Зерттеу барысында белгілі болғандай Абайдың би болып сайланғандығына орай 1885 жылғы құнды құжат табылыпты. Н.И. Лобачевский атындағы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында Абайдың қоғамдық қызметтері туралы құжат қолға іліккен. 1885 жылы Қарамола жеріндегі съезде қабылданған араб тіліндегі «Қарапайым қазақтарға арналған Кодекс» Бірінші құқықтық құжаттың түпнұсқасы осы екен.
– Қарамолада барлығы Абайды съезд төрағасы етіп сайлайды, – деді Абай музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева. – Абай үш күн ішінде заңға байланысты мақалалар жазады. Құжат 1885 жылы мамырда қабылданып, бір жыл өткен соң Қазан қаласындағы Император университетінің баспаханасында шығарылады.
Мамандардың айтуынша, Абай демократ ретінде қарапайым қазақтардың өмірін қалай жеңілдетеміз деген бағытта көптеген ұсыныс кіргізген. Бұған дейін музейде кириллица үлгісіндегі машинкаға басылған көшірмесі ғана бар екен. Бұл 1959 жылғы көшірме. Сондықтан да табылған түпнұсқа дала заңдарын зерттеуге толық мүмкіндік береді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
«Еgemen Qazaqstan»
СЕМЕЙ