Ел Үкіметі бекіткен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асыру мақсатында осы бағдарлама бойынша Шаралар жоспарына 52 тармақпен «Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы» (бұдан әрі – КДҰИ) жобасы қосылған, кеңістіктік деректер туралы ақпаратты біріктіру және құрылымдауға бірыңғай тәсілдемені қалыптастыру қарастырылған.
Бағдарламаның қойылған мақсаттарын және тиімді мемлекеттік басқару мен нық әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыру үшін кеңістіктік мәліметтер туралы цифрлы ақпарат маңызды стратегиялық ресурс болуы тиіс. Қазақстанда әртүрлі салалардың қызметі нәтижесінде алынған кеңістіктік мәліметтердің үлкен көлемі жинақталған, бірақ үлкен көлем мен бірыңғай тәсілдеменің жоқтығы көрсетілген мәліметтерді қалыптастыруға ақпарат алмасу және басқару кезінде кедергілер туғызады.
Жобаны іске асыру экономиканың барлық салалары мен қатардағы пайдаланушылардың жаппай пайдалануы үшін ақпаратты жинақтаудың бірікпеген нысандарынан кіріктірілген нысандарға көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кеңістіктік ақпаратты жинақтаудың біріктірілген нысандарына көшу тұтынушылардың оларға «бір терезе» қағидаты бойынша қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Жоғарыда аталған ақпарат мемлекеттің, азаматтардың және заңды тұлғалардың мемлекеттік басқару, жоспарлау, жобалау және басқа да шешімдерді қабылдау кезінде оны одан әрі тиімді пайдалану үшін ақпаратты сақтау мен пайдаланудың негізінде жаңа тәсілі болып табылады. Кеңістіктік деректерді кіріктіруден басқа, КДҰИ жобасында іске асырылатын ақпараттық коммуникациялардың арқасында кеңістіктік деректерді алудың дәлдігін бірнеше сантиметрге дейін арттыру және оларға қол жеткізуді оңайлату жөніндегі негізгі мақсаттарға қол жеткізіледі.
КДҰИ жобасын іске асырудың бастапқы кезеңі еліміздің аумағын мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту болады. Бұл кезеңде заманауи спутниктік технологияларды пайдалану арқылы салалық цифрлы геокеңістіктік деректерді кіріктіру кезінде біртекті дәлдікке қол жеткізу жоспарланған.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз етілуін жаңғырту, мемлекеттік спутниктік геодезиялық желісінің (бұдан әрі – МСГЖ) базасында геоцентрлік координаттар жүйесін құруды, жаңа және құрылған кеңістіктік деректердің байланысы үшін координаттар жүйесінде МСГЖ қатысты қолданыстағы мемлекеттік геодезиялық желі мекен координаттарын есептеуді қамтиды. Геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің жиынтығы физикалық іске асыру және координаттар мен биіктіктердің бірыңғай мемлекеттік жүйесін тасымалдаушы болады.
Координаттардың жаңа геоцентрлік жүйесіне көшу Қазақстан Республикасының барлық аумағын ашық кеңістіктік деректермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін елімізді геодезиялық және картографиялық қамтамасыз етудің барлық жүйесін жаңғырту қажеттілігін негіздейді.
КДҰИ жобасының шеңберінде құрылатын ашық кеңістіктік деректер базалық болады және салалық кеңістіктік деректерді құру үшін негіз болады. КДҰИ үшін базалық кеңістіктік деректердің негізгі көздері цифрлы аэроғарыштық түсірілім деректері негізінде жаңартылған цифрлы топографиялық карталар мен жоспарлар болып табылады.
КДҰИ жобасы шеңберінде іске асырылатын ақпараттық жүйелер геокеңістіктік деректерге сантиметрлік дәлдікпен жылдам және жаһандық қол жеткізуге мүмкіндігін береді, бұл нақты егіншілік, кадастрдың барлық түрлері, құрылыс, ғимараттар динамикасының мониторингі және т.б. солар сияқты экономика салаларының тиімді дамуына түрткі болады.
