Мұражайлар мәслихат құрған шараның салтанатты ашылуында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев және «Мұрағат-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Бекзат Алтынбеков құттықтау сөз сөйледі.
Фестивальдың алғашқы күні «Өз есіміңді тарихта қалдыр» акциясы өткеннен кейін, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы, Түрік Республикасының Анкара университеті мен Астрахань музей-қорығы арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Бұдан кейін бағдарламаға сай, қолданбалы өнер бойынша шеберлік дәрістер ұйымдастырылып, оған мұражайлардың суретші-реставраторлары, қыш ісінің шеберлері белсене атсалысты.
Фестивальде ұйымдастырылған «Ұлы дала мұрасы» экспозициясында еліміздің 60-тан астам бірегей жәдігері қатысушылар мен қонақтар назарына ұсынылды. Соның ішінде жұртты өзіне қаратқан экспонаттың бірі «Алтын адам» жәдігерінің көшірмесі болды.
Халықаралық фестивальға қатысушы қонақтар құр қол келмеген екен. Мысалы, Қытай делегациясы Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының иелігіне XVIII ғасырдағы Қытай мен Қазақстан арасындағы жібек саудасы туралы құжаттың көшірмесін сыйға тартты. Моңғол делегациясы болса, қазақ диаспорасының Моңғолия аумағына қалай қоныс аударғаны туралы құжаттың көшірмесін әкеліпті. Ал өзбек делегациясы XIX-XX ғасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар мен фотосуреттердің көшірмесін тарту ретінде ұсынды.
Фестивальдың екінші күні мұражай қызметкерлеріне арналған «Мұражай қызметін жаһандық жаңғырту – уақыт қажеттілігі» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Шара барысында Анкара университетінің профессоры Айша Чакир Илхан, жоғары санатты экскурсовод-әдіскер, Қазақ спорт және туризм академиясының туризм сарапшысы, ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, профессор Тәттігүл Қартаева және басқа да танымал тұлғалар дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Халықаралық фестивальдың қорытынды күнінде алыс-жақыннан келген қонақтар үшін ұлт ұясы – Ұлытаудың тарих тұнған қасиетті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды.
Қарағанды облысы