• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Маусым, 2019

Ембілік мұнайшылар сыйлаған баспаналар сегіз отбасыны бақытқа бөледі

408 рет
көрсетілді

Өз үйіңнің болғаны қандай жақсы! Ал сол үйді сыйға, тегін алсаң, қуанышың тіпті еселене түседі. Атырау облысында сегіз бірдей отбасы осындай бақытқа кенелді. Құрманғазы, Исатай, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарындағы көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ембілік мұнайшылар жаңа баспана алып берді. Бір күндік еңбекақыларын қайырымдылыққа арнауды ниет еткен кәсіпорынның бұл бастамасы – ізгіліктің нағыз үлгісі.

Мұқтаж жанға көмек бе­ріп, қиналғанға сүйеу болуды азаматтық міндет деп біл­ген халқымыз қай заманда да жақсылықтың бағасын жоға­ры қояды. Бұл үрдіс бүгін де ұмыт қалған жоқ. Рамазан айын­да «Ембімұнайгаз» АҚ бас­қарма төрағасы Әнуар Жақ­сыбековтің ұжымға үндеу жа­рия­­лап, бір күндік жалақы есе­бінен қамқорлыққа зәру от­басыларға қолұшын созуға шақыр­ғаны да сол көпті көрген көре­гендіктің белгісі. Қашанда игі істерге қолдау танытып жү­ре­тін ембілік мұнайшылар бұл бастамадан қалыс қалмады, бірауыздан қолдады. Сол бірлік­тің арқасында облыстың бес ауданындағы қамқорлыққа зәру отбасыларға тұрғын үйлер табысталды. Жаңа баспана кілтін иеленетіндерді таңдап-таразылау да оңайға соққан жоқ. Арнайы комиссия құрылып, екі апта бойы аудандардағы көмекке мұқ­таж жандардың жағдайлары зер­деленді, нәтижесінде сегіз отба­сына үй сатып алып беру туралы шешім қабылданды.

Алғашқы баспананы Құрман­ғазы ауданының орта­лығы Құр­ман­ғазы ауылында алты бала тәрбиелеп отырған Виктор Ким­нің отбасы еншіледі. Үш бөлмелі үйдің кілтін табыстаған «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков: «Биыл наурыз айында Премьер-Министрдің орынбасары Гүл­шара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Берді­бек Сапарбаев аймаққа арнайы сапарлары барысында ірі өнді­ріс орындарының басшыларымен, бизнес өкіл­дері­мен кез­десті. Сол кезде әлеумет­тік жа­ғы­нан аз қамтылған отба­сылар­ды қол­дап, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектесу мәселесі қоз­­ғал­ды. Осыған орай өзім же­тек­­шілік ететін ұжымға Рамазан айы қарсаңында бір күн­дік жалақылары есебінен мұқ­таж жандарға қолұшын созу жө­нінде үндеу тастадым. Ембілік мұнайшылар менің үндеуіме бірауыздан қолдау көрсетіп, нәти­жесінде біраз қаражат жиналды. Міне, ұжым бірлігінің арқасында 8 көп балалы отбасы баспаналы болып отыр», – деді. Бұған дейін басыбайлы баспаналары болмаған ауыл тұрғындары армандарының бір-ақ күнде орындалғандарына қуаныштарын жасыра алмады.

Екінші үй Исатай ауданын­­дағы Исатай станса­сында бе­ріл­ді. Көп балалы Бауыр­жан Сүлейменовтің отбасы бар­лық­ жағдайы жасалған жаңа пә­тер­ге қоныс аударды. Он ба­ла­ тәрбиелеп отырған Сүлей­ме­­нов­­тердің шаңырағы осы­­­­лай­ша шаттыққа толды. Ауыл әкі­мі Ұлболсын Хисым мұ­най­­­­шылардың жақсылығына жер­­­­гілікті тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

Исатай ауданының орталығы Аққыстау селосында да бұл күні қоныс тойы тойланды. Көп балалы Арман Оразақов денсаулығына байланысты жұмыссыз, жұбайы бала тәрбиесімен үйде отыр. Отбасының қиын жағдайын ескерген ембіліктер толық жөн­деу­ден өткен үш бөлмелі баспананы тарту етті.

Облыс орталығынан шал­ғай­да орналасқан Қызылқоға ауданы да «Ембімұнайгаз» ком­паниясының назарынан тыс қал­ған жоқ. Мұқыр ауылындағы үш балалы жалғызбасты ана Ақ­ма­рал Бәкішева мен Жамансор елді­­ мекеніндегі жалғызбасты әке Есен­бай Ерсайын жаңа қонысқа ие болды. Ақмарал бұған дейін ауыл­дағы апатты жағдайда тұр­ған ескі үйді паналап келсе, Ер­сайын Есенбай екі кішкентай қызымен ағайындарының үйлерін жағалап жүрген.

Тұрғын үй тапсыру салтанаты Жылыой ауданы орта­лы­ғы Құлсары қаласында жал­ғасын тапты. Бес баланы бір өзі тәрбиелеп отырған Г.Қара­мол­диева мұнайшыларға алғы­сын ай­тып, қуаныштан жанарына жас алды.

Бір аптаға созылған қайырым­дылық шарасы Мақат ауданында мәреге жетті. Көп балалы аналар Г.Әбденова мен А.Сейітова ембілік мұнайшылардың кө­ме­гімен жаңа үйге көшті. Пә­тер кілтін табыстаған компа­ния басшылығы барлық отбасыларға азық-түлік қорынан да көмек ұйымдастырды. Мұнай­шылар­дың бұл сыйы жаңа үйге кірген отбасыларға ғана емес, ауылдас­тары үшін де қуанышты мерекеге айналды. Шашу шашып, қоныс тойға құтты болсын айтып келушілер қатары сиремеді. Ауыл-елдің арасын жақындатып, береке-бірлікке үндейтін мұндай қайырымдылық шараларының тәрбиелік мәні де зор екенін аңғардық.

«Ембімұнайгаздың» бұған дейінгі де ізгі істері аз емес. 2015 жы­лы бір күндік жалақылары есебінен Атырау қаласындағы көп балалы отбасы тұратын үйге күрделі жөндеу жүргізіп берді және жалғызілікті қарияға жаңа баспана сыйлады. 2016 жылы ауыр дертке шалдыққан балалары бар отбасына үй салып берді. 2018 жылы қатты нөсерден зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданының тұрғын­дарына қолдау көрсетіп, 7 отбасын бас­панамен қамтамасыз етті. Бұдан бөлек 2012-2018 жыл­­­­дары Атырау облысының  ин­фра­­құрылымын дамытуға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөл­ді. Тұрмыс тауқыметі қинап, бас­панасыз, көрінген босағада тентіреп жүрген сегіз отбасының енді жаңа да жайлы үйде өмір сүріп, ұл-қызын алаңсыз өсі­ре­тіні қуантады. Отандық ком­пания­ның адам тағдырына алаң­даушылық танытып, қолдау көрсетуі, қамқорлық жасауы әлеу­меттік жауапкершілікті абыроймен атқарып жүргенінің нақ­ты айғағы.

АТЫРАУ