• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2010

МӘДЕНИ ДӘСТҮРЛЕР ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ

3173 рет
көрсетілді

Биылғы жылды әлем халықтары жаһандық мәдениетаралық үнқатысуды дамыту ұранымен өткізу үстінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау туралы бастама көтерген болатын. Уақыт талап етіп отырған бұл бастаманың әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапқаны БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми шешімі арқылы қуатталды. Сөйтіп, өз аумағында ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің ерен үлгісін көрсетіп келе жатқан көпэтносты, көпконфессиялы туған Отанымыз бүгінгі өркениет үдерістеріндегі қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді еңсерудің жаңа тетіктерін ұсынып отыр. Сонымен, Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық етіп жатқан жыл Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп те жарияланды. Демек, бұл жылдың дүние жүзіне мәңгілік құндылықтарды жаңаша бағамдап, сезінуге алғышарт жасайтыны күмәнсіз. Самат МҰСА, “Егемен Қазақстан”. Жаһанданудың тікелей қазіргі заманғы қо­ғамдарға экономикалық, әлеуметтік және мәде­ни тұрғыда жаңа серпін беретіні баршаға аян. Экономика саласының ауқымына сыймайтын осы феномен елдердің өзара ықпалдастығын күшейте отырып, сәйкестік пен мәдени сан­алуан­дық проблемасына тікелей ықпал етіп, жаңа қыр көрсетулер мен соларға шара қол­да­нудың соны нысандарын жасайды. Стандартты мәдени үлгілерді бүкіл әлем бой­ынша тарату осы заманғы мәдениетті жа­һан­дандыру салдарларының біріне айналды. Бұған бірқатар факторлар себеп болса, солар­дың арасынан мәдени ықпал жасау мен қарым-қатынас үшін шекаралардың ашықтығын, бұ­қа­ралық ақпарат құралдарының, әсіресе, ға­ламды “виртуалды ауылға” айналдырған теле­визия­ның теңдессіз әсерін, және ең соңында, адамзат баласының әлеуметтік жұмылғыш­ты­ғының бұрын-соңды болмаған ауқымдарын атай кеткен жөн. Мәдениеттер жұғыстығы мен ассимиляциясы салдарынан мәдениеттің өзіндік ерекшелігінен айырылу қаупі төнді. Зерттеулер көрсеткеніндей, жаһандану мін­детті түрде бірыңғай (біртұтас) мәдениет құруды білдірмесе де, бірақ ол анықтама бойынша, кос­мополитті және өзімен мәдени сұрқайылықты (біркелкілікті), бұқаралықты, ұлттық мәдениет­тердің, әсіресе, әлемдік аренада бекіп үлгер­ме­ген басым емес мәдениеттердің шекараларын жою үрдісін енгізді. Мұндай жағдайларда мәде­ни жаһандану қауіп-қатерге айналуы мүмкін. Бірақ бұл жаһандануды теріске шығаруды біл­дірмейді, ал сайып келгенде, оған сын көзбен қарауды және ықтимал түзетулер жасауды меңзейді. Осыған байланысты, жаһандану рет­сіз­дігін бақылау тетіктерінің біріне мәдениет­тер­дің өзін-өзі танытуы, яғни олардың өзіндік ерекшеліктерін, қайталанбас өзгешеліктерін көр­некілеуі жататыны кездейсоқ емес. Бұл мәде­ни өзіндік оқшаулануды немесе “мәдени гетто” жасауды білдірмейді, өйткені, әрбір ұлттық мәдениетте барлығына ортақ базалық гуманистік құндылықтар қаланған. Оның үстіне, жаһандану мәдени мұра туралы ғаламдық ауқымда да, сондай-ақ жергі­лікті ұлттық ауқымда да білім мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жаһандану мұхитының иіріліміне батып кетпеу үшін мемлекеттің күш-жігерлері қажет, ал ұлттық мәдениет бағдар болуы тиіс. Адамзат тарихы мәдениеттер мен өркениет­тер арасындағы айырмашылықтарды көбіне жанжалдың түйінін шешу немесе зорлық-зом­бы­лықты ақтау үшін себеп ретінде пайдалан­ға­нын айғақтайды. Өкінішке қарай, бүгінгі за­ма­нның да тұрақты еместігін, керісінше, одан сайын ушыға түскенін амалсыз мойындауға тура келеді. Жаһанданудың болжануға тиіс екені, ол бір елде