Уақытқа, заманға сай әлеуметтік желілердің де танымалдығы артып, бірінің орнын бірі басып келеді. TNW платформасы осыған орай әлеуметтік медиа әлеміндегі өзгерістерді жүйелеп, келесідей видео жасапты. Видеода соңғы 16 жылдағы әр платформа қолданушыларының бір айдағы көрсеткіші ескерілген.
Басқаша айтқанда, әр жылдың ең танымал әлеуметтік желісін анықтаған.
Видео авторларының айтуынша, ақпаратты нәтижелерін ашық жариялаған компаниялардан алып, нақты көрініс үшін қосымша жұмыстар атқарыпты. Негізінде, бұл тек болжам. Өйткені ақпарат маңызды шешім шығаратындай шынайы, толық емес еді.
https://thenextweb.com/tech/2019/06/11/most-popular-social-media-networks-year-animated/?jwsource=cl
Видеодан LinkedIn желісінің айтарлықтай ескі платформа екенін біле аламыз. Оның тарихы әлеуметтік медианың сонау ерте кезеңінен басталған екен. Онымен қоса MySpace, Friendster сынды әлеуметтік желілердің қолданыстан шығып қалғанына да куә бола аламыз.
Тіпті Google Buzz-дың бір-екі жыл қатарынан ең танымал әлеуметтік желілер тізімінде болғанын да көреміз.
Сіз бен бізге жақсы таныс YouTube желі қолдануышларының назарына тек 2005 жылы ғана ілігеді. Ол кезге дейін MySpace, Hi5, Orkut, Flickr, Friendster желілері танымал болған. Ал Twitter қолданысқа 2009 жылы іліксе де, тұтынушыларды тек 2011 жылы қызықтыра алған. Дегенмен, 2015 жылы Instagram, WeChat, Facebook, Youtube қысқа ойларға негізделген желіні ығыстырып тастайды.
Ал бұл талдау Қазақстанда жасалатын болса, танымал әлеуметтік желілердің қатарында Мой мир мен Вконтакте платформаларын көретін едік. Бүгінде Мой мир танымалдығын жоғалтса да, Вконтакте желісі қолданыстан шығар емес.
Авторлар мұны нақты әрі түбегейлі зерттеуге жатқызбайды. Бір айтары, 16 жылдағы әлеуметтік желілердің өзгерісін бақылау барысында ешбір желінің елеусіз қалмағаны. Әр желі міндетті түрде өз қолданушыларын тауып отырған.