Отырысты ашқан Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу салтанатты рәсімінде қойған міндеттемелерге баса назар аударды.
Алқалы жиында Президент белгілеген 10 маңызды бағыттардың қатарына кіретін – жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасылық құндылықтарды ілгерілету мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда еліміздегі 14-тен 28 жасқа дейінгі жастардың жалпы саны 3,9 миллионнан асады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар практикасы» бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Осы басқосуда айтылғандай, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында 2018 жылы 253 мыңнан астам жас азаматты жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік жасалғанын атап өту керек, бұл осы бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 37%-ын құрайды. Сол сияқты«Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 8,5 мың жас оқытылып, олардың 2 мыңнан астамы шағын несие алды. Кәсібі бойынша алғашқы тәжірибе алу үшін 28,4 мыңнан астам адам жастар практикасына жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жастар арасынан 34,8 мың адам тартылды. Жастарды қолдау бойынша «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы басталды, онымен 1 млн жас үш жыл ішінде қамтылмақ.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» басымдықтары рухани-адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртуға бағытталған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында биыл 607 миллион теңге бөлініп, 167 әлеуметтік маңызы бар жоба қолға алынуы тиіс.
Жастар тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, жазғы каникул кезінде оқушылардың республикалық музейлерге, табиғат қорығы-музейлеріне және театрларға тегін кіру практикасы енгізілді. Балалар мен жастарды шығармашылық және креативті жобаларға белсенді тарту үшін өңірлерде 208 коворкинг-орталық құрылған, олардың көбі Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында орналасқан.
Отырыста сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Маңғыстау облысында орындалу барысы қаралды. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында өңірде іске асырылып отырған «Бизнес 3 күнде» жобасының оң тәжірибесі аталды. Бұл жобаны қолға алудағы басты міндет – аз кірістері бар отбасыларға өз ісін ашуға көмек көрсету. Биылғы наурыздан бастап жобаға 120-дан астам адам қатысуда. Осы қатарда 37 көп балалы отбасы, көп балалы жалғызбасты 2 әке, 7 жалғызбасты ана және мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын 13 адам өз бизнесін ашты. Нәтижесінде 37 тігін цехы, 11 қолөнер және 4 тоқыма шеберханасы, 21 тағам өндіретін нысан, 25 кондитерлік, 12 сүт тағамдары мен сусындар өндіретін мини цех, 2 қызмет көрсететін бизнес ашылды.
Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық комиссия төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.