Айта кетерлік жайт, бүгінгі күні КДҰИ жобасын іске асыру үшін барлық алғышарттар бар. Мысалы, 101 «Топографиялық-геодезиялық және картографиялық өнімдермен қамтамасыз ету және оны сақтау» ішкі бағдарламасының 259 «Жер ресурстары туралы ақпаратқа қолжетімділікті арттыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Жер ресурстарын басқару комитетінің бағынышты кәсіпорындары Қазақстан Республикасы аумағының 50%-на 1:25 000 масштабтағы цифрлық топографиялық карталар түрінде кеңістіктік деректерді жасады, ал еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарына сәйкес 2022 жылға дейінгі мерзімде 70% аумақты заманауи кеңістіктік деректермен қамту қарастырылуда.
«Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы» жобасын ілгерілетудегі бірінші қадам «Қазгеодезия» РМҚК (бұдан әрі – кәсіпорын) тарапынан жасалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және «Зерде» ҰАХ» АҚ тарапынан өзара түсіністік пен қолдау арқасында барлық мүдделі мемлекеттік ұйымдармен келісілген КДҰИ жобасының Инвестициялық парағы түрінде аралық қорытынды алынды. Жобалау-сметалық жұмыстарының аяқталуына байланысты кәсіпорын КДҰИ жобасын еліміздің Үкіметінде оң бекітілуіне сеніммен қарайды.
Кәсіпорын басшылығы КДҰИ жобасының орасан зор екенін және Қазақстан аумағында жұмыстардың қамтылуы мен мазмұны бойынша сәйкес келетін осындай жобалардың іске асырылмағандығын түсіне отырып, 1:25 000 масштабтағы Қостанай облысының аумақтары бөлігінің және 1:2 000 масштабтағы Қостанай, Рудный, Лисаков, Жітіқара және Арқалық қалаларының ашық картасын құруға және жеке жергілікті спутниктік геодезиялық желісін құруға бағытталған екі пилоттық жобаны іске асыруды бастады. Жергілікті спутниктік геодезиялық желінің деректері Өзбекстан Республикасының мемлекеттік спутниктік геодезиялық желісінің координаттарын теңестіру кезінде пайдаланылғанын, сондай-ақ осы желі мемлекеттік тапсырма шеңберінде аэроғарыштық түсірілім жұмыстарын орындау кезінде пайдаланылғанын ерекше атап өткен жөн.
КДҰИ жобасы бойынша жұмыстардан басқа, кәсіпорын экономика салаларын картографиялық-геодезиялық деректермен қамтамасыз ету үшін республика облыстарының, қалалары мен елді мекендерінің ашық картасын жасау жөнінде жұмыстар жүргізуде. Ашық карталардың бірінші тұтынушысы «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» (бұдан әрі – ЖМБМК) жобасы болды, оның шеңберінде кәсіпорын өтеусіз негізде Ақтөбе қаласы бойынша ашық деректерді берді. ЖМБМК жобасын іске асыру аясында кәсіпорын 2019 жылдың соңына дейін барлық облыстық орталықтар, қалалар мен елді мекендер бойынша ашық карталарды беруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ кәсіпорын бірыңғай халықаралық талаптар бойынша кеңістіктік деректерді қалыптастыру тәжірибесіне ие болды. Елде аэронавигацияның заманауи талаптарына жауап беретін геоцентрлік координаттар жүйесі жоқ болғандықтан, Қазақстан Үкіметі Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ХААҰ) стандарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында дүниежүзілік геодезиялық координаттар жүйесін-1984-ті (WGS-84) енгізуге шешім қабылдады. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әуе кемелерін басқару барысын автоматтандыру мақсатында кәсіпорын 2012-2014 жылдар аралығында елдің 20 әуежайында жоғары дәлдікті аэронавигациялық кеңістіктік деректердің инфрақұрылымы құрылды. Құрылған инфрақұрылым әуежайларда және 50 километр радиуста оларға іргелес аумақтарда кеңістіктік деректерді қамтиды, бұл ұшу қауіпсіздігінің кепілі болып табылады. Осы жобаны енгізгеннен кейін қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропалық Одақ елдеріне ұшуына шектеулер алынып тасталды. Өткізілген жұмыс Париж қаласындағы (Франция) Еуропа және Солтүстік Атлантика бойынша Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ХААҰ) аймақтық бюросының отырысында жоғары бағаланды.
Кәсіпорын алдына мемлекет қойған міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, жыл сайын өз қаражаты есебінен материалдық-техникалық база заманауи геодезиялық аспаптармен, компьютерлік, мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етумен және арнайы мақсаттағы көлікпен жаңартылып отырады. Өндіріске инновациялық технологияларды енгізу мақсатында кәсіпорын 2018 жылы ірі масштабты аэротүсірілім жұмыстарын орындау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алды, ал 2019 жылы орташа форматты аэротүсірілім кешені сатып алынады.
Қазақстан Республикасының жаңғыртылған мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету құрылымын жасау және өндірісте спутниктік технологияларды енгізу және пайдалану үшін, Кәсіпорын 2020 жылы ҒНСЖ (GPS, ГЛОНАСС) қабылдағыштарды сатып алуды және тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорын референц станциялары желісін ұлғайтуды, ел аумағында біркелкі орналастыруды, өзара және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік геодезиялық желісімен қатаң байланыстыруды жоспарлап отыр. Құрылған желі өнімдерін пайдалану дәлдігі жоғары кеңістіктік деректерді алуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын қойылған мақсаттарды іске асыруда жоғары білікті кадрлық құрамды даярлауда ерекше рөл атқарды. Жыл сайын біліктілікті арттыру және КДҰИ жобасын іске асыруға дайындау мақсатында кәсіпорын мамандары Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де техникалық оқыту мен тренингтерге қатысады. 2014 жылдан бастап 2019 жылға дейін кәсіпорын мамандары Ресей Федерациясында, Беларусь Республикасында және Еуропалық Одақ елдерінде оқудан өтті. Оқыту спутниктік геодезиялық желілерді құру, мемлекеттік координаттар жүйесін орнату, гравиметриялық желілерді дамыту және геодезиялық желілерді теңестіру кезіндегі математикалық есептеулер бағыттары болды. Ағымдағы жылы референцтік стансаларды орнатудағы қазақстандық кәсіпорындардың тәжірибесімен танысу мақсатында Алматы қаласындағы Кәсіпорын мамандарының қатысуымен «Leica Geosystems Kazakhstan» ЖШС және «Geokurs» ЖШС компанияларының базасында техникалық оқу өткізілді. Бұдан басқа, кәсіпорында тар бейінді мамандықтар мен фирмалар өкілдерін, геодезиялық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету дистрибьютерлерін шақыра отырып, тұрақты негізде үздік әлемдік тәжірибе мен өндіріске прогрессивті технологияларды енгізуге бағытталған тренингтер өткізіледі.
Бүгін, «Қазгеодезия» РМҚК басшылығы «Қазақстан Республикасының кеңістіктік деректерінің ұлттық инфрақұрылымы» жобасын іске асыруға толық дайын екендігін сеніммен және жауапкершілікпен мәлімдейді.
«Қазақстан Республикасының кеңістіктік деректерінің ұлттық инфрақұрылымы» жобасы бөлігінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы міндетті түрде орындалуы тиіс деп есептейміз.
Ақылбек ШПИКПАЕВ,
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Жер ресурстарын басқару комитеті
«Қазгеодезия» РМҚК
бас директоры,
«Құрмет» орденінің иегері