қалыптасқан унитаризмнің (біртұтастығы­ның) меңгерілетіні қазір басы ашық мәселе. Кейбір мемлекеттер үшін өркениеттердің қақ­ты­ғысуы олардың басқалардан үстем болуға қа­тысты геосаясаттық стратегиясының бір бөлігі, билік құралы. Бүгінде мұның көбіне әлемнің қалыптасқан бірполярлығының салдары екені көпе-көрнеу, сондықтан халықаралық саясатта көпполярлылыққа қайта оралу ауадай қажет әрі осы үдеріс оған жұртшылықты қатыстыру мен мәдени айырмашылықтарды құрметтей білу жағдайларында ғана жүруі тиіс. Қазіргі заманғы институттардың барлық ха­лық­тардың мүдделерін ескере бермейтінін мой­ындауға тура келеді. Кеңінен қанат жая баста­ған жаһандану әлсіз мәдениеттерді немесе аз­шы­лық мәдениеттерді өздерінен күшті мәде­ниеттермен қақтығыста жеңіліске ұшырататыны даусыз. Ирактағы, Ауғанстандағы соғыстар мұның айқын дәлелі. Осыған орай, институттардың мәдени жа­һан­дануға байланысты келеңсіз үрдістердің ал­дын алуға өздеріне басты жауапкершілік жүктеуі қисынды болар еді. Ғалам “басқаны” құрметтеу түбегейлі идеясына қайта оралуы тиіс. Расында да, ЮНЕСКО-ның жалпыға бірдей Декларациясы мәдени саналуандылықты адам­ның құрмет көрсетілуі тиіс ажырамас құқығы ретінде белгілесе, ал БҰҰ-ның адам дамуы жөніндегі бағдарламасы (БҰҰДБ) еркіндік пен мәдениетті бірінші орынға қояды және мәдени саналуандықты сыйламайтын жерде экономи­ка­лық даму да мүмкін емес дегенді кесіп айта­ды. Бірақ, нақты болмыс көрсеткендей, БҰҰ осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жа­рияланған қағидаттарды жаңарту және әлемдік саяси инс­титуттардың рөлін қайта қарау қа­жет­тілігі толғағы жеткен мәселеге айналды. Әлем­дегі мәдени саналуандықты қорғау жөніндегі қыруар қарарлар шыққанына қарамастан, түрлі мәдениеттер бейбіт қатар өмір сүретін заманға нақты қол жеткізу мүмкіндігі әлі тым алыста. Сайып келгенде, аждаһадай жойқын жаһандану жағдайларында мәдени саналуандық жанжал­дар­ды болдырмау мен шешуге қатысты негізгі құралдардың бірі ретінде ерекше құндылыққа ие болады. Қазіргі кезде, бір жағынан мәдени немесе өр­кениеттік айырмашылықтардың негізінде туын­дайтын жанжалдар тоқтамаса, екінші жа­ғы­нан мәдениеттің жаһандануы жүріп жатқан уақытта өркениеттердің үнқатысуы тіптен қажет. Дүниенің бір мезгілде қатар жүретін бірлігі мен ыдыраңқылығы жағдайларында адамдар саясат пен экономикадан еркін, барлық мәдениеттердің өзіндік құндылығын тең мой­ындау негізіндегі кроссмәдени қатынас арқылы ғана нағыз жаһандық пайым жасай алады. Шын мәнінде, бұл – тек мәдениеттің ғана емес, соны­мен бірге, саясаттың да, экономиканың да ортақ проблемасы. Осы арада С.Хантингтонның мына бір ұстанымы ойға оралады. Ол былай деген болатын: “Бүгінгі әлемде дау-жанжал­дар­дың негізгі көзі бұдан былай қарай идеология да, экономика да болмайды... Адамзатты бөле­тін аса маңызды межелер мен дау-жанжал­дар­дың төркіндері енді мәдениет арқылы белгі­ленетін болады”. Мемлекетаралық, этностық, экономикалық байланыстар өрістей түскен жағдайларда түрлі қауымдастықтар кездесетін аймақтарда көбіне жан­жалдарға (айтыс-тартыстарға) ұласатын шие­ле­ніс туындайды. Мұндай жағдайда жанжал­дар­дың шешімін табу өнері қоғамдар мен мем­лекеттер арасында үнқатысулар орната білу жө­нін­дегі ғылымға айналады, әрі бұл ретте гума­нис­тік идеяның рөлі айрықша маңызға ие болады. Сондықтан қалыптасқан жағдайларда мәде­ни саналуандықты қорғауға азаматтық баста­маның барған сайын көбірек қатынасатындары кездейсоқ емес, мұнда үкіметтік емес деңгейде, ең алдымен, “Халықаралық қоғамдық форум”, “Өркениеттер үнқатысуы” немесе “Барселона форумы” сияқты халықаралық қоғамдық ұйым­дар зор белсенділік танытуда. Осы ұйымдар нақты мәдениетаралық үнқатысу жүргізу және қа­лың жұртшылыққа да, сондай-ақ саяси инс­ти­туттарға да ұсыныстар әзірлеу үшін бірегей мүмкіндіктер береді. Бұған қосымша, мәдени жаһанданудың қай­шылықтарына қарсы және өз мәдениетін қор­ғау үлгілерін жасауға нақты аймақтық, сондай-ақ еларалық деңгейде де, соның ішінде еур­азия­лық посткеңестік кеңістікте, атап айтқанда, құр­лықтың кіндік ортасына орналасқан Қазақ­станда да осыған байланысты ұсыныстар бері­ле­ді. Бұл топырақта бағзы замандардан бері мә­дениеттер мен идеялар арасында өзара алмасу үрдістері жүріп отырды. Еуразиялық кеңістік аумағындағы мәдени байланыстардың бірнеше өркениеттік-мәдени сабақтастықты сіңірген әрі бай, әрі көне тарихы бар. Еуразиядағы ашық, әрі байтақ далалар аймағы көшпелі және оты­рық­ты халықтардың түрлі мәдениеттерінің өзара ықпалдастығы мен тоғысуына ұйытқы болды. Қазақстанның қазіргі аумағында сан түрлі тайпалар мен халықтардың жолы түйісіп отырды. Осы халықтар туралы деректер бізге сан түрлі көріністерде, соның ішінде өнер, ха­лық­тың естелігі арқылы жетті. Еуразияның ше­жіресі өркениетаралық қарқынды және жемісті өзара ықпалдастық, әлеуметтік-мәдени және экономикалық өзара кірігу мысалдарына толы. Солардың ішіндегі ең айшықтылары – халық­тардың Ұлы көші-қонына байланысты оқиға­лар, осы оқиғалардың нәтижесінде бүгінгі Еуро­па­ның нобайлары пайда болды. Ұлы Жібек жолы ежелгі заманның басты сау­да-экономикалық күретамырына айналса, көшпелі-номадтардың мемлекеттік құры­лым­да­ры симбиоздың, түрлі мәдениеттер мен діндер бірлестіктерінің (одағының) үйлесімді үлгілеріне жатады. Өркениеттік тұрғыда Қазақстанның тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарында шаруа­шы­лық жүргізудің негізгі үлгісі ретіндегі тіршілігін тоқтатқанына қарамастан, номадизммен, көш­пелі тұрмыспен ажырамас сабақтастықта да­мы­ды. Қазақстан топырағында тұрған тайпалар мен халықтар өздерінің дербес, көшпелілерге ғана тән бірегей мәдениетін жасады, осы мә­дениет Батыстың да, Шығыстың да түрлі мәде­ни дәстүрлерімен өзара ықпалдастық жүргізді. Көшпелілердің өркениетіне, басқа кез келген өркениет сияқты, бірқатар ерекшеліктер, соның ішінде мәдени, саяси және экономикалық өзгешеліктер тән. Сонымен бірге, номадтардың жалпыадамзат өркениетіне қосқан нақты үлесі көбіне елене бер­мейді, бірақ нақ сол көшпелілер әскер тегін (қару-жарақ, ат әбзелдері), мал шаруашылығын, ою-өрнек өнерін дамытуда нағыз револю­циялық жаңалықтар енгізді. Түркі мәдениетінің көптеген элементтерін Еуропаның да, сондай-ақ Азияның да егін шаруашылығымен айна­лысатын отырықшы халықтарының өздеріне сіңіргені таңқаларлық жәйт емес. Бүгінгі Қазақстан өткен замандардан ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің саналуандығын мирас етті. Ел аумағында тұратын жүзден аса этнос­тық топтың өкілдері азиялық және еуропалық компоненттерді үйлестіретін бірегей мәдени нақышты құрайды. Сондықтан жаһан­дық мәдени стандарттар мен үлгілерді жаппай тарату жағдайларында мәдени саналуандық пен өзіндік ерекшелігі бар мәдени дәстүрді сақтау, әсіресе, өзекті мәселеге айналып отыр. Өз мәдениетін қорғау үлгілерін әр ел өз қолымен жасайтыны кездейсоқ емес. Осы проблеманың маңыздылығын ұғынған Қазақстанда мемлекеттік деңгейде басым бағыт – мәдени саясат нысаналы түрде жасала бас­та­ды. “Мәдени мұра” бірегей бағдарламасы со­ның негізін қалайды, осы бағдарламаның елдегі мәдени тектік қорды сақтауға, дамыту мен тара­туға қатысты жүйелі тәсілі нақты практикалық іс-шаралардың жемісі арқылы іске асырылады. Ел Президенті ұйытқы болған осы бағ­дар­лама біздің қоғамымыздың мәдени және рухани жаңғыруында маңызды рөл атқарады. Пост­кеңес­тік