• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Маусым, 2019

Таралым аз, жарнама жеткіліксіз

495 рет
көрсетілді

Жалпы, кітап арқылы кез келген ұлт өзінің кем-кетігін, жоқ-жітігін түгендеп алады. Тәуел­сіздік алғаннан бергі он жылда біздің қоғам руха­ният саласын мүлде ұмыт қал­дырғаны өтірік емес. Ес жию кезеңі ешкімді артқа қаратпады. Одан кейінгі он жылда әрине, қазақ кітаптары шыға бастады.

Бірақ олардың негізгі салмағы ақын-жазушыларға түсіп кеткендей болып көрінетін. Сол ара­лықта жақсы кітап, яғни жақсы шығармалар да дүниеге келді. Өкінішке қарай, ол кітап­тар, ол шығармалар кітап нарығына икемделе алмай отыр. Кітаптың тиражы төмен деген сөз – олар­дың жарнамасы аз деген сөз.  Бір жағынан біздің аз ғана ха­лық­тың осы күнгі рухани мәсе­лесі мәз емес. Жазушылар тек әдебиетшілер үшін, ғалымдар үшін ғана жазып жатқандай көрінеді. Ақын-жазушының аты-жөнін білгенімен, көбі түр-тұлғасын танымайды. Кі­тап көрмесі, кітап саудасы – осы ол­­қылықтардың орнын тол­ты­­рады. Мен әлемдік кітап көр­ме­­­ле­ріне көп қатыстым.  Мы­са­лы, Гер­маниядағы, Фран­ция­да­ғы кітап көрмелері үлкен той түрін­де өтеді. Қазақстанда осы күні дәстүрге айналып үлгерген халық­аралық кітап көрме-жәр­мең­кесі сол үлгіге жақындап ке­леді.

Бүгінде кітап көрмелерін ел көптеп шоғырланған Нұр-Сұл­тан, Алматы қалаларында ғана емес, алыс шалғайда жатқан ауыл­дарға да жеткізуді мемлекет қамтамасыз ету керек.  Не­гізі­нен мемлекеттік тапсырыс­пен шығарылған кітаптардың болашағы аса жарқын деуге келмейді. Олар оқырмандар үшін емес, кітапханалар үшін ғана таратылады. Сондықтан кітап мәселесі біздің елде толық жолға түспей отыр. Қазақ кітап­тарының санының аздығын біз көп жағдайда нарықтық эко­номикаға сілтей беретін болдық. Ол да қате. Шын мәнінде оқыр­ман алыс аудандар мен ауыл­дарда жатыр. Олар облыс орта­лықтарына жете алмайды. Жет­кен күнде өзінің сыртқы проблемаларымен келеді де, ішкі жан дүниесін қанағаттандыратын ру­хани байлықтарды алуға уақы­ты да, ақшасы да жетпей қай­тып кетеді. Сол себепті, алыс аймақтарға кітап еркін жететін жүйе құрылу керек шығар. Оған біздің мемлекеттің зор мүмкіндігі жеткілікті және қабілетті.

Мысалы, біз секілді ша­ғын халықтар ұлтымыз аз болған­дықтан және кең-байтақ территорияда орналасқандықтан, бұл мәселеде немқұрайлы болуға хақымыз жоқ. Рухани мәселеге Мәдениет және спорт министрлігі, тіпті Премьер-Министрден бас­тап бас ауыртқаны жөн. Біз өзі­мізге сұрақты неге жастар қатыгез болып бара жатыр деп емес, неге жастарға ізгілік ілімін себетін кітаптар жеткіліксіз деп қоюымыз керек шығар. Көркем шығармаға мән бермеген ұрпақ – қатыгез күшке айналады.

Тәуелсіздік орнағанға дейінгі буын шағын ауылда өссе де, кітапқа қолы жеткілікті болды. Ауыл дүкендеріне қандай кітап келді деп тіпті екінші сынып балалары да асығып тұратын. Ол кезде нанмен қатар кітап та сатылды. Мен, мысалы, Мұхтар Әуезовтің кітабын сол нан дүкенінен сатып алып, алғаш көзімді ашып едім. Бұл нені аңғартады? Қазір біздің мемлекеттік жүйе осы нарықты жолға қоюы керек. Сондай-ақ кітап таратуда үлкен меценаттар тарапынан жан-жақты қолдау қажет. Саудамен айналысатын ірі компаниялардың өз тауарларымен қоса кітап саудасын да жолға қоюы бізді көп алға жетелер еді.

Тіпті мемлекет пәрмен беріп, ұлттық компанияларымызды кітап саудасына міндеттеу де керек шығар. Жалпы, рухани саланы қалпына келтірмей – ұлт қалпына келмейді және ол кітаптардың тек қана көркем шығарма болуы міндетті емес. Кез келген ғылыми кітаптар да қазақ ортасына әлі жеткен жоқ. Ұлттық сана кітаппен ғана қалыптасады.

Сондай-ақ кітап Қазақстанда өте қымбат. Тіпті кітаптың өз құнынан екі жарым есе қосылып сатылады. Ол екі тарапқа да тиімді емес. Бәлкім кітап сау­дасы мемлекет тарапынан ұлт­­тық компаниялардың м­ой­­­­нында болып, кітап шы­ға­рушы кәсіпкерлерді субсидия­лау керек болар. Әйтпесе қаншама ғалымдардың, ақын-жазушылардың тамаша-тамаша деген еңбектері тартпаларда шаң басып жатыр. Бір кездері Әлкей Марғұландардың еңбектерін кітап дүкендерінен сатып алып оқыдық. Және ол бұқараға жеткілікті болды. Тіпті мектепте оқып жүргенде-ақ Әлкей Марғұлан еңбектерімен таныса бастадық. Кітап арзандамаса – кәдесыйға айналады, оның бізге қаншалықты керегі болады? Кітап оқудағы, сатудағы кемшілікті нарыққа сілтей бере­тін заман баяғыда өткен.

 

Асқар АЛТАЙ,

жазушы