені ақиқат. Ендеше, бұл ретте билікшілер мен басшыларға қатты ойлану керек болып тұр. Аталған топтың саны өсе берсе, бір пәлеге соқтырмай қоймайды. Қай жерде қате кетіп жатқанын билік тобы зерттеп-зерделеп, тез шешу жолын қарастырмаса болмайды. Ежелден ата-бабаларымыз армандаған еркіндіктен айырылып, әлем алдында қарабет болып қалмаудың жолын тездетіп шешу жағын ойластыру қажет.
«Ау, азамат! Жайлы орын, жақсы лауазымға лайық жүрсің бе, қанағат деген бабалар сөзін ұмытқан жоқсың ба?» деп олар да өз-өзіне сын көзбен қарап, сауал қоятын кез жетті. Бұдан әрі кеш болады. Бұл мемлекеттің абыройы баршамызға ортақ болса керек.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
ОРАЛ