Жұма, 4 қаңтар 2013 7:17
Жетімдерін жылатқан жандар оңа ма? Әрине, жоқ. Бірақ қолдағы мәліметтерге қарап отырсақ балалардың, оның ішінде мүгедек, жетім, түрлі ауыр дертпен ауыратындары бар дегендей, жалпы жасөспірімдердің құқын таптайтын үлкендердің ісі кісілік шектен шыққандығы айқын көрінеді. Дегенмен, ондай адамдар арамызда көп деп қол қусырып отыру елге жараспайтындығы тағы белгілі. Сондықтан Елбасының «Қазақстан-2050»
Жұма, 4 қаңтар 2013 7:17
Жетімдерін жылатқан жандар оңа ма? Әрине, жоқ. Бірақ қолдағы мәліметтерге қарап отырсақ балалардың, оның ішінде мүгедек, жетім, түрлі ауыр дертпен ауыратындары бар дегендей, жалпы жасөспірімдердің құқын таптайтын үлкендердің ісі кісілік шектен шыққандығы айқын көрінеді. Дегенмен, ондай адамдар арамызда көп деп қол қусырып отыру елге жараспайтындығы тағы белгілі. Сондықтан Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында балалар құқығы туралы ерекше айтылды. «Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде», деді Президент.
Расында, Бас прокуратураның ресми мәліметтеріне сүйенер болсақ ересек адамдардың балаларға, әсіресе, жетімдерге деген жауапсыздығы жүрек сыздатады. Мемлекет жетім қалған балаларды сеніп тапсырған балалар үйінің қызметкерлері ойларына келгенін жасайды. Олар кәмелетке толмаған балаларды бағып-қағып, қорғаудың орнына ұрып-соғып, тіпті өлтіріп, одан қалса жүкті болуына жол берген. Мұндай сорақылықтан кейін жауапты адамдардың жауапсыздығын қалай түсінуге болады? Оларға заңға сәйкес қандай жаза қолданса да артық етпейді, дейді құқық қорғаушылар.
Өйткені, Президент жоғарыдағыдай әрекеттердің біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат екендігін, балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс еместігін айта келе «Елбасы ретінде мен әрбір баланың құқығы қорғалуын талап ететін боламын», деді. Алайда, прокуратура органдары балалардың құқы үнемі тапталатынын, тіпті олардың қорлауға түсетінін де әшкерелеуде. Мәселен, Маңғыстау облысындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеші баланың басына еден жуатын ағаш таяқпен ұрған. Ондағы тапқан сылтауы сәби бөлмедегі заттарды жинамапты. Соққының қатты болғаны соншама баланың денсаулығына айтарлықтай зақым келген. Ал адамға сәби кезінде тиген соққының зардабы өмір-бақи жазылмауы да мүмкіндігін дәрігерлер жасырмайды. Сонда мына баланың болашақ тағдыры қандай болатындығына кім жауап береді? Тәрбиеші-анасынан қорлық көру үшін ол балалар үйіне түскен жоқ қой. Әрине, тағдыр тәлкегіне ұшыраған шығар, бірақ оның елі, жері бар, соған сай Ата Заңымызда жазылғандай қорғалуға құқы бар. Ендеше, Президент айтқандай, біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс. Ал жоғарыдағыдай мысалдар елімізде аз емес.
Мәселен, Алматы қаласындағы «Жастар үйі» балалар үйінде кәмелетке толмаған тәрбиеленушілердің жүкті болып қалғандығы әшкереленіп, масқара жағдай талай адамның жағасын ұстатты. Өздерінің қателігін жасыру үшін тәрбиелеушілер аяғы ауыр тәрбиеленушілердің жүктілігін үзіп, іш тастауына қарекет жасаған. Бұл шектен шыққан жауапсыздық екендігі айдай ақиқат, дейді прокурорлар. Ендеше, бұл адамдарға ең қатал жаза қолданылуы тиіс. Әйтпесе, жеңіл жазамен құтылған тәрбиелеушілерді көрген басқалар да «әрі кетсе сөгіс естірміз» деп жауапсыздыққа салына берері сөзсіз. Сондай-ақ, Қарағанды облысында балалар үйінің тәрбиелеушілері міндеттерін дұрыс атқармағаны салдарынан спиртті ішімдік ұрттап қойған бала шашалып қайтыс болған. Бұған енді не дейсіз?
Бұл балалар үйінің жауапсыз тәрбиеленушілері осылай істеп жатқанда, олардың басшылары, қала әкімдігі қайда қараған? Қашанда, қай жерде болмасын, ең алдымен, жауапсыз қызметкері үшін басшы сотқа тартылуы қажет. Сонда ғана тәртіп орнайды. Сонда ғана әр мекемеде міндетін дұрыс атқара білетін мамандар болады. Әйтпесе, тамыр-таныстыққа, жершілдікке, сыбайластыққа жол берілген мекемеде дұрыс қызмет жасалады деген өтірік. Демек, балаларға қатысты қандай болмасын заң бұзушылық орын алған тұста қашанда қатаң шара қажеттігі дәлелденіп тұр. Сондықтан да Елбасы «балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді» талап етті.
Әйтсе де заң бұзушылықтарды жоюға ат салысады деген адамдардың өздері мұндайға жол беріп жатса не дейсіз. Мәселен, Бас прокуратураның тексерісіне қарағанда, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің баспана құқығы да сақталмайды екен. Өйткені, Петропавл қаласындағы балалар үйінің қызметін тексерген прокурорлар онда полиция мен білім беру басқармасы қызметкерлерінің заңсыз тұрып жатқандығын ашыпты. Ал осыған қарамастан балалар үйінің әкімшілігі осы балалар үйінің тәрбиеленушісіне бос орын жоқ деп шығарып салған. Содан прокуратураның араласуының арқасында ғана бөтен адамдар шығарылып, тәрбиеленушілер құқы қайтарылған. Демек, бұдан шығатын қорытынды, балалар мекемелерінің әкімшілігі балалардың баспана құқын толық сақтамайтындығы айқын аңғарылады.
Жергілікті билік өкілдері жетімдердің жалғыздығын пайдаланып «жалғыздың үні шықпас» дегенді берік ұстанады. Олар қолдарындағы билікті пайдаланып «Жетім көрсең – жебей жүр» дегенді мүлде ұмыт қалдырып, керісінше сол жетімдерді жемтікке айналдырып, барын тартып алып, бөлісуге әрекет етеді. Ақтөбе облысындағы Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі қайтыс болған анасынан қалған үйіне оралғанымен қоныстана алмаған. Себебі, оның үйіне белгілі тұрағы жоқ адамдар кіріп алыпты. Жергілікті билік мұны білсе де, өздері рұқсат берген соң білмегендей болса керек. Ал мұндай сорақылықтар елімізде аз емес көрінеді. Тіпті жетім, мүгедек балаларға мемлекеттің беретін жәрдемақысына, көмегіне қолсұққандар қатары мүлде көп көрінеді. Солардың бәрі қолында билігі барлар, жағдайы келістілер екен. Бұған енді не дейсіз? Осының бәрін прокурорлар анықтап отыр. Айта берсе, заң бұзушылық өте көп.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».