• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Маусым, 2019

Бұл – адамдықтың қайталанбас үлгісі

351 рет
көрсетілді

Күнделікті өмірдегі оқыс оқиғалар орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Жол апатынан зардап шеккендерге, қызыл жалынның орта­сында, тасыған судың иірімінде, қираған теректің астында қалған­дарға, сол сияқты көптеген жағдайларда шұғыл қызметтің арнаулы маман­дарының көмектері талай жанның өмірін ажалдан арашалап қалуда.

Мұндай оқиғалар кезінде сол маңайға кездейсоқ тап болған азамат­тардың құрбандарды құтқаруда аянып қалмасы анық. Солай етуде де...

Осындай сын  сағаттарында ал­ғаш­­қы медициналық көмек әліппесін, келіс­сөздердің құпиясын меңгерген, білек күштері білеуленген, ұстам­дылық қасиеттерін бойына сіңірген полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекшелеп айтуға болады. Әсіресе соңғы кездері халқымызға мүлдем жат құбылыс – өз-өзіне қол жұмсауға бекінген жандарды құтқарып қалуда ішкі істер саласының өкілдері аз ең­бек сіңіріп жатқан жоқ.

Осы сөзімізді нақты деректермен тұз­дықтасақ, жуырда Ақтөбе темір жол стансасы маңайын жоспарлы шолу барысында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Шыңғыс Қамбарбеков және Жансерік Шауте­нов өтпелі көпір­ден секіруге оқталып тұрған қызды бай­қайды. Ақырын жақындап, жылы сөзбен, суицид жа­сауға бекінген қызды райынан қайтаруға полицейлер барын салады. Сөйтіп жасы жиырма екіге енді толған қыз полицейлердің шебер психологиялық «шабуылының» арқасында ажалдан аман қалды. Құтқарылған қызға одан әрі Ақтөбе вокзалында кәсіби психологтар кө­мек көрсетті.

Ал Павлодарда жұбайымен рен­жісіп, көзін жасқа бұлаған 32 жастағы келін­шек өмірімен қош айтыспақ болып, Ертіс өзенінің жағалауынан бір-ақ шыққан. Ащы судың буымен ашуына төтеп бере алмаған бұл бейбақ іс на­сырға шапқан жағдайда ар­тында үш баласының зар илеп қалатындығын да ойламаса керек. Көретін жарығы таусылмаса ке­рек, буырқанған өзеннің үстін­дегі көпірде көз жасын сорадай ағы­зып тұр­ған келіншекті байқаған авто­көлік жүр­гізушілері бұл жайтты «Рубеж» бақылау бекетінде кезекшілік атқарып тұрған полицейлерге хабарлайды. Дереу оқиға орнына жеткен кіші лейтенант Ербол Айғожин келіншекті жылы сөз­де­рімен жұбатып, алдаусыратып тұрып жанына таяған сәтте көпірдің ернеуінде тұрған жерінен мойнынан құшақтай алып жерге түсіріп үлгерген.

Солтүстікқазақстандық полиция де­пар­­­таментінің қызметкері кіші сержант Денис Комаровтың жексенбілік ке­­ш­тегі кезекшіліктерінің бірі ұзақ уақыт есінде қалары анық. Қызыл­жар­­­­­­дағы «Жеңіс саябағының» аума­ғын­­­да құқықтық тәртіптің сақ­та­луын қада­ға­лап жүрген полицей сол маңай­дағы орын­дықтардың бі­рі­­не ұялы телефонын қалдыра сала, Есіл өзеніне қа­рай сүріне-қабына жү­гір­ген қызды байқап қалады. Аяғ­ын жылдамырақ басып, бейтаныс бойжеткеннің телефонын ала сала соңынан жүгірген Денис биіктігі 25-30 метр жарқабақтан секір­мек бо­лып тұрған қызды көргенде ойы сан-саққа жүгірді. Міндет – бейтаныс жанды ажалдан арашалау. Кәсіби дағ­ды бойынша: «Тоқтаңыз! Сіздің әпке, інілеріңіз бар ма? Олар жайлы ойлаңыз...», деп қызды әңгімеге тартып, райынан қайтарып, жақын келмек болады. Бірақ жағалаудағы қыз полицей­ге жақындамауды бұйырып, алған беті­нен қайтпауға бекінген. Д.Комаров қолын­дағы рациямен ақырын сөйлеп, әріп­тестерін көмекке шақырған. Оны жұбаныш сөздерімен алаңдата отырып, қасына таяған сәтте қолынан шап беріп ұстап, қауіпсіз жерге алып шығады.

Ал Қызылорда қалалық поли­­­ция бас­қармасының учаскелік полиция қыз­меткерлері Жасұлан Сарбалаев пен Бауыр­жан Алдаберген «102» телефо­нына «Шұғыла» шағын ауданында ашық терезе жақтауында 2-3 жастағы балдырғанның отырғаны туралы хабарламадан соң оқиға орнына шұғыл жетеді.

Айтса айтқандай, ашық терезе алдында қаперсіз отырған бала қауіпті сезетін жаста емес екен. Ойлануға уақыт тапшы. Ж.Сарбалаев терезеге жақын тартылған газ құбырына өр­мелеп шығып, баланың тұсына кел­ген сәтте оны пәтерге қарай ите­ріп құлатады. Әрине полицейдің фи­зикалық даярлығының пайдасы да осындайда тиеді. Іс оңтайлы шешіл­геннен кейін Б.Алдаберген көрші-көлемді аралап, үй иелерін іздеуге кіріседі. Сөйтсе балдырғанның анасы жұмыста, ал әкесі дүкенге шығып кеткен екен.

Полиция қызметкерлерінің өрт­тің кезіндегі көзсіз ерліктері де бұқара­лық ақ­парат құралдарында жиі жария­ланып тұрады. Соңы қуа­нышқа ұласқан мұндай оқиғалар кезіндегі шұғыл шешімдер мен құтқару операциялары санаулы минуттарда жүзеге асырылады.

Ал полиция қызметкерлері демалыс кезін айтпағанда, зейнеткерлікке шық­қан соң да антынан таймайды. Айта­лық таяуда Щучье қаласында тұратын ішкі істер саласының ардагері Ержан Ар­ғымбаев түнгі сағат үштің шамасында көрші үйден будақтап шыққан түтінді байқайды. Санаулы минуттар ішін­де қызыл жалын шарпи бастаған үйге жетіп есігін қаққанымен ешкім есік аш­пай­ды. Содан бет шарпыған жалынға қара­мастан, терезені сындырып ішке кіріп, көзге түрт­кісіз қараңғыда, қаннен-қапер­сіз ұйық­тап жат­қан егде жас­тағы екі адамды сырт­қа алып шығып үлгер­ген.

Батырымыз көліктегі полиция депар­таментінде  20 жылдан аса еңбек етіп, Макинка стансасының желілік полиция бөлімінің бастығы лауазымынан құр­метті еңбек демалысына шыққан жан болатын.

Міне, көп оқиғалардың ішінен бұл деректерді сүзіп алғандағы мақсат біреу – ерлік істерді үлгі қылу, ажалдың айтып келмейтінін, қауіп-қатердің тосыннан болатынын еске салу. Әрине полицияның шымыр жігіттерінің еңбектері ерен, олар­дың алды мемлекеттік наградалар да иеленді, бірақ құтқарушылар өз іс­терін ерлікке баламайды, бастысы – адам­дардың амандығы.