кеңістікте теңдесі жоқ осы бағдарлама Қа­зақстан Республикасында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тарихы мен мәдениетіне қатысты ескерткіштерді анағұрлым тереңірек зерделеуге, жүйелі есеп жүргізуге, сақтауға сеп­тігін тигізеді. Сөйтіп, постиндустриялы ғасырда жаһандану тегеурінінде мәдени сәйкестікті сақтап қалу үшін өткенге қызығушылық өзекті мәнге ие болады. Мемлекетіміз өзінің әлеуметтік және мәде­ни саясатын жүргізуде елдің этностық-мәдени саналуандығын, атап айтқанда, жанында этно-мәдени орталықтар жұмыс істейтін Қазақстан хал­қы Ассамблеясы сияқты құрылымның қол­дауы арқылы сақтауға күш салады. Мәденит­ара­лық, конфессияаралық үнқатысудың түрлі нысандарын реттей отырып, осындай құрылым Еуразия халықтарының рухани бірігуіне, тіл­дердің, мәдениеттер мен діндердің үйлесімді үндестігінің дамуына септігін тигізеді. Бүгінгі көп мәдениетті Қазақстанды этносаралық және дінаралық келісімнің орнықтылығы, түрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің бай тарихи тәжірибесі сипаттайды. Сонымен бірге, Қазақстан нақты болмыстан оқшауланбайды, керісінше, Еуразиядағы ай­мақтық үдерістерге белсенді қатысады. Инте­гра­ция, жаһандану үдерістеріне белсенді қатысу, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің жаңа жүйелерін жасау істерін Қазақстан барын­ша ұтымдылықпен ілгері жылжытуда. Осы орайда, еуразиялық кеңістікте аймақтық эконо­ми­калық және саяси блок құру жөніндегі Қазақ­станның бастамасы ерекше маңыз алады. Бұл үдеріс аймақтық блоктар құруға қатысты әлемдік үрдістерге сәйкес келеді, ол өз кезе­гінде көпполярлы әлем орнату мен жаһандануға қатысуға қосқан үлес болып табылады. Екінші жа­ғынан, бұл жаһанданудың келеңсіз әсер­ле­ріне шара қолдану тетіктерін жасайды. Нақты шындық көрсеткеніндей, тек ірі топтасулар ғана бұрын қабілетті. Еуроодақ немесе АСЕАН сияқты аймақтық бірлестіктер жаһандық экономиканың дамуына ықпал етудің нақты орталықтарына айналу жолында. Еуразиялық аймақтық құрылымның не­гі­зінде халықтары ғасырлар бойы бір-бірімен ұдайы байланыста дамыған құрлықтағы ел­дер­дің геоэкономикалық жақындығы жатқанымен, бірақ мәдени-рухани молықтырусыз ол тірші­лік­ке қабілетсіз болады. Әрине, азаматтық бас­та­ма мәдени өріс жасауда шешуші рөл атқа­ра­ды. Бірақ, гуманитарлық кеңістіктің мемлекет­тік күш-жігерлер саласы екені және мемлекет­тік саясатсыз оны іс жүзінде ыдыраудан арашалап қалу мүмкін еместігі де айқын мәселе. Сондықтан Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың жаңа аймақтық блок жа­саудың негізі ретінде Еуразия мемлекеттерінің одағын құру жобасын ұсынуы посткеңестік ыдыраудың салдарларынан күйзеліссіз арылу үшін қажет шешуші бағдарларды айқын бел­гілеп берді және Еуразия елдерінің арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарды. Еур­азия­лық идея жалпыадамзаттық да, сондай-ақ жеке халықтардың да тарихымен және мәде­ниетімен тығыз байланысты. Президент Н.На­зарбаев атап көрсеткендей, “Еуразиялық инте­грацияның құндылығы мынада, ол халық­тардың бірегейлігіне қысым жасамастан және ассимиляцияламастан, керісінше, олардың сан­алуандығын сіңіретіндей бірлік пен тұтастықты иеленуі тиіс. Өйткені, этномәдени байлық пен батысеуропалық славян, ислам және түркі өрке­ниеттерінің элементтерін қосу бүгінгі Еуразия үшін айрықша ерекшелік болып табылады. Біздің өңірімізде, одан да нақтырақ айтсақ, біздің елімізде Шығыс пен Батыстың дәстүрлері өзара сабақтасады және өзара кірігеді, мәде­ниеттер мен өркениеттердің ынтымақтастыққа ұласатын нақты үнқатысуы жүзеге асуда”. Өркениетаралық үнқатысу баламаларының бірі ретіндегі еуразиялық идеяны іс жүзіне асыру ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты аймақтық экономикалық институттар мен аймақтық қауіпсіздік құрылымдары аясында кезең-кезеңімен жүретін болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға мүше елдер шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының Екінші форумына қаты­сушыларға арнаған құттықтау сөзінде былай деп атап өтті: “ТМД мемлекеттерінің көпжақты өзара ықпалдастығында гуманитарлық құрауыш аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Біздің мәдени, ғылыми және жай адамгершілік байланыстарымыз терең тамырлармен сабақ­тасып, біздің халықтарымыздың бай дәстүрлері мен тәжірибесіне сүйенеді”. Сонымен, тұрақтылық пен экономикалық өсіп-өркендеуге мүдделі түрлі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың белсенді үлгісін жасау арқылы біздің өңіріміздегі елдердің жаһандану үдерістерінде бейімделуін әбден нақты тұрғыда жұмсартуға болады. Бұл, әсіресе, осы елдердің бәрі бірдей ұлт­тық-мемлекеттік идеяны қалыптастырып үлгір­меуі себепті де аса маңызды. Қазіргі кезеңде еуразиялық кеңістіктегі халықтар үшін ұлттың қайта өркендеуге ұмтылуы өзекті мәселе, бұл олардың мәдени сәйкестікті ұғынуынан айқын көрінеді. Осы мәселе жаһандық мәдени ағындар­дың алдында айрықша тұр. Сондықтан жаһандану за­манында мәдени байланыстың (қарым-қаты­настың) этностық, ұлттық, діни және лингвис­тикалық (тілдік) өзіндік ерек­ше­лік­тері сақталуына септескен жөн. Еуразия елдерінің өздеріндегі мәдени саналуандықты сақ­тауға ұмтылулары қажеттілік, бірақ, сонымен қатар, өздігінен оқшаулану әрекеттерінің әрқашан мәдени тоқыраумен аяқталатынын да ұмытпау керек. Сондай-ақ, еуразиялық кеңістік бір жағынан жаһандану үдерістеріне белсенді қатысуға және екінші жағынан оның керексіз салдарын түзетуге мүмкіндік береді. Дүние тарыла, ал байланыстар барған сайын қарқындана түскен жағдайда елдер арасындағы өзара ықпалдастық қажеттілікке, әрі оның үстіне, жалпыәлемдік дамудың мәні мен қисынына айналады. Әйтсе де, мынаны мойындау керек: мемле­кет­аралық мүдделерді үйлестірудің құқықтық тетік­терінің шалалығын ескергенде, ынтымақ­тастықтың пайдасы бұдан да көп болар еді. Сонда да болса, еуразиялық өзара ықпалдас­тық­тың тәжірибесі осы аймаққа кіретін ха­лық­тар мен елдердің экономикалық және мәдени мүдделері үндестігінің бірегей мысалына айналуы мүмкін. Еуразия аумағында, соның ішінде Қазақ­стан­да да әлемдік діндер – ислам мен хрис­тиандықтың үйлесімді бейбіт қатар өмір сүруі, әсіресе, әлемнің басқа бөліктерінде тоқтаусыз жүріп жатқан дінаралық жанжалдар жағдайында назарға алуға лайық үлгі болып табылады. Өздігінен тұйықталу емес, халықтардың бай мұрасын сақтау мен өркендету Еуразия док­тринасының басты қағидаттарының біріне жатады. Өзіндік ерекшелігі бар мәдениеттерді сақтау арқылы әлемдегі жалпы мәдениет қазынасы одан сайын байи түседі. Сондықтан көпмәдениетті Қазақстанның мәдениеттер мен діндердің халықаралық үнқатысу жүргізетін тұрақты орнына айналғаны заңды құбылыс. Елордамыз Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері үш рет өтті, мұнда әр елден келген дінбасылары өзара түсіністіктің ортақ тілін ғана емес, сонымен бірге, әлемнің “шиеленісті нүктелеріндегі” дінаралық қақ­ты­ғ­ысты тоқтату тетіктерін табудың да жолын іздес­тірді. Оның үстіне, біздің еліміздің бастамасы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылды Мәдениеттер үндестігінің халықаралық жылы деп жариялады. Бұл орайда, Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды және өзара түсіністікті жаһандық деңгейде нығайтуға Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына биылғы төрағалығы да бірегей мүмкіндік беретіні күмәнсіз.