Қазақстанның саяси картасына көз жүгіртсек теріскейіндегі Петропавл қаласындағы Ресейдің «Оңтүстік Орал» темір жолының Петропавл стансасынан түстіктегі Алматыға тартылған темір жол адам ағзасындағы жүйке жұлынындай бүкіл органдарға нәр беріп тұрғандай көрінеді. Бұл жол ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып тұрған кезде жоспарланып, Көкшетауға дейінгі бөлігі салынған болатын. 30-жылдары «Көкшетау – Қарағанды», «Қарағанды – Бертіс(Балқаш)» бағытындағы жол толығымен іске қосылып, индустриясы жаңа өркендеп келе жатқан Қазақ КСР-нің экономикалық қантамырына айналды. Оралдың металлургиялық зауыттарына Қарағандының көмірі, Балқаштың мысы, Орталық Қазақстанға керек құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары тағы да басқа халық шаруашылығы тауарлары тасымалданып, ел игілігіне қызмет етті. Индустриялық дамудың үлкен бір үлесі – қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаев ашқан Жезқазған қойнауының сапалы мысын Орталыққа жеткізу мақсаты алда тұрды.
Үлкен жоспардың осы талабын орындау барысында «Қарағанды – Бертіс» бағытының 855-шақырымдағы 11-разъезден батысқа Қарсақпай зауытына 400 шақырым темір жол тартылды. Бұл уақыт 32-нің қанды қырғынынан аман қалған, қазақтың бүйірі шығып, тоғайған көңілі толып оңалған кезі. Өзі қол қойған жоспардың іске асқанына марқайған Сәкен «Біздің ел енді де бір нәрсеге зәру болар ма екен?» деген екен. Онысы сықырлаған өгіз арбасын бұрқыраған ат арбаға айырбастаған ел еш нәрсеге мұқтаж болмас деген сенім еді.
Бұл 1936 жыл, қазақстандық ақын-жазушыларымыздың арасынан бірінші болып Сәкен аға шығармашылығының 20 жылдығы тойланып, астына жеңіл автомобиль беріліп, Ақмоланың педагогикалық институтына, Қызылорданың драма театрына сонан соң біз тақырыбымызға арқау етіп отырған 11-разъезге «Сәкен Сейфуллин стансасы» атауы берілген.
«Иә, қилы,қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» демеп пе еді заманы зарға толы қазағым. Қаһарлы 37-нің зобалаңы келіп, арыстардың өздерін де, аттарын да өшірді. Сәкеннің стансасы атауын алған Жарық – ешқандай мән-мағынасы жоқ, сол жерді қыстаған ағайындардың «жері сор, жарықшақ, жарық деген ұғымынан аталған, қимайтын ештеңесі де жоқ атау. Үлкендердің айтуы бойынша станса вокзалының маңдайша сылағының астында «Дария», «Ақадыр» стансаларындағыдай қазақшасы сол кезде қолданыстағы латын графикасымен жазылған Сәкен Сейфуллин атауы сақталған.
Ендеше, латынға көшіп, көш түзеп жатқан шағымызда стансаның алғашқы заңды атауын қайтарып, маңдайша сылағын ашсақ, елі үшін, қазағы үшін шыбын жаны шырқырап құрбан болған Сәкендей арысымыздың аруағы разы болар еді деген ой тастаймыз.
Бұл тұрғыда сол кездегі Успен орта мектебі (бүгінгі Сәкен орта мектебі) ауыз толтырып айтарлықтай іс атқардық деуімізге болады. Нәтижесінде мектебімізге Сәкен атын 1994 жылғы 100 жылдығында сол кездегі Үкіметіміз берген болатын. Бұл алға қойған мақсатымыздың бір орындалғаны дедік.
Содан бері 25 жыл өтті. Алайда сол станса Сәкен атын сарғая күтуде. Біздің өлкетанушылардың орындалмай қалған арман-мақсаты да осы болып тұр.
Бұрынғы, қазіргі оқушыларымыз тағы «Экспресс-2» экспедициялық топ құрып, жаңадан жорыққа шығып дүмпу жасамақ жоспарда бар. Биылғы 125 жылдық мерейтойы келіп тұрған бабамыздың аруағын құрметтеп, станса атауын Сәкен Сейфуллин етіп қайтарсақ, елдігіміздің, егемендігіміздің бір жетістігі болары хақ.
Стансаның атауын қайырып алып, қасқайтып ескерткішін қойсақ, Сәкеннің кіндік отаны Нілді (Успен) ауылы жолын асфальттатсақ, ондағы өлкетанушылар еңбегінің жемісі – екі музейге мән берсек, Сейфолланың Қарашілігіне де қатынас оңалар еді. Бұл жерден Өлкелік-Сәкендік туризм кластерінің пұшпағы шығып тұрған жоқ па?
Осы талаптар орындалып жатса, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларындағы алға қойған міндеттердің орындалғанының көрінісі болар еді.
Файзулла НҰРЖАНОВ,
өлкетанушы