• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2019

«Қазақстан экономикасы: қазіргіден болашаққа» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

1186 рет
көрсетілді

Әлемдегі саяси ахуал, қаржы жүйесіндегі өзгерістер, нарықтағы бәсекелестіктің артуы, жаңа технологиялардың дамуы, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік шиеленістер сияқты ғаламдық мәселелерді қозғаған экономист-ғалымдар экономика ғылымдарының докторы, профессор Марат Кенжеғозиннің туғанына 80 жыл толуына орай өткен «Қазақстан экономикасы: қазіргіден болашаққа» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.

Әлемдік экономика революциялық технологиялар негізінде қарқынмен алға жылжып келеді. Адамзаттың жаңа тарихи кезеңге қадам басуы қоғамның барлық саласында, экономикада, мәдениетте және психологияда, т.б. ауқымды өзгерістерге әкелетіні сөзсіз. Бірақ біздер қандай кезең болмасын Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан ұлы адамдарды, сондай-ақ ұлттық тарихымызды ұмытпауға тиіспіз. Конференцияның ашылуында осындай ауқымды ойларын ортаға салған  Экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әзімхан Сатыбалдин отандық ғылым дамуындағы Марат Кенжеғозиннің еселі еңбектеріне тоқталды. Қиын-қыстау кезеңдерде институтқа басшылық жасаған Марат Балғожаұлы ғылыми бағыттарды  дамытып, қайта құрумен қатар қаржы мәселесінің шешілуіне барынша күш-жігерін салды.  Ғалымның әсіресе, экономикалық-математикалық әдістерді әзірлеу мен енгізудегі, жобалау мен жоспарлаудағы, экономикалық үдерістерді жүйелі түзу, экономикалық кибернетика әдістерін пайдалану арқылы шаруашылық қадамдарды оңтайландыру, макроэкономикалық мәселелерді, ұлттық өндірістік күштердің интеграцияланған жүйесін құрылымдау мен қор нарығын дамыту сияқты маңызды салалардың дамуына ықпал етті. Мемлекеттің экономикалық саясатын жүзеге асырудағы ғылыми жұмыстары ел дамуының қандай кезеңінде де маңызды рөлге ие. Ғалым-экономистердің ішінде  ұлттық валютаны енгізуде бірінші болып мәселе көтеріп, ұлттық валюта енгізілгеннен кейін де  теңгені нығайту шараларына атсалысты. Марат Балғожаұлының жетекшілігімен 22 ғылым докторы, 45 ғылым кандидаты даярланып, 400-ден астам ғылыми жұмыстары, 25 монографиясы жарыққа шықты. Әсіресе, ғалымның «Экономика: «Әлемдік классика» 10 томдық еңбегі ғылыми қауымдастықтың жоғары бағасын алды.

Марат Балғожаұлының экономика ғылымының дамуына қосқан  үлесіне ҚР ҰИА академигі Аманжол Қошанов кеңінен тоқталып өтті. Экономика институтының басшылығына келгенге дейін АШК республикалық жоғары мектебін басқарған ғалымның математикалық тәсілдерді (кибер модельдер) пайдалана отырып, экономикалық үдерістерді  оңтайландырудағы, институт жанындағы докторлық кеңестің мүшесі ретінде академиялық жобаларға қатысқан кезеңдегі еңбектері отандық ғылымның дамуына зор ықпал етті.

1995–2006 жылдарда Марат Балғожаұлы ғылыми әрі ұйымдастырушылық қызметімен ерекшеленді. Бұл жылдар әсіресе, институт қызметіндегі дағдарысты жылдармен түспа-тұс келді. Әлемдік қаржылық дағдарыс нарықтық реформаларды жүргізуді қиындатқан кезеңдерде  академиялық ұжымның іргесін сөкпей, ғылыми зерттеу бағыттары мен құрылымын, нарықтық жағдаймен байланысты ауқымды тақырыптарды  жетілдіруге барынша күш салды.

Институтқа басшылық жасай отырып, Марат Балғожұлы республиканың транзитті экономикасындағы нарықтық құрылымдану мәселелерін шешуге атсалысқаны белгілі. Макроэкономикадағы жетекші экономистердің бірі ретінде  «Нарықтық экономиканың қазақстандық үлгісін құрылымдау, жүйелеудің теориясы мен тәжірибесі» ғылыми бағытына жетекшілік етті.  Сонымен қатар институт Кенжеғозиннің басшылығымен «2003-2012 жж.  ҚР Индустриалды-инновациялық бағдарламасының» бастамасына айналған «Қазақстан Республикасындағы ұлттық инновациялық жүйесін құрылымдауды» ұйымдастырды. Экономика институтының ұжымы ел экономикасын дамытуда макроэкономикалық тұрақтылықтың ғылыми негіздерін және ұзақ мерзімді дамудың стратегиялық басымдықтары негізінде ұлттық өндірістік күштердің жүйесін модернизациялауды алғашқылардың бірі болып әзірледі. Марат Кенжеғожин сонымен қатар Еуразиялық одақ интеграциясы мен қорларды тиімді пайдалануда аймақтық экономиканың көкейтесті мәселелерін назардан тыс қалдырмады. Нарықтық қайта құруларды тереңдетуді есепке ала отырып әрі жаһандану үдерісіндегі бастамалар мен жаңашылдықтарды тереңнен зерттеуге басшылық етті.

Марат Байғожаұлының ұлттық экономиканы дамытудағы ғылыми ізденістері туралы пікір білдірген  ҚР ҰИА академигі Оразалы Сәбден әлемдік өркениеттердің дамуын терең зерттеген маман ретінде мемлекетті бестік спиральмен басқарудың жаңа парадигмасымен таныстырды. ««Бестік спираль»: мемлекет, шағын, орта және ірі бизнес; ҒЗИ және университеттер; қоғам, адамның қажеттілігі және олардың ақпараттық өзара әрекеттесуі. Әлемдік өркениеттің дамуы тұрғысынан алғанда рухани компоненті бар интеграциялық-инновациялық қоғам құруымыз қажет, ол әлемдік қауымдастықтықтың осы күнге дейінгі жинақталған алдыңғы қатарлы озық үлгілерін, жоспарлы және нарық жүйелерін синтездеу арқылы жүзеге асырылатын болады. Яғни, бүгінде Қазақстан экономикасының жедел қарқынмен дамымай отырған себебі мемлекеттің, бизнестің, ғылымның және тұтынушы-қоғамның күшін біріктіру тәсілінің жүзеге аспай отырғандығы»,-дейді ғалым. - Қазақстанда инновациялық экономиканы Үкімет пен бизнес яғни, мемлекеттік жекеменшік әріптестік  (МЖӘ) арқылы қалыптасатын үлгі қабылданған. Бірақ та дамыған елдердің тәжірибесінде оны мемлекетпен бірге бизнес және ғылыми-зерттеу институттары (үштік спираль) жасауы тиіс. Экономиканы жедел қарқынмен дамыту үшін, мемлекеттің ғылыми-техникалық саясатының басымдықтарын жан-жақты меңгеруіміз қажет.

Руханият мәселесін экономикамен тығыз байланыстырған ҚР ҰИА академигі Оразәлі Баймұратұлы осы бағытта Кенжеғозиннің ел ғылымы дамуындағы ерен үлесіне тоқталып, артында қалдырған бай мұрасы - шәкірттерімен мақтануға болатындығын жеткізді. Осы ретте атақты адамдар тәжірибесіне орай жасалған «4Т» пішінінің - «талант +еңбек+ салауатты өмір салты +ұжымдағы шығармашылық ахуалдың» жас ғалымдарға әсеріне тоқталды. Ғалымның айтуынша, үйлесімді экономика құрудағы жастардың мүмкіндігі зор. Ұжымдағы қолайлы ахуал жаңа мүмкіндіктердің ашылып, тұрақты дамуымызға тікелей әсері бар екендігіне байланысты  ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.

Конференцияда қозғалған ауқымды тақырыптың бірі отандық банк секторының дамуына арналды. «Банк секторын шоғырландыру; халықаралық тәжірибе және қазақстандық кейс» баяндамасында экономика ғылымдарының  докторы Серік Святов Қазақстанның банк жүйесінің жаңа құрылымын қалыптастырудағы маңызды бағыт бірігу, деп атап өтті. Таяу келешекте дәстүрлі банк жүйесінің қатысушыларының саны бірте-бірте қысқарып, сапасы жағынан артуы қажет. Делдалдық қызметін сапалы орындауға, әсіресе, бизнесті несиелеуді қайта қалпына келтіру мен қаржылық тұрақтылықты сақтауға қабілетті банк нарығында 10-15 кредит институттарының шоғырлану мүмкіндігін сипаттаған ғалым бұл мүмкіндіктің сәтті жүзеге асуы шетелдің үздік тәжірибелерін пайдалана отырып, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіру қажет деп атап өтті.

Ал «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі» тақырыбына кеңінен тоқталған Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ, профессоры, экономика ғылымдарының докторы Алтынбек Молдашев аграрлық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін ғылыми зерттеулердің тиімділігін, ғылыми бірлестіктерді қаражатпен қажетті деңгейде қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.   Қазіргі кезде агрокешендегі басым бағыттардың бірі - ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу. Мемлекет тарапынан қолдау бар, алайда өнім өндіру көлемі төмен деңгейде.  Өңдеу өнеркәсібін дамытуда шикізат көлемі мен сапасының төмендігі, инфрақұрылымдар дамуының тежелуі, шикізатты сақтау мен тасымалдау мәселесі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы құрал-жабдықтардың ескіруі, шиізат сатып алу айналымдағы қордың жоқтығы сияқты мәселелер кедергі болуда. Осындай қордаланған мәселелерді шешіп, өңдеу кәсіпорындары мен азық-түлік өнеркәсібін дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажеттілігін көрсетіп отыр.

Отандық экономика ғылымының дамуын жоғары сатыға көтерудегі  Кенжеғозин ілімі конференцияда ауқымды, көкейтесті мәселелердің қозғалуына ықпал етті.  Бүгінде ұлттық сипаты бар әлемдік экономикалық мектептер үлгісі әр мемлекеттің экономикалық ерекшеліктерін көрсетеді. Қазақстанның экономика ғылымы, міндеттері мен зерттеулері әлемдік экономика негізінде дамып келеді деген мамандар ұлттық экономиканы дамыту тетіктерін зерттеу мен зерделеудің күннен-күнге өзекті болып отырғандығын ортаға салды.

АЛМАТЫ