Сейсенбі, 15 қаңтар 2013 7:20
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Мемлекет басшысы: «Әкімдерге халықтың денешынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырамын. Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп.
Сейсенбі, 15 қаңтар 2013 7:20
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Мемлекет басшысы: «Әкімдерге халықтың денешынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырамын. Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп. Осы спорттық ғимараттардың бәрін де қолжетімді ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын», деп атап өткен еді. Міне, осы Жолдауда айтылғандай, халқымыздың спортпен шұғылдануы, денсаулығын сақтауы, сөйтіп, қашанда саламатты іспен айналысуы Елбасының алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі болып табылады. Алайда, осындай жақсылықтың негізі елордадан басталады десек, асыра айтқандық екен. Өйткені, жоғарыда сөз болған саламатты іспен қала тұрғындарының жаппай айналысуына Астана қаласында тәртіп жетіспей жатқан көрінеді. Оған спорттық ғимараттардың лауазымды тұлғалары жіберген бірқатар заң бұзушылықтар себеп, дейді Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес осы істің заңдылығын тексерген Астана қаласының прокуратурасы.
Прокурорлар қала аумағында орналасқан спорттық-сауықтыру кешендерінің қызметтеріндегі заңдылықтың сақталуы мен тиімділік мәселелері бойынша тексеру өткізді. Сонда байқаса, Астана аумағында 25 спорттық ғимарат қызмет етеді екен. Оның 3-уі ведомстволық болғандықтан, 22 нысан ғана қала тұрғындарына денешынықтыру және спортпен айналысу үшін қызметтерін ұсына алады. Бұл халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан қала үшін, әрине, жеткіліксіз. Қазіргі жағдайда осы спорт нысандары бір мезгілде 9851 адамды ғана қабылдай алады, ол тұрғындардың жалпы санының 1,2 пайызын ғана құрайды. Сонымен, Астана қалалық прокуратура қызметкерлері анықтағандай, спорттық ғимараттардың лауазымды тұлғалары жіберген заң бұзушылықтар: коммуналдық меншік болып табылатын спорттық ғимараттардың заңсыз жалға берілуі; пайдалануға қабылданбаған спорттық нысандарды пайдалану; нысандарды пайдалану мақсатынан тыс қолдану; штаттық бапкерлер құрамын жинақтамау; тиісті біліктілігі және білімі жоқ нұсқаушылармен спорттық жаттығулар өткізу; жас шамасы тиісті жасқа толмаған балаларды оқыту және басқа да заң бұзушылықтар болып анықталды.
Мәселен, «Дәулет» спорт комбинаты» МҚКК Туризм және спорт агенттігі төрағасының бұйрығымен бекітілген Спорт мектептерінде оқу-жаттығу үдерісін ұйымдастыру тәртібі туралы регламенттің 9-тармағын бұзып, теннистен бастауыш дайындық топтарына балаларды жас мөлшеріне байланысты шектеулерге қарамастан қабылдаған. Ал аталған регламентке сәйкес топқа қабылдау 7-9 жастан басталады. «Алау» мұз сарайы» МҚКК допты хоккей, шайбалы хоккей, шорт-трек бойынша бастауыш дайындық топтарына балаларды шекті жас мөлшеріне қарамастан қабылдау арқылы аталған регламенттің 9-тармағы бұзылған. Ережеге сәйкес аталған топтарға балаларды қабылдау 9-11 жастан басталады. Осылайша, МҚКК бұйрықтарына сәйкес, шайбалы хоккейге 9 жасқа толмаған – 41, шорт-трекке – 3, мәнерлеп сырғанау тобына 6 жасқа толмаған 28 бала қабылданған.
Ал ең сорақысы, спорт нысандарының қауіпсіздік шаралары тиісті түрде қамтамасыз етілмейтін көрінеді. Нысандардың барлығында дерлік техникалық реттеу және метрология, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылғандығы кездеседі. Сондай-ақ, қызметкерлердің медициналық кітапшаларында сараптамадан өткендігі туралы жалған белгі қойылуы бойынша 68 дерек анықталған. Және спорт нысандарында 1700 бірліктен астам сенімсіз өлшем құралдары (монометрлер, өлшегіштер) қолданылады екен. Енді, жоғарыда айтқанымыздай, Астанадағы мұндай келеңсіздіктер қашан түзеледі?
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».