«Қарағандыға 85 жыл» атты тақырып аясында өткен шарада картина, қолданбалы өнер бұйымдарынан тұратын 70-тен аса шығармашылық туынды келушілер назарына ұсынылды.
– Аталған шара сотталған азаматтарға өз талантын көрсетуге мүмкіндік береді. Байқау нәтижесі бойынша алты жүлделі орын анықталады. Үздік деп танылған туындылардың авторларына сыйлықтар табыс етіледі, – деді ҚАЖК департаментінің бөлім бастығы, әділет майоры Еркебұлан Қарғалтаев.
Көрме төрінен орын алған шығармашылық туындылар арқылы әлдебір себептермен бостандығынан айырылған азаматтар өздерінің ойлары мен өмір туралы көзқарастарын және айналадағы әлемге деген қарым-қатынасын танытуға тырысқан.
– Осындай көрме-байқаулардың тәрбиелік маңызы зор. Өнер адасқан адамның түзу жолға түсуіне көмектеседі. Жыл өткен сайын бұл көрмеге деген қызығушылық артып келеді. Авторлар түрлі техникаларды қолданып, әртүрлі материалдармен жұмыс істейді. Мұнда кәсіби студияларда қолданылмайтын заттар іске жаратылады. Мысалы, көмірден жасалған мүсіннің өзі бір керемет. Сонымен қатар авторлардың арасында бояуларды өздері жасайтындары да бар. Материалдарды дайындауының өзі олардың өнермен айналысқысы келетінін көрсетеді. Мұндағы әрбір туынды өз әлінше ерекшелікке ұмтылған, – дейді өнертанушы, қазылар алқасының мүшесі Наталья Иванина.
«Үміт-2019» көрме-байқауының қорытындысы бойынша «Станоктік өнер», «Қолданбалы өнер», «Көркемсурет және графика» аталымдары бойынша үздік деп танылған жұмыстар қарттар үйіне тапсырылады.
ҚАРАҒАНДЫ