Бүкіл әлем жұрты көз тігіп қараған кезектен тыс өткен сайлауда қазақстандықтар өзі өмір сүріп отырған қоғамның саяси тұрғыда кемелденгенін және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған стратегиялық жоспарлар мен бастамаларға салғырт қарамайтынын, керісінше, толық қолдайтынын айқын көрсетіп берді.
Ұлықтау рәсіміне қатысқан Елбасы бұл салтанатқа көңіл ұйытатын айрықша адами әсер сыйлады – тамыры тереңге кеткен ғасырлар бойғы арманды шындыққа айналдырып, дербестікке қол жеткізген елді түрлі тоқыраулар мен тұтқиылдан кезіккен қиындықтардан көрегендікпен ойластырған реформалары арқылы аман-есен алып шыққан Елбасы жылдардың өтінде жүріп бірге шыңдалған саяси серігіне сенім білдірді. Сондықтан болар, «ел тізгіні сеніп тапсырылған жаңа Президент ант берген соң Қазақстан халқына арнап айтатын алғашқы сөзін қалай бастар екен?» деген сұрақ әрқайсымыздың көкірегімізде сайрап тұрды.
Үлкен мінберде тұрып сөйленген сөз жеке өз басымды нақтылығымен және өзектілігімен иландырды. Біз Тоқаев үшін дауыс берген кезде қолға алған реформалар мен іргелі бастамаларды әрі қарай ілгерілетіп, дамыту үшін өзінің барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдалануға ниетті, осы уақытқа дейін қалыптастырып үлгерген Қазақстанның халықаралық беделі мен абыройын одан әрі нығайта түсетін кәсіби мемлекеттік және саяси қайраткер үшін дауыс беріп тұрғанымызды түсінген едік. Алайда ұлықтау салтанаты кезінде біз Президенттің әрбір мемлекеттік міндетті орындаушыдан нақты нәтиже талап ететін ниеті барын естігенде, қуанышымыз тіпті үстемелене түсті. Президенттің әр сөзінен елдегі жағдайды жақсы білетіндігі, болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарайтыны, әділ баға беретіні сезіліп тұрды. Мұның дәлелі тамыз айынан бастап іске кірісетін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешімі болды. Яғни, Президент жаңа лауазымына кірісу үшін ұзақ бейімделіп, асықпай ырғала басып жүруге уақытының жоқ екенін бірден аңдатты. Оның шешімді жылдам қабылдап, іске тез кірісіп кеткені қарапайым адамдардың кеудесіне сенім ұялатып отыр, себебі бүгінгі күні билікке деген сенім бәрінен де маңызды, жоғары болып тұр: біз бәріміз де елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті, көшеде алаңсыз жүргенімізді, жат пиғылды адамдардың тыныштығымызды ұрламағанын қалап отырмыз.
Ұлттық кеңес – бұл біздің қоғамымыздың тыныштығын шайқағысы келетіндерге қарсы айтылған жауап, бұл – әртүрлі қоғамдық топтардың, әр буындағы ұрпақтың биліктің әрекеті туралы өз ойын ашық айтып, ұсынысы мен жобасын ортаға салуға мүмкіндік беретін келісімге, ортақ мәмілеге келу алаңы. Сол себепті реформа жасағысы келіп құлшынатындармен, оны жүзеге асыруға ұмтылатындармен, содан кейінгі оның нәтижесі үшін бармағын шайнап, өкінетіндермен кері байланыс жасауды ретке келтіру мүмкіндігін пайдаланғанымыз өте орынды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік саясатты жаңарту қажеттілігін алға тартып отырған кезде бұл идея дер кезінде жасалуымен әрі өзектілігімен көңілге қонатынын көрсетті. Ұлттық кеңес мемлекеттің назарын осы саладағы маңызды мәселелерге аударуға мүмкіндік береді. Оны өз мақсатымызға пайдалана аламыз ба, жоқ па, ол тек бізге байланысты болып отыр.
Бірақ мәдениет саласында қызмет ететін мен, түйіні тарқатылмаған, күрмеуі қиын мәселелердің шешімі тұрғын үй, жалақы немесе баға саясаты секілді әлеуметтік салалардың ғана шеңберінде тұйықталып қалмағанын қалаймын. Біз өскелең ұрпақтың тәрбиесіндегі түйткілдерді, білім мен мәдениеттің өзара байланысын қамтамасыз етуді, халықтың жалпы мәдениетін қалыптастырып, көтеруді талқылауды да ұмытпауымыз керек. Әзірге қоғамдағы азаматтарымыздың дені: «Мен азатпын, еркінмін, ендеше өзімді қалай ұстағым келсе, солай ұстаймын, не істегім келеді, соны істеймін, ешкіммен де санасуға міндетті емеспін» деген жүгенсіздікке жетелейтін жағымсыз қағиданы ұстаным етіп алған. Бұл жағдайда Президенттің жастарға қарай мойын бұрып, олардың саяси көзқарасы мен ұнамсыз ұстанымдарға қарай бөлінуіне жол бермейтініне уәде еткені көңілдегі көп күдікті сылып тастағандай болды.
Мәдениет қайраткерлерін айрықша қуантқан тағы бір мәселе туралы айтпай кеткенім болмас: Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жастарды тәрбиелеудің өзіндік құралы іспетті мән беріп қарап отыр. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарламаның бағыттары көп және бүгінгі мәдени жетістіктеріміз бен оның халықаралық мойындалуының қондырғысы болып отырған мәдени мұраны ұлттың тірі байлығы етіп көрсететін мақсатқа ие. Жастар өзінің тамыры мен тарихы үшін мақтануы керек. Себебі біз жасампаз идеялар мен қуатты нақ сол бастау-бұлақтардан аламыз.
Өз таңдауымызбен қол жеткізген бүгінгі тарихи оқиға бүкіл қазақстандықтарды одан әрі біріктіргендей болып отыр. Біз барлық жерде ұлықтау салтанатын, Президенттің Үндеуін талқылап, еліміз үшін, саяси мәдениеттің биік деңгейі мен бостан жылдарда бойымызға сіңген азаматтық жауапкершілік үшін мақтанатынымызды бір адамдай сезіндік. Міндет белгіленді, енді тек мақсатқа жұмылып, алға басу ғана бізді межеге жеткізеді.
Надежда ГОРОБЕЦ,
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері