Жас ғалымдар қатысқан дөңгелек үстел жұмысында институт директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов Қазақстандық бірегейліктің негізгі белгілері халықтық дәстүр, ұлттық тәрбие, дін тазалығы, ата-баба дініне деген құрмет, ұлт мәдениетіндегі әлеуметтік өрісіне қатысты мәселелер, қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтардың тегістей сақталуы, жастардың жан-жақты білімді болуы, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасы секілді мәселелерді ортаға салды.
Ал институттың бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Изотов «Жоғары білім мен ғылымның интеграциясы туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев идеяларының рөлі: әлемдік тәжірибе және Қазақстан» баяндамасында жоғары білім кеңістігіндегі, сондай-ақ отандық ғылымды дамыту мәселелеріндегі Елбасының рөліне тоқталып, бірқатар шетел тәжірибелеріне тоқталып өтті.
Ал Елбасының ғылым мен білім, сондай-ақ діни бірегейлікті қалыптастырудағы еңбектері туралы институттың Дінтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, PhD доктор Алмасбек Шағырбай «Қазақстан қоғамындағы дін саласын үйлесімдендірудегі Елбасының рөлі» тақырыбына қатысты баяндамасында «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» «Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек», – деп атап өткен.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу турасындағы идеясын дүниежүзіндегі жетекші дінбасылары бірауыздан қолдағанын білеміз. Дүниежүзі Ислам Лигасының Бас хатшысы Абдалла Бин Әбділ Мухсин шейх Ат-Турки, Орыс Православ шіркеуінің Патриархы Алексей ІІ, Рим Папасы Иоанн Павел II және Израильдің Бас раввині Иона Мецгер Қазақстан Президентінің бұл бағыттағы бастамасына айрықша қолдау көрсетуінен дүниежүзі дінаралық диалогқа қаншалықты сусап отырғанын байқадық. Әлемдік дінбасылар Нұрсұлтан Назарбаевтың тыңнан түрен салған игі бастамасы дүниежүзіндегі бейбітшілікті нығайтып, қоғамдық келісімнің салтанат құруына әсер ететін фактор деп сенім білдірді» дей келе бірқатар статистикалық мәліметтерді ортаға салды.
Ал институттың Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, докторант PhD Гүлнар Нүсіпова «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының маңызы» баяндамасында қазіргі тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалыптастыруда халқымыздың өткен жолына, басынан кешкен тарихи-әлеуметтік жағдайларына мән беру, тілімізге, дәстүрімізге, дінімізге, ұлттық мәдениетімізге қатысты мәселелердің уақытылы өз шешімін табу барысында Қазақстанның Бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі зор деп атап қтті. - 2014 жылдың басында Елбасы болашаққа нық қадам басуда, тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатқан Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап отырған мұрагері екендігін ресми дәйектей отырып, ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялауының өзі тарихи тамырларына қайта оралу» деп атап көрсетті.
Институттың ғылыми қызметкері, PhD докторант Назкен Абдыкаимова «Қазақстан Республикасының білім беру саясаты қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудың факторы ретінде» тақырыбына арналған баяндамасында отандық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Дөңгелек үстелде ғалымдар қауымының және осы саланы зерттеп жүрген мамандар еліміздегі тұрақтылық, қоғамдық келісімнің қалыптасуы, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті одан әрі нығайту, Қазақстанның әлемнің дамыған озық елдері қатарына табысты қосылуы үшін болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру тұжырымдамасын іске асырудың жолдарына қатысты тұщымды пікірлерін ортаға салды.
АЛМАТЫ