• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Маусым, 2019

Отандық философиядағы елеулі құбылыс

1395 рет
көрсетілді

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы еліміздің білім беру жүйесіне ғана емес, ғылымының дамуына да елеулі ықпал етері сөзсіз. Осы жоба аясында 2018 жылы – 18, би­ыл 30 оқулық жарыққа шықты.

Көп сұрақтың жауабы – философияда

Атап өтетін бір нәрсе – ал­­­тауы философия бойынша. Олар: Дерек Джонстон. «Фило­­­со­фияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кенни. «Антика фило­со­­фиясы»; Энтони Кенни. «Ор­та ғасыр философиясы»; Эн­то­ни Кенни. «Қазіргі заман­ғы фи­лософияның бастауы»; Эн­тони Кенни. «Қазіргі заман фило­со­фия­­сы»; Реми Хесс. «Фило­со­фия­ның таңдаулы 25 кітабы».

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру бойынша мемлекеттік комиссияның, Ұлттық аударма бюросының бұл таңдауы қоғамның фило­со­­фия ғылымына деген көзқа­расын білдіреді. Әл-фараби «ғы­­лымдардың ғылымы, дана­лардың данасы, өнерлердің өнері» деп сипаттаған философия­ны Білім және ғылым министрлігі қолдап, жоғары оқу орындары үшін мін­детті пәндер қатарында сақ­тауы, сонымен қатар филосо­фия мамандығы бойынша ба­ка­­лавриат, магис­тратура және док­торантураға гранттар санын күрт арттыруы да мемлекетіміздің фи­лософия туралы оң шешімінің көрі­нісі.

Тарихқа үңілсек, ұзақ уақыт тыйым салулар шеңберінен аса алмаған, ұрандар мен қағи­далар көлеңкесінде қалған адам тәуелсіздік заманында хал­қының дүниетанымы, өзі, өмірі, қор­ша­ған ортасы, басқа адам­мен ара­­қатынасы секілді сұрақтардың жауабын философиядан іздей бастайды және бұл ізденістер түбінде бүкіл қоғамның өзгеруіне игі әсерін тигізері күмәнсіз.

Сананың ашықтығына септесетін аударма

Оқулық мәселесі, соның ішінде философия оқулығы кез келген қоғам үшін қашанда өзек­ті болды. Иммануил Канттың өзі «фи­­лософиядан жақсы оқулық жазу мүмкін бе?» деп күмән­данған екен. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде жазылған философия оқулықтары баршылық, бірақ шетелдік оқулықтар бізге әлі беймәлім еді. Ал оларға жолды бізге жоғарыда аталған жоба ашқанын атап көрсеткім келеді. Бұрынғыдай өз қазанында өзі қай­наудың заманы өтті, жаңаны сараптап, пайдалы жағын бола­шаққа бірге ала бару керек. Қазақ оқырманы тәуелсіздік жылдарында шетелдік 1-2 философия оқулығымен танысты, онда да олар орысшадан аударылған-ды. Еліміздің ғылымы мен білімі саласындағы «Мәдени мұра» жобасы аясында түпнұсқалар ғана аударылды. Сондықтан шетелдік философиялық оқулықтарды аударуды қолға алу өте маңызды іс болды деп айта аламыз.

Аударма – мәдениеттер ара­сындағы қарым-қатынас­тарды орнататын негізгі тетіктердің бірі және адамның саналы қыз­ме­тінің ежелгі түрі. Оған деген қажеттілік әлемнің көпте­ген елі­нің экономикалық жағы­нан қарқындап дамуының нәтиже­сінде, әсіресе XX ғасырдың басынан арта бастап, жаһандану барысында өте қатты қарқынмен өсе түсті. Ғалымдар оның төрт саласын бөліп көрсетіп отыр: экономика, білім беру, туризм, ғылым. А.Швейцердің аудармаға: «...бастапқы мәтінді сараптау (аудару) негізінде екінші мәтіннің (метамәтіннің) пайда болуы, ол бастапқы мәтінді басқа бір тілдік және мәдени ортада алмастырады» деп берген сипаттамасы біз­дің аударма қызметімізге сай келеді.

Аударманың негізгі екі түрі бар: оқу үрдісіне қатысты аудар­ма және кәсіби аударма. Екінші түрі маңыздырақ, себебі ол тіл­дік қызмет, түпнұсқаны басқа тілде қайтадан қалпына келтіру, сон­дықтан арнайы дайындықты, дағ­дылар мен біліктілікті, шет тілін ғана емес, ана тілін де, бө­тен мә­дениетті, ұлттық ерекше­лік­терді, аударма арналып отырған аудиторияны жақсы білуді, басқа сөзбен айтқанда, эмпатияны – дүниені автордың көзімен көре білуді талап етеді.

Біз аударған оқулықтар туралы айтатын болсақ, Дерек Джонстон өзінің «A Brief History of Philosophy from Soсrates to Derrida» оқулығында философия тарихын философиялық тұл­ғалардың – Сократ, Платон, Арис­тотель, Эпикур, Зенон, Ак­­винат, Декарт, Локк, Мон­тескье, Спиноза, Юм, Кант, Маркс, Ницше, Вит­генштейн, Хай­деггер, Сартр, Дерриданың шығармашылығын талдау ар­қылы жеткізген. Бұл – өте қы­зықты және философия тарихын хронологиялық тәсілмен қарастыруға дағдыланған біз үшін жаңа әдіс. Шынында да, философия тарихын құрай­тын философиялық тұлғалар. Фило­софиялық ой оқырман үшін оны пайымдаған тұлғалар арқылы ғана мәнді, К.Ясперстің сөзімен айтсақ, «философия кеңістігіндегі субстанциялардың» қайталанбас дүниесіне үңілу, жеке өмірі мен шығармашылығын талдау, тіпті кейбір өмірбаяндық кезеңдеріне назар аудару (бұл Батыста көп қолданылатын ғылыми-зерттеу әдісі) танушы субъектінің тұл­ғалық қалыптасуына маңызды әсері болады. Ойшылдардың ақиқатқа жету жолындағы адами және ғылыми тазалығы, фило­софиялық ізденіске деген құштарлығы мен құрбан­ды­ғы жастарға ой салып, олар­дың тұлғалық келбетінің қалып­тасуына оң ықпал ететіні сөзсіз.

Аталған тұлғалардың ілім­дерін талдау арқылы Дерек Джонстон оқырманға фило­со­фияның негізгі бағыттары, мектептері мен ағымдары – материализм, идеализм, онтология, гносеология, этика, эстетика, рационализм, эмпиризм, эк­зистенциализм, гедонизм, тіл философиясы, өмір философиясы, саясат философия­сы, дін философиясы туралы ай­тарлықтай толық баяндап шыққан. Оқулықта әрбір фило­софтың өмір шежіресі, ол өмір сүрген кезеңдегі маңызды тарихи оқиғалар туралы мәлі­меттер берілген. Автор өз оқыр­манын үнемі пікірталасқа шақы­рып, сұрақтар қою арқылы оның өзіндік көзқарасын қалып­тас­тыруға ықпал етуге ұмтылады. Сонымен қатар тақырыпты субъек­­тивтілікке бой алдырмай, объективті түрде баяндауға ты­рысады. Бұл ерекшелікті біз, әсіресе Карл Маркстің философия­сын талдауынан байқадық.

Оқулықтың жазылу әдістемесі ерекше. Дерек Джонстон ойын қысқа да нұсқа, қарапайым түрде жеткізеді, осы тұрғыдан алғанда, оның баяндау әдісін қазақтың сөз саптауымен салыстыруға бола­ды. Аударма барысында отан­дық философияның ғылыми айналысындағы ұғымдарды нақ­тылай түстік, яғни оқулықтың қазақ тіліндегі нұсқасын дайын­дау ісі біз үшін ғылыми және әдіс­темелік жағынан пайдалы болғаны сөзсіз.

Оқулық қарапайым тілде жазыл­ған, яғни ол орта мектептің жоғары сынып оқушысына, студентке де, философияны мең­гергісі келген адамдардың бә­ріне де түсінікті, оқулықтың осы ерекшелігін біз де сақтадық. Ав­тор өзінің оқырманымен тіке­лей сұхбаттасу, оған сұрақтар қою арқылы пайымдауға жетелеп отыратыны да аса қызық­ты. Атап көрсететін тағы бір ерекшелік, автордың жеңіл әзілі оқулық мәтінінен жақсы сезі­ліп тұр, ол оқулық мазмұнын жеңіл қабылдауға септігін тигі­зеді, себебі философия оңай мең­геріле салатын ғылым емес. Джонстон осыны түсініп, өзінің оқырманын зеріктіріп алмас үшін арасында күлдіріп отырады. Әрбір тақырып оқырманға қойылатын сұрақтармен аяқта­лады және олар студенттің өзін­дік ой қалыптастыруына, қарас­тырылған мәселені тереңірек зерттеуіне ықпал ететіндей түрде құрастырылған. Бұл да бізге ой салған әдіс болды.

Бір ізге түскен терминдер

Реми Хесс пен Энтони Кен­нидің баяндау тәсілдері күр­делірек. Олардың, әсіресе Эн­тони Кеннидің оқулықтары философияны арнайы зерттейтін сту­денттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған. Мыса­лы, Энтони Кенни белгілі фило­софтардың ілімдерін жан-жақты қарастырып қоюмен шектелмей, «Эпистемология», «Логика», «Фи­­зика», «Метафизика», «Бі­лім», «Құдай», «Саяси философия» және тағы басқа тарауларын­да олардың көзқарастарын тал­дауға қайта оралып отырады.

Бұл кітаптардың қазақша нұсқасы қалың көпшілік үшін ғана емес, отандық философия ғылымы үшін пайдалы болары сөзсіз. Негізінен алған­да, көптеген терминдер бұ­рынғы кеңестік заманда, әсіресе тәуелсіздіктің 27 жылы ба­ры­сында қалыптасып, оларды мамандар да, оқырмандар да қабылдап үлгерді. Сондықтан мұндай терминдерді де жалпы қабылданған түрде жеткізуге ұмтылдық. Әлемдік деңгейде қолданылатын және қазақ тілінде ғылыми айналысқа еніп, кеңінен қолданылып жүрген «материя», «субстанция», «субъект», «объек­т», «категория», «априо­ри», «апостериори», «императив», «форма», «универсалия», «деконструкция» сияқты терминдерді, философиялық бағыттардың атауларын (позитивизм, герменевтика, экзис­тенциализм және т.б.) сол кү­йінде бердік. Сонымен қатар ғалымдармен ақылдаса отырып, бірнеше жаңа термин қолдандық, бұрын қате аударылып кеткен ұғымдарды қайта қарастырдық.

Философия оқулықтары бо­йын­ша аудармашылар мен ғылыми және әдеби редак­тор­лардың ша­ғын болса да тобы іріктеліп, қалыптасқанын және олардың сапалы қызмет атқар­ғанын атап өткен дұрыс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің әлеуметтік және гума­нитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр бол­дық. Әлемнің үздік 100 оқу­лығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды» деп атап көрсеткен болатын. Қазақ тіліне аударылған философия оқулықтары қазірдің өзінде көпшіліктің сұранысына ие болды. Республика жоғары оқу орындарында философияның жалпы курсын оқитын студенттер ғана емес, философия мамандығы бойынша бакалавриа­т, магистратура, докторантурада бі­лім алушылар «Мамандыққа кіріспе», «Антика философия­сы», «Орта ғасыр философия­сы», «Прагматизм философиясы», «Ғылымның тарихы мен философиясы» және тағы басқа арнайы курстар бойынша аса қажетті және ана тілінде дайындалған әдебиетке қол жеткізді, сол ар­қылы бұрынғы құлдық психологиядан арылды. Аталған оқулықтар философия пәні бойынша Білім және ғылым министрлігі бекіткен Типтік бағдарламаға енгізілді, әсіресе студенттердің өзіндік жұмысы ретінде көбірек ұсынылғанын және оқу нәтижелерін сырттай бағалауға арналған тест тапсырмаларына енгізілгенін айта кету керек. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасы оқулықтарды жоғары білім беру кеңістігінде кеңінен қолдану бойын­ша әдстемелік оқу құралын дайындады және біліктілікті арттыру курстарын өткізді.

Жалпы алғанда, «Қазақ ті­ліндегі 100 оқулық» жобасы бо­­йынша философия оқу­лық­­тарын аудару ісі отандық философиядағы елеулі де пай­далы үдеріс болды және филосо­фия­ның өркендеуіне өзіндік үлес қосқаны сөзсіз.

Гүлжихан НҰРЫШЕВА,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі