Саналы ғұмырының жарты ғасырға жуығын журналистика саласына арнап келе жатқан Ж.Сүлейменовті республика жұртшылығы мағжантанушы ретінде де жақсы біледі. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, «Мағжан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры ретінде Алты алаштың ақиық ақынының өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ, орыс тілдерінде бірнеше жинақ, энциклопедия шығарды. «Қожаберген», «Мәңгілік елдің мәңгілік мақтанышы», «Дауылпаз баба Қожаберген» кітаптарын баспаға әзірледі. Ондаған әңгіме мен повесть, эсселер жинақтарының авторы.
Алқалы басқосуды ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева жүргізіп, алғашқы сөзді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимовке берді. Танымал ғалым Жарасбай Қабдоллаұлының бір бойына тоғыстырған азаматтық қасиеттері ішінен Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезеңде тіл, діл үшін болған күресте ар-намыстан таймаған мақсаткерлік, рухани биік, ойы терең болмысын даралап айтты. Филология ғылымдарының докторы Зинаида Табакова, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Жанбай Қадыров, бала кезден бергі досы, ақын Тоқтар Зікірин, ауылдасы Балдырған Ілиясов, шәкірті, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай, тағы басқалары ел сеніміне лайық тұлғаның шығармашылығы, жас журналистерге берген өнегесі мен тәлімгерлік қамқорлығы жайлы кеңінен толғана сыр шертті. Журналистика бөлімінің түлектері жазушының әңгімелерін мәнерлеп оқып, құлақ құрышын қандырды.
Ғылыми кеңестің шешімімен Жарасбай Қабдоллаұлына «Құрметті профессор» атағы берілді.
Солтүстік Қазақстан облысы