• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Сәуір, 2013

Дүдәмал дәулеттің арты қайырсыз

409 рет
көрсетілді

Дүдәмал дәулеттің арты қайырсыз

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 1:57

Өткен аптаның ең басты экономикалық жаңалығы жаһандық ауқымдағы оффшор мәселесі болды. 3 сәуірде Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы (ICIJ) оффшорлық аймақтарда есеп-шоттары бар саясаткерлердің, шенеуніктердің және басқа белгілі тұлғалардың тізімін жариялайтындығы туралы хабар таратты.

 

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 1:57

Өткен аптаның ең басты экономикалық жаңалығы жаһандық ауқымдағы оффшор мәселесі болды. 3 сәуірде Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы (ICIJ) оффшорлық аймақтарда есеп-шоттары бар саясаткерлердің, шенеуніктердің және басқа белгілі тұлғалардың тізімін жариялайтындығы туралы хабар таратты.

Адал еңбекпен келмеген дәу­леттің түбі қайырсыз болады. Бұл әлімсақтан бері адамзат тарихында тәжірибе жүзінде дәлелденген тұжырым. Алайда, «дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, оңай олжа, қайырсыз байлыққа қызыққан адамдар «арам» ақшаға дәнігуін қояр емес. Дүдәмал дәулеттің ғұмыры пәтуасыз болатындығын Кипр мемлекетіндегі банктердегі депозиттердің тағдыры тағы да паш етіп отыр. Сонымен Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы әшкерелеген аталмыш тізімде британдық Виргин аралдарында, Гонконгте, Сингапурде және Кука аралдарында тіркелген 130 мың оффшорлық компаниялардың иелері анықталған. Олар әлемнің 170 мемлекетіне қатысты көрінеді. Әртүрлі баға беру деңгейі бойынша, оффшорлық есеп-шоттарда 32 триллион доллардан астам қаржы шоғырланған. Бұл қаржының басым көпшілігі табыс көзі дүдәмал лас ақшалар болып табылады.

ICIJ консорциумының тізімі туралы хабар таралысымен-ақ Германия, Грекия, Канада, АҚШ және Оңтүстік Корея мем­ле­­кеттерінің өкіметтері кон­сор­­циумға тиесілі 2,5 миллион фай­лға кіруге рұқсат сұрады. Алайда, ICIJ тарапынан үзілді-ке­сілді қарсылыққа тап болды. ICIJ консорциумының директоры Джерард Райлдың айтуы бойынша, консорциум ешқандай құқық қорғау органдарының немесе үкіметтік агенттіктердің бөлімі емес, ол тәуелсіз ұйым болып табылады. Сондықтан, 2013 жылдан бастап бұл ұйым бір жыл бойы өздерінің қалауы бойынша тізімді жариялайтын болады.

Сөйтіп, ICIJ консорциумы қайырсыз қаржылардың жылы ұясы болып табылатын оффшорларға үзілді-кесілді соққы беру науқанын бастады. Консорциумның жұмыс тәсілі атақты Wikileaks сайтының жұмыс тәжірибесіне сәйкес келеді. Сонымен осы уақытқа дейін әлемдік қаржы жүйесінде суда жүзген балықтай өмір сүріп келген оффшорлық компаниялардың тамырына балта шабу дәл қазір не үшін қажет болды екен?

Біріншіден, бұл науқанға қоз­ғау салған Кипр мемлекетінің дефолтқа ұшырауы болса керек. Екіншіден, айла-шарғысы қаншама қитұрқы десек те өзге елдің есе­бінен жонып алып, ешқандай салық төлемей еселеніп жатқан оффшорлық байлықтың да тойымсыз тәбетіне тоқтау салатын уақыт жетті. Бизнес еркіндігін жүгенсіз кеткен әрекеттермен пайда табу тәсілі деп түсінетін олигархтар өркениет заңдылықтарын белден басып, адами құндылықтарды аяққа таптайтын болды. Кәсіпкер бойына біткен табиғи қабілеті мен ерекше еңбекқорлығының арқасында байлығын еселейтін капитализмнің классикалық тұжы­рымдары тұйыққа тіреліп, бүгінде жаппай алдау-арбауды кәсіпке айналдырған бизнесмен-сымақтар ортағасырлық неопатизм тәсілдерімен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық жолына түскен.

Еурокомиссияның оффшорлық аймаққа соққысы

Жақында Еурокомиссияның арнайы өкілі Оливье Байи Еуро­одақ елдері жыл сайын салық төлеуден жалтарған азаматтары мен рези­денттерінің қылығынан 1 триллион еуродан астам қаржы жоғал­татындығын атап көрсетті. Бел­та ақпарат агенттігінің мә­ліметі бойынша, Еуропалық одақ­тан оффшорлық аймақтарға жасырыл­ған қаржыдан жиналуға тиіс салық көлемі қазіргі кү­ні халықаралық дәрежеде дағ­дарысқа қарсы бағдар­ламада қарастырылған қаржыдан екі есе көп. Байидың айтуы бойынша, Еурокомиссия алдағы уа­қыт­та салық төлеуден қашып, оффшорлық аймақтарға аударылатын есеп-шоттарға үзілді-кесілді тыйым салу керек.

Кипр мемлекетінде орын ал­ған күрделі дағдарыстан кейін Еуропада салықтан жалтарған жасырын ақшаларға қарсы күрес ерекше белең алды. Арам ақша айналысына тыйым салу бағытында басталған бұл толқын оффшорлық аймақ атанған Кипр мемлекетінің қаржылық жүйесіне қайта оңалмастай соққы жасағандығы ақиқат. Енді Кипрдің бұрынғыдай «жұмақ» аралы бола алмайтындығы белгілі болды. Еуропалық бақылаушылардың мәліметі бойынша, Еуропалық одақтың жетекші мемлекеттері еуропалық ергежейлі мемлекеттер – Люксембург пен Мальтаның қаржы жүйесін де осындай қатаң қыспаққа алуы әбден мүмкін.

Осы уақытқа дейін одан-бұдан қашқан тығынды ақшаларды ер­кін айналысқа түсіріп, табысқа белшесінен батып келген Кипрдің байлығы бір-ақ күнде құрдымға кетті. Кипр үкіметі экономикасын толық рецессия құрсауына түсуден құтқарып қалу үшін несие беруші үштіктің барлық талаптарын орындауға мәжбүр болып отыр. The Wall Street Journal-ның жазуы бойынша, елдің әлеуметтік саласына бөлінетін қаржының қысқартылмаған түрі қалмады. Алдағы уақытта үкімет бюджеттік және жеке меншік сектордың еңбеккерлерінің зейнет жасын тағы да өсірмек. Сонымен бірге, зейнеткерлерге берілетін пасхалдық төлемдерді азайтып, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржыны қысқартты. Кипр үкіметі алдағы бес жыл ішінде мемлекеттік активтерді жекешелендіру есебінен 1,4 миллиард еуро қаржы жинау­ды көздеп отыр. Кипр үкіметі үнемдеу шараларын арттырған сайы­н несие берушілердің талабы да күшейе түсуде. Осы уақытқа дейін Халықаралық валюта қоры Кипрге берілетін несие көлемінің тек 1 миллиард еуросын ғана өтеген. Несие көлемінің қалған 90 пайызы еуроаймақ елдерінің тағы да келісім беруінен кейін ғана жүзеге асырмақ.

Кипр өзінің банк жүйесін сақтап қалу үшін несие беруші үштік – Еуроодақтан, Еуропалық орталық банктен және Халықаралық валюта қорынан 10 миллиард еуро несие алуға келіскен болатын. Бұл қаржы банктерді толық дефолтқа түсуден сақтап қалмақ. Bank of Cyprus банкі салымшыларының 100 000 еуродан асатын есеп-шоттарындағы қаржының 60 пайызы тартып алынады. Қалған қаржы төменгі дәрежедегі құнды қағаздарға ауыстырылады. Ал Laiki банкінің салымшылары 100 мың еуродан асатын депозиттерін жоғалтады.

Кипр мемлекетінің жоғары соты Bank of Cyprus және Laiki банктері салымшыларының келісімінсіз осынша қаржыны ешқандай өтемақысыз алып қою қаншалықты заңға және ел конституциясына сәйкес келетіндігі туралы мәселені қарауға кірісті. Қазір аралдағы бұл елдің барлық адвокаттары са­лымшылардың мүддесін қорғау үшін соттарға шағым беруде. Paragon Advice Group агенттігінің серіктесі Александр Захаровтың айтуы бойынша, салымшылардың қаржысын ешқандай келісімінсіз күштеп құны жоқ акцияларға айырбастау шарасы салымшылар құқын бұзу екендігі даусыз. Алайда, бұл шара елде арнайы қабылданған «Несие және басқа да қаржы институттарын сауықтыру туралы» заң арқылы іс жүзіне асырылып отыр. Сондықтан оффшорлық банктердегі салымшылар мүддесін қорғау үшін адвокаттар сотқа қаншама шағымданса да бұл істен нәтиже шықпайды, дейді Александр Захаров.

Қазақстан бюджетіне қосымша табыс

Биыл еліміздің бюджеті қо­сымша 127 миллиард теңгеге толығатын болады. Жақында Үкі­мет елімізде шикі мұнайдың әрбір тоннасына салынатын экспорттық кедендік баж салы­ғы 40 доллардан 60 долларға өсі­рілетіндігін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты мамандардың пікірінше, 2013 жылы шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж салығы (ЭКБС) бюджетке қосымша 127,6 миллиард табыс әкелсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 191,4 миллиард теңгені құрайды.

«Halyk Finance» мәліметі бойынша, 2012 жылы шикі мұнайға салынатын ЭКБС-дан түскен қаржы 382,8 миллиард теңгені немесе мемлекеттік бюджетке түскен бар­­лық салық түсімдерінің 9,3 па­йызын құрады. Өткен жылы экспортқа шығарылған 68,1 миллион тонна шикі мұнайдың 63,7 миллион тоннасына ЭКБС салынған.

Еске сала кететін болсақ, елі­мізде шикі мұнайға ЭКБС салу алғаш рет 2008 жылы күн тәртібіне қойылып, экспортталатын шикі мұнайдың әрбір тоннасына 109,9 доллар баж салығы белгіленді. Алайда, бұл шешім қолданысқа енгізілмей жатып, әлемдік рынокта мұнай бағасының төмендеуіне байланысты 2009 жылы күшін жойған болатын. Бұдан кейін 2011 жылдың қаңтарынан бастап экспортқа шығарылатын шикі мұнайдың әрбір тоннасына 40 доллар баж салығы салына бастады. Содан бергі өткен екі жыл ішінде баж салығының деңгейі өсірілген жоқ. Көрші Ресей мемлекетінде экспортқа шығарылатын шикі мұнайдың әрбір тоннасына салынатын баж салығы 418 долларды құрайды. Бұл қазақстандық салық деңгейінен 10 есе жоғары. Кеден одағының тағы бір мүшесі – Беларусь Республикасы үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан бастап шикі мұнайға салынатын экспорттық баж салығын 395 доллардан 403 долларға дейін көтерді. Кеден одағының енді бір мүшесі – Қа­зақстан Республикасында экс­портқа шығарылатын шикі мұнайға салынатын баж салығы енді ғана 60 долларға жетті.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».