Қ.Тоқаевтың сөзі өршіл, нақты, мазмұны терең, бәрімізді күрескерлік рухқа жігерлендіріп, алға қойған мақсаттарға жетеміз деген нық сенімде болды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Елбасының стратегияларын жүзеге асыруға ден қоятынын, көпшілікті толғандырып жүрген өзекті мәселелерді: халықтың табыс көлемінің азаюы, жұмыссыздық, баспана, ауыз су, жолдардың сапасы, қоршаған ортаның мүшкіл халі, аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы, т.б. көкейкесті мәселелерді білетінін, олардың шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Әлеуметтік мəселелерге ерекше маңыз берген Президент өзінің өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысатынын, аса мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын, бай мен кедейдің табыс айырмашылығын азайтуды, елде орта тап қалыптастыруды жəне табиғи байлықтардан түсетін ұлттық байлықты теңдей жəне əділ бөлетінін айта келе, жуық арада тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданатынын айтты. Өзіне Президент ретінде экономикалық дамудың жалпы цифрлары емес, халқымыздың әл-ауқатының артуы нақты көрсеткіш болып табылатынын, сондықтан да Үкімет пен әкімдердің басты міндеттері инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмысшылардың жалақыларын көтеру, халықтың табысын арттыру екенін көлденең тартты.
Қ.Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде ерекше тоқталған мәселелерінің бірі – әділеттілік. Қоғам əділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының толық қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының әділеттілігіне байланысты. Сондықтан да басты мəселе – қазақ қоғамының әділетті жолмен дамуында. Тəуелсіз еліміздің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы əділеттілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бәрімізге аян, ол тек əділеттілік бар жерде ғана болады. Әділеттілік – тəуелсіздіктің темірқазығы. Егер еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік, баянды болсын десек, әділеттіліктің ақ туын биік ұстауымыз керек. Себебі əділеттіліктен ауытқыған сəтте əділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды. Сондай жағдай орын алса, тəуелсіздігімізге қауіп төнеді, мемлекеттілігімізге деген сенім төмендейді, билікке наразылық күшейеді. Сондықтан əділетсіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек.
Қ.Тоқаев Қазақстан Президентінің міндетін атқарған алғашқы күнінен бастап, өзінің басты ұстанымы əділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтты. «Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Əділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Осы себепті əділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, əр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Əділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ», деді. Осы тезисті ол өзінің рәсімдеу сөзінде де нақтылай түсті: «Ең бірінші – азаматтар барлық жерде əділдік орнауын қалайды. Əлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа əділ қызмет көрсетуін талап етеді. Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарамай əр азаматтың мүддесін, құқығын қорғау. Әрбір азаматтың пікірі – біз үшін маңызды. Біз үшін ең манызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Ашық және әділ жұмыс істейміз», деді Президент. Мен өзім Қ.Тоқаевпен он шақты жыл Парламент Сенатында бірге қызмет істедім. Ол – терең білімді, қарапайым да кішіпейіл, адамдық пен адалдық қасиетті бойына сіңірген, өте таза, әділ адам. Кез келген мәселеге тек әділеттілік тұрғыдан қарайды. Ол депутаттардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, құнды ұсыныстарын қолдап, олардың жұмысын заңның сапалы дайындалуына бағыттап отыратын. Қ.Тоқаев өзінің терең білімі мен мол халықаралық тәжірибесінің арқасында Сенаттың заң шығарушылық жұмысын жоғары деңгейге көтере білді. Ол – болашақты болжай білетін, қоғамдағы проблемаларды талдай білетін, әлемдік ауқымда ойлай білетін, жаңа бастамаларды қолдай білетін, әлемдік аренада ел мүддесін қорғай білетін ірі саясаткер, қайраткер тұлға.
Мемлекет басшысы халық пен биліктің диалогын дамыту үшін және осы алаңда азаматтардың сан алуан ұсыныс-пікірлерін жан-жақты талқылап, озық идеяларды бірге таңдап алатын, бүкіл қоғам өкілдері кіретін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын айтты. Енді осы Қоғамдық кеңеске кіретін адамдарды таңдап, іріктей білу өте маңызды. Кеңес мүшелеріне халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, әділ, беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын, тәжірибелі, білімді, елдің сыйлы азаматтары мен жастардың өкілдері кіруі керек. Билік жан-жақты талқыланып, халықтың мүддесін қорғайтын, елдің дамуына әсер ететін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің шешімдерін еститін де, оны басшылыққа алып, орындайтын да болуы тиіс.Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі.
Ал Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер, тұрғындар арасында жиі болып, талап-тілектерін тыңдап, оларды жергілікті жерлерде шешіп, халықтың алдында тұрақты түрде есеп беріп отыруы тиіс. Әрбір ауыл округі, шағын аудан, қалалар мен аудандар бойынша тұрғындардың әлеуметтік картасын жасап, жағдайы төмен, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға берілетін әлеуметтік көмекті сөзбұйдаға салмай, оның ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, барынша жеңілдету қажет. Масылдыққа жол бермеу үшін бұл отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамтылғаны жөн. Мемлекет басшысы ұлттық табыстың әділ бөлінуі қоғам дамуында ерекше орын алатынын, сондықтан ұлттық табыс пен бюджет қаражаты еліміздің дамуына ерекше әсер ететін бағыттарға: жаңа жұмыс орындарын ашуға және халқымыздың әл-ауқатының артуына жұмсалуы тиіс екенін атап көрсетті. Жасыратыны жоқ, елімізде бюджет қаржысының екінші деңгейдегі банктердің қарызын жабуға, пайдасы шамалы ғимараттар салуға, қымбат автокөліктер мен жиһаздар сатып алуға жұмсалып жатқан фактілері жеткілікті. Алдағы кезде мұндай фактілерге тыйым салынуы керек.
Қ.Тоқаев мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді айқындап, атқарылатын жұмыстардың он басым бағытын нақтылап берді. Олар: халықтың табысын арттыру жəне əл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, сот-құқықтық реформасы, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты лайықты жалақымен қамту, əділетті əлеуметтік саясат, тұрғын үй мəселесін шешу, өңірлерді дамыту, рухани жаңғыру, тепе-теңдік жəне көпвекторлы сыртқы саясат, жастарды қолдау. Президенттің бастамалары ең алдымен халықтың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік саланың әлеуетін дамытуға бағытталған. Ендігі жерде алға қойылған міндеттерге бүкіл Қазақстан халқы жұмылып, өзіміз сайлаған Президентімізді барынша қолдап, көмектесуіміз керек. Ең алдымен, халыққа жасалып жатқан қамқорлықты әрбір қазақстандыққа толық түсіндіру керек. Бұл мақсаттың ойдағыдай орындалуы үшін біздің әрқайсымыз қайда жұмыс істесек те өз міндеттерімізді толықтай атқарып, өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері