Жұма, 31 мамыр 2013 2:05
Соңғы күндері Сириядағы жағдай тағы да жұрт назарын көбірек аудара бастады. Брюссельде Еуроодақ елдері сыртқы істер министрлерінің басқосуында бұл мәселенің аса тартысты талқыланғаны да көп жайды аңғартады.
Жұма, 31 мамыр 2013 2:05
Соңғы күндері Сириядағы жағдай тағы да жұрт назарын көбірек аудара бастады. Брюссельде Еуроодақ елдері сыртқы істер министрлерінің басқосуында бұл мәселенің аса тартысты талқыланғаны да көп жайды аңғартады.
Сірә, Брюссельдегі талқылаудан Париждегі Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің кездесуінің мәні де кем соқпаса керек. Бұл екі оқиға да бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуінің де тақырыбы бір болғандықтан ғана емес, олар бір-бірінің пікірлерін ескермей тұра алмайды. Ескермесе, одан нәтиже де шықпайды.Еуропаның 27 министрі көп дауласқанмен, бір тоқтамға келді: осыдан екі жыл бұрын Сирияға қару беруге жарияланған эмбарго тоқтатылып, ал экономикалық санкциялар жалғаса бермек. Экономикалық санкциялар жөнінде пікір дау тудырмағанмен, қару беру мәселесіндегі шешім екіұшты ойға қалдырады. Эмбарго одан ары созылмайды, бірақ Башар Асадтың билігіне қарсы көтерілісшілерге қару беру жөнінде шешім де жоқ. Ал талқылау кезінде оны жақтаушылар аз болмаған.Әсіресе, Ұлыбритания мен Франция эмбаргоны толық алып тастап, оппозицияны қару берумен қолдау қажеттігіне баса назар аударды. Сонда ғана Башар Асадқа қысым жасалып, ол мәселенің саяси жолмен шешілуіне амалсыз барады, дейді олар. Бірақ біршама елдер оппозицияны қаруландыру жақсылыққа апармайды деген пікірде. Бұл пікірді Германия мен Австрия өкілдері белсенді қорғады. Басты аргумент – сол қару көтерілісшілердің қатарына еніп кеткен радикалды исламистердің қолына түсуі әбден мүмкін.Қалай дегенде де, Еуропа сыртқы істер министрлері әзірге Сирия оппозициясына қару беруге асықпауға тоқтады. Әліптің аяғын бақпақ. Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон АҚШ пен Ресей бастамашысы болып отырған алда өтпек Женева конференциясының шешімдерін ескере отырып, бұл мәселе тамыз айына дейін қайта талқыланатынын мәлімдеді. Онда басқаша шешімге келулері әбден мүмкін.Енді сол алда болатын Сирия мәселесі жөніндегі Женева конференциясына келсек, оның әлі ауы мен бауы түгенделген жоқ: болатын күні де белгісіз, кімдердің қатысатыны да анықталмаған. Әйтеуір, оны өткізуге екі жетекші елдің бастамашылығы барынша құптарлық. Бірақ сөйтсе де сол конференциядан АҚШ пен Ресейдің өз күтетіні бар. Өз мүдделерін көздейді. Сол мүдделер оларды ортақ шешімге жеткізе ме, жоқ па, оны дөп басып айту қиын.Ресейдің Башар Асадтың билігін қолдайтыны ешқандай да жасырын емес. Бұл елде Мәскеудің экономикалық, әскери, саяси мүдделері бар. Бүгінге дейін оны барлық жағынан қолдап келді. Алдағы Женева конференциясы да Сирияны «құтқарудың» бір жолы. Бұл жол Мәскеудің дегеніне жеткізе ме, ол екінші мәселе. Керісінше, осы жерде олар мықтап ұтылуы да мүмкін.Соңғы кезде Башар Асадтың билігінің қимылы бұрынғыға қарағанда айтарлықтай ширақ. Ешкім де бұрынғыдай Асадтың күндері санаулы деп айта алмайды. Бұған, ең алдымен оппозицияның ішіндегі алауыздық кінәлі десек, екіншіден, Дамаскіге сыртқы қолдау да айтарлықтай пәрменді. Мәскеудікі белгілі, жақында ғана Иран 4 миллиард доллардың несиесін берсе, Ливандағы «Хезболланың» Сирияны қолдаған ашық әрекеті де үлкен демеу.Осының бәріне Асадтың қарсыластары бейжай қарамайтыны және шындық. Олардың қандай әрекетке баратыны сол Женева конференциясының қорытындысына байланысты болмақ.
Тоқсанында тоқырамаған Киссинджер
АҚШ-тай алып елдің қазіргі тарихы туралы сөз болғанда, кейде оның президенттерінен бұрын мемлекеттік хатшы болған Генри Киссинджердің аты аталып кетуі де мүмкін. Оған қазіргі дипломатияның атасы деген де анықтама беріледі.
Оны дипломатиялық жұмысқа тым кешігіп келді деуге де болар еді. АҚШ президенті Ричард Никсон 1968 жылы оны өзіне ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекші қызметіне шақырғанда, ол 45 жаста еді. Кеш келсе де, дипломатиялық жұмыста ең ұзақ болған адамдардың да бірі – Киссинджер. Жасы, міне, 90-ға келсе де, ол дипломатиялық жұмыста – халықаралық Kissinger Associates консалтингтік компанияны басқарады. Ол ғана емес-ау, аса бір мәнді шетін дипломатиялық мәселені шешу қажеттігі туған жағдайда жұрттың оның беделіне қолқа салатыны бар.Расында да, кейде мемлекет басшыларының араласуымен шешілмей жатқан мәселелерді дипломаттардың шешіп тастайтыны кездеседі. Бұл ретте әркез Киссинджердің аты аталады. Көзі қарақты жұрт бір-бірін бітіспес жауға санаған кешегі КСРО мен АҚШ арасында өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басында бір жылылық пайда болғанын біледі. Тіпті қып-қызыл Қытай мен АҚШ қарым-қатынасына жан кірген. Соның бәрі Генри Киссинджер қызметіне байланысты еді.Қаншама жылға созылған Вьетнамдағы соғысты тоқтатқан да Киссинджер дейді. Әрине, соңғы шешім мемлекет басшыларының атымен айтылады, мәлімделеді. Бірақ жұрт оған кімнің себепші болғанын біледі, ресми де мойындалады. 1973 жылы Киссинджер мен Вьетнам саясаткері Ле Дук Тхоға Нобель бейбітшілік сыйлығы берілді. Бұл әлемдік мойындау еді. Сол жылы ол АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалып, онда 1977 жылы билік басына демократтар келгенше болды. Сол жылдарда әлемдік қарым-қатынаста айтарлықтай түсіністікке қол жетті.Осынау айтулы дипломат үлкен аренаға қалай шықты, қайдан келді деген де көкейде тұрады. Оны заман жасады десе де болғандай. Германияда еврей отбасында туған. Нәсілдік кемсітуді жөргегінде көрген. Ол 15 жасқа толғанда оның отбасы АҚШ-қа қоныс аударуға мәжбүр болады. Ақыры бұл оның тағдырына айналды. АҚШ азаматтығын алған ол фашизмге қарсы соғысқа да қатысады. Әсіресе, ол соғыстан кейін ғылымға мықтап бет бұрып, Гарвард университетінде 30 жасында ғылым докторы атағын қорғайды. Тақырыбы – еуропалық дипломатия. Дипломатияға солай келген. Теорияны практикамен ұштастырды.Бәлкім, ол өзінің сол дипломатиялық қызметімен әлемнің жетекші елдерінің әскерлері жасай алмайтынды жасаған да шығар. Біле білсек, ол әлемдік ахуалды сауықтыру арқылы бүкіл әлем халықтарына үлкен игілік жасады деп тұжырымдасақ та артықтығы жоқтай. Сондықтан да, оны тек америкалықтар ғана емес, әлем жұртшылығы бағалап жатса, орынды-ақ.Осы жерде немістердің жақсы бір бастамасы жоғары бағаға лайық. Ұлы дипломаттың еңбегіне баға ретінде ГФР қорғаныс министрі Томас де Мезьер Бонн университетінің халықаралық қарым-қатынас кафедрасына Киссинджердің есімін беріп, оны қаржыландыруды өз мойындарына алмақ болып отыр. Рас, олар кафедраны қаржыландыруды ГФР сыртқы істер министрлігімен кезектесіп атқармақ. Қалай болғанда да, бұл өнеге тұтарлық бастама, әлем таныған дипломаттың еңбегін жоғары бағалағандық.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».