Алқалы жиынға азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен салалық министрліктер өкілдері, қоғам қайраткерлері, экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттағы сарапшылар қатысты. Олар Қазақстанның алдағы даму бағыты туралы жан-жақты пікірлерін ортаға салып, Мемлекет басшысы нақтылап берген 10 негізгі бағыт төңірегінде әңгіме өрбітті.
Алдымен сөз алған Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова жақында өткен Президент сайлауы ел тарихындағы жауапты кезең болғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде атап көрсеткен маңызды бағыттарға тоқталды. Олар – халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағыты, рухани дамуды қолдау, сыртқы саясат және жастарға қолдау көрсету.
«Қазіргі таңда Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытындағы іс-шаралар жалғасын табуда. Президент белгілеп берген міндеттерге сәйкес, қазірдің өзінде бірқатар тапсырма нақтыланып, жаңа институттар құрылуда және кадрлық тағайындаулар жүріп жатыр. Соның бірі – мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасын белсенді дамытуды, коммуникацияның тиімді арналарын қалыптастыруды көздейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Басқа әлем елдері сияқты Қазақстанның да алдында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірдің барлық жақтарын тез өзгеретін жағдайларға бейімдеу, сапалы жаңарту міндеті тұр», деді ҚСЗИ директоры.
Бұдан кейін Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Тимур Шаймергенов еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айта келіп, ел дипломаттары шетелдерден инвестиция тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Бүгінде министрліктің шет мемлекеттермен экономикалық байланыстарды ілгерілету жөніндегі жұмыстарының жүйесі едәуір өзгерді. Әр аймақта «Қазақинвест» компаниясының филиалдары ашылып, ол компанияның аймақтағы басшылары сол өңірлердің әкімдерінің кеңесшілеріне айналды деуге болады. Бұл кез келген инвестордың жергілікті билікпен тікелей жұмыс жүргізуіне жағдай жасалғанын көрсетеді. Сыртқы істер министрлігіне қарасты барлық қазақстандық мекемелер шетелдік капиталмен жұмыс атқаруға барынша көңіл бөліп отыр. Әр дипломат, әр елші, әр министр орынбасарларының алдына жаңа міндеттер қойылды. Олардың бизнес бағытындағы жұмысына баға берерде жүктелген міндеттің қаншалықты орындалғаны есепке алынады. Яғни, қанша іс-шара ұйымдастырды, оның нәтижесі, тиімділігі қандай болды – бәрі қадағаланады. Жалпы елге тартылған инвестицияның қарапайым халыққа пайдасы тиетіндей жұмыстар қолға алынып жатыр», деді Т.Шаймергенов.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова өз сөзінде Президент белгілеп берген 10 маңызды бағыттың ішіндегі жастарды қолдау мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол алдағы реформалардың, өзгерген қоғамның қозғаушы күші жастар екенін, олардың әділетті, ашық азаматтық қоғам қалыптастыруға белсенді араласуына барынша мүмкіндік беру керегін айтты. Бұл ретте вице-министр «Серпін», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!» сияқты бағдарламалар өз жемісін бере бастағанын, бірақ бұл жобалардың игілігін әлі жастар толық сезіне алмай отырғанын атап өтті. Сондықтан да ол бағдарламалардың нәтижесіне, тиімділігіне баса мән беру керек деген пікірде.
«Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсия Бимендина биылғы Президент сайлауы ел тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болғанын, ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылаған 10 бағыт Елбасы жүргізген саясат сабақтастығының көрінісі екенін айтты.
«Бүгінге дейін жақсы нәтижесін көрсетіп үлгерген бағдарламалардың жалғасын табуы қуантады. Ал биыл Жастар жылы аясында «Жастар – ел тірегі» мен «Жас маман» бағдарламалары қолға алынып жатыр. Білікті маман өмірде өз орнын оңай таппақ. Жастардың мықты маман болып қалыптасуы – маңызды. Сондай-ақ әлеуметтік сала да еліміздегі шешімін таппаған мәселелер қатарында. Бұл сала жаңаруды әлі де қажет етеді. Халықтың жағдайын жасау арқылы мемлекетіміздің келешегін жарқын ете аламыз. Өз арманымызға жету үшін ең алдымен білім, халықтың жағдайы, бейбітшілік пен бірлік болуы керек», деді Ә.Бимендина.
Сонымен қатар Мемлекеттік басқару академиясының ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі вице-ректоры Әлия Мұхамеджанова жемқорлыққа қарсы реформалар топтамасын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен ұштастыру керек екенін айтты.
«Президент атаған 10 бағыттың біріне ерекше тоқталғым келеді. Бүгінде ғасыр індетіне айналған сыбайлас жемқорлық мәселесінің Президент бағдарламасынан орын алғаны өте дұрыс. Және де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен ұштастырылуы керек деп ойлаймын. Өйткені Эстония, Грузия сияқты бірнеше мемлекеттің тәжірибесін зерттейтін болсақ, жемқорлықты еңсеретін бірден-бір фактор – делдалдардың болмауы екенін көре аламыз. Электронды үкіметтің дамуы, онлайн-қызметтер мен үздік телекоммуникациялық құрылғылар, адам капиталы – осының барлығы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына кең ауқымда енгізіліп қойған. Осы екі бағдарламаны үндестірсек, нағыз синергиялық нәтижеге қол жеткізеріміз анық. Бұған қоса, еліміздің ең талантты, жаңашыл жастарынан құралатын резервтен күтеріміз көп. Бұл Жапония, АҚШ сынды дамыған елдердің тәжірибесінде болған. Дегенмен олардың оң, теріс тұстарына ерекше назар аударып, осыған дейін құрылған «А» кадрлық резервін жасақтау тәжірибесіндегі қателіктерді есепке алғанымыз жөн», деді Ә.Мұхамеджанова.
Мемлекеттік басқару академиясының стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректоры, экономика ғылымдарының докторы Айгүл Көшербаева 10 негізгі бағыттың «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» бағытына қатысты пікірін білдірді. «Экономист ретінде аймақтардың дамуына назар аударған дұрыс шешім деп ойлаймын. Аймақтарды зерттей келе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларының басқалардан ілгері екенін байқадық. Сондықтан басқа аймақтарға да инвестиция тартылуы қажет. Ол үшін арнайы зерттеулер жүргізіп, әр аймақтың мықты тұстарын табу керек. Осыған сай инвестиция тартылса, аймақтардағы тұрмыс та түзелмек. Инвестиция мен өмір сапасы бір-бірімен байланысты факторлар», деді А.Көшербаева.
Жалпы, бұл басқосуға қатысушылар ел дамуын жаңа деңгейге көтеретін Президенттің 10 негізгі бағыты туралы қызу пікір алмасып, оның басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге негізделгенін назарға алды.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»