Мемлекеттік маңызды жиын
Жастар мен жасөспірімдердің әскери өмірге қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Осы орайда, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың болашақта Отан қорғауға әзірліктерін пысықтауға, жалпы, әскери саланың тәртібі мен жинақылығына бейімдеуге зор ықпалын тигізеді.
Еліміздің егемендігі, ішкі тұрақтылығы болашақта осы өрімдей жастарға сеніп тапсырылады. Отан қорғау – нағыз ердің ісі.
Мен бұл істе мектептерде оқытылатын алғашқы әскери дайындық пәндерінің сапасын арттыру керек деп есептеймін. Өйткені қолда бар деректерге қарағанда, оқу орындарында бұл пән қазір салдыр-салақ жүргізілуде. Сондықтан алғашқы әскери дайындықтың әліппесін қызметтік, өмірлік тәжірибесі мол, кезінде жоғары даярлықтан өткен еңбек демалысындағы генералдан басталатын офицерлерге тапсыру қажет деп ойлаймын. Ардагерлердің әлеуетін пайдаланудан барлық тараптар да ұтылмайды.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Халық Қаһарманы, Армия генералы, «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы
Күн тәртібінен түспейтін мәселе
«Айбын» әскери-патриоттық жиыны біздің жас ұландарға мейлінше қажет және олардың рухын көтеретін іс-шара деп есептеймін. Бұл жиын жылдан-жылға жоғары деңгейде өтуде. Биыл Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қатысуы аталған шараның маңызын арттыра түсті. Бүгін сапта тұрған жас сарбаздар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Сондықтан да Мемлекет басшысының айтқан сөздерін жастар құлақтарына құйып өсіп, ертеңгі күні нағыз ержүрек жауынгерлерге айналарына кәміл сенемін.
Жалпы, биылғы «Айбын» Елбасы жариялаған Жастар жылының ең маңызды шараларының бірі деп есептеймін. Халқымыздың жадындағы «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген қанатты сөз осындайдан туса керек.
Әскери қатал тәртіпті, адалдықты, жолдастық сезімді осындай іс-шаралардан бойына сіңіріп өскен ұрпақ өмірлік жолында қандай да болсын қиындықтарды оңай еңсереді. Сондықтан да, «Айбын» – ұлттың қамы, болашақтың баянды болуының кепілі.
Бақтияр МӘКЕН,
Мәжіліс депутаты, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы
Ертеңіміз – жастармен
Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз. Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтініміз анық. Жастарды рухани кемелдендіру, физикалық тұрғыда, патриоттық рухта тәрбиелеу – ұлттық құндылықтардың, ұлт саулығының, кемел келешектің кепілі болмақ.
Ал жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиынына Қарағанды политехникалық колледжінің «Бүркіт» әскери-патриоттық клубынан 15 ұлан қатысып жатыр. Бұл клубтың тәрбиеленушілеріне Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қамқорлық көрсетеді.
Орайы келгенде айта кетелік, ел қорғаны болуға қабілетті ұрпақ қалыптастыру мақсатында 2002 жылы әскер басшылығының қолдауымен орта мектептерде «Жас бүркіт» кадет қозғалысы құрылған еді. Дарынды да озат оқушылардан жасақталған кадет сыныптарында, міне, 17 жылдан бері әскери-патриоттық тәрбие жұмысы жемісті жүргізіліп келеді. Жалпы, елінің тағдырына бейжай қарамайтын ізбасарлар, жер қорғаны болар жауынгерлер дайындауда Ұлттық ұлан өскелең ұрпаққа әрдайым қолдау көрсетеді.
Қанат БЕЛЯКОВ,
полковник, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары
Тәрбиенің бірегей алаңы
Дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиынының ашылуына Президенттің қатысуы Қарағанды жұртшылығын қуантты. Бұл – жастарды Отанымыздың қорғаушысы болуға шақыратын бірегей алаң. Сол себепті, осындай іс-шараға назар аудару жастарымызды жігерлендіріп, оларға күш береді. Мемлекет басшысы өзі айтып кеткендей, біздің ертеңіміз – жастардың қолында.
Бүгінгі жастар өте алғыр, жалынды. Олар қоғамның дамуына және жаңғыруына септігін тигізуде. Сол себепті жастардың бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінгені барлығымыз үшін қуанатын жайт. Бүгінде жастар мемлекет басқару ісіне де араласып жатыр. Қ.Тоқаев ант беру рәсімінде айтып кеткендей, Президенттік кадрлық резервтің құрылуы олардың көңіліне медет беріп, келешекке сенімді қадам басуға итермелейді.
Ал осындай іс-шаралар арқылы жастарға отаншылдықты, патриоттықты үйретеміз. Отанымыз – басты байлығымыз. Оны қорғау – әр азаматтың міндеті. Сондықтан бұл құндылықты жастардың бойына ерте бастан сіңіру керек.
Қадиша ОСПАНОВА,
«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Әскердің біз үшін мәні жоғары
Шынында да, желкілдеп өсіп келе жатқан жастарсыз ел болашағын көз алдыңа елестету тіпті де мүмкін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентіміз жариялаған Жастар жылы бастамасын баянды етудің барлық жолдарын қарастырып, өзінің бағдарламасында айтылған «Сабақтастық» ұстанымына айрықша маңыз беріп отыр. Иә, бүгінгі жастың сеніміне бастар жолды ізгі ниет, қамқор пейілмен жасалған ұлы істер ғана табады. Яғни, мемлекет жас ұрпақтың мәселесіне шынайы түрде мойын бұрмайынша, күні ертеңгі мызғымастық туралы шалқып сөйлеу үлкен әбестік болар еді. Сондықтан Мемлекет басшысының «Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар», деуі ертеңгіні адаспай болжаған есті сөз. Күні кеше Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз», деді. Ал өзіне үлкен үміт артылып, сенім білдірілгенін сезінген алғадай жастарымыздың ұятқа қалдырмасы айдан анық.
Думан ӘБДІРАМАНОВ,
«Казцинк» ЖШС ашық тау-кен жұмыстары бойынша бас кенші